https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ЦИФРЛЫҚ ҚОҒАМДАҒЫ ИМАМНЫҢ РӨЛІ

06 May 2021 0 comment Оқылды: 295 рет

Қазіргі уақытта цифрлік технологиялардың жылдан-жылға дамуына байланысты, цифрлік қоғам да белсенділігін арттырып, бір орында тұрған жоқ. Осы орайда еліміздегі мешіттерде қызмет етіп жүрген имамдар аудиториясының ауқымы мешіт жамағатынан бастап, ғаламтордағы сайттар мен әлеуметтік желілерге дейін едәуір кеңейді. Сонымен қатар ғаламтордағы имамдардың қызметіне аудитория тарапынан талаптар күшейіп, сұраныс артып келеді.

Имамның ғаламтор кеңістігіндегі өткені мен бүгінгі атқарып жүрген жұмыстарын қарастыру арқылы қоғамдағы ролін анықтауды жөн санадық. Біріншіден, имамдардың ғаламтор арқылы атқаратын діни рәсімдерге назар аударайық. Былтырғы 2020 жылы пандемия басталған кезде Құрбан айт уақытында мұсылман жамағатының біраз бөлігі басқа азаматтармен қатар карантиндік шектеумен үйлерінде болуға мәжбүр болды. Алайда карантин талаптары мұсылмандардың Құрбан айт кезіндегі құрбан шалу діни рәсіміне түбегейлі шектеу қойды деп айтуға келмейді. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (бұдан әрі ҚМДБ) тарапынан құрбан шалуға арналған онлайн түрде тапсырыс қабылдайтын арнайы сайт ашылып, WhatsApp ұялы қосымшасынан Call-орталық іске қосылған болатын.

Имамдар Құрбан айттың үш күнінде қаладағы қасапхананың бірінде шапан, тақияларын киіп, сайт арқылы құрбандыққа тапсырып берген азаматтардың құрбандықтарына бісмілләсын айтып, Құран оқып, баталарын берді. Осы атқарған рәсімдерін фото және видеоға түсіріп, тапсырыс берушілерге WhatsApp арқылы жолдаған еді. Құрбандыққа онлайн тапсырыс қабылдап, құрбандыққа оқылған Құранды видеоға түсіріп, телефондарына жолдау – имамдардың жұмыстарында алғашқы тәжірибе деп айтуға болады. ҚМДБ-ның қабылдаған «Имамның тұлғалық келбеті» атты концептуалды құжатында көрсетілгендей, «имам-молдалардың тек діни біліммен    шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты біліммен қарулануы – уақыт  талабы» делінген.

Имамдардың ғаламтор арқылы атқаратын діни рәсімдердің қатарында шәкірттерге арналған онлайн форматта діни сауат ашу курстарын өткізуді атап өтсек болады. Пандемияға дейінгі кезде имамдар мешіт-медреселерде шәкірттерге көзбе-көз дәріс өткізіп, діни сауат беретін еді. Ал қазіргі уақытта «Zoom», «Instagram», «Telegram»  ұялы қосымшалары арқылы оқимын деп ниет білдірген ер және әйел адамдарға онлайн дәрістер берілуде.

Ислам дінінде Рамазан айында ораза тұту – әрбір мұсылман ер және әйел азаматтарға парыз. Ал ауызашар – ораза ұстаған адамның күн батқаннан кейін  тамақтануын білдіреді. Ауыз бекіткен адамның аузын аштыру сауабы мол амал. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ораза ұстаушының аузын аштырса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады», – деген. Рамазан айында ораза ұстаған адамдарды ауызашарға шақыру қазақ халқында дәстүрге айналған үрдіс. Бұған имам-молда қызметкерлері өз деңгейінде атсалысады. Осыған байланысты соңғы 1-2 жылда пандемия шектеулеріне байланысты ауызашарға қатысты дін қызметкерлері тарапынан жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстары ғаламтор жүйесіндегі форматқа бейімделіп, цифрлік қоғамның сұраныстарын қамтамасыз ете ала білді деуге болады.

Қари-имамдар әр Рамазан айында тарауық намазында мешітте жамағатпен бірге Құранды бір рет хатым етіп шығатын еді. 2020 жылы басталған пандемия имамдардың Рамазан айында орындайтын бұл діни рәсімдеріне өзгеріс енгізді. Қари-имамдар мұсылман қоғамының сұранысына қарай, Құран хатымды әлеуметтік желілер арқылы онлайн форматта жүргізетін болды.

Имамдардың ғаламтор арқылы атқаратын діни рәсімдері қатарында мұсылман жамағатына онлайн, офлайн форматта аудио-видео уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуі де бар. Уағыз – имамдардың Ислам дінінде келген үкімдер мен  құндылықтарды  айтып,  адамдарды  дінге,  бірлік  пен ынтымаққа,  қоғамның  тұрақтылығына  шақыру  мақсатында айтылатын насихат сөздері. Имамдар жамағаттың жағдайына, сұранысына қарай уағызды белгілі бір тақырыпта жүргізеді. Соңғы жылдары ғаламтордағы имамдардың аудио-видео уағыз өнімдерінің саны мен сапасы артқандығы байқалады. Бұл дегеніміз – цифрлік қоғамдағы имамның қызметіне деген сұраныс артқанының көрсеткіші.

WhatsApp ұялы қосымшасынан жекелеген азаматтардың түйіткілді сұрақтарына жауап айтып, пәтуа беріп отыратын тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін «33-30-30 Call-орталығы» іске қосылу арқылы қоғамдағы діндар азаматтарға жеңілдіктер жасалғанын байқауға болады. Бұл енгізілген жаңалық өз кезегінде, кез-келген Ислам дінін ұстанушы азаматтың ғаламтор арқылы имамның көмегіне жүгініп, түсінбеген мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап ала алатын мүмкіндігіне ие болды дегенді білдіреді.

«Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн-форумында «Зияткер имам» тұжырымдамасы бекітілген болатын. Бұл концептуалды құжат республика бойынша мешіттерде қызмет ететін имамдар арасынан білімі мен біліктілігіне, іскерлігі мен жауапкершілігіне сәйкес жоғары санатқа іріктеу үшін дін қызметкерлеріне қойылатын бірқатар талаптар мен ережелерді қамтиды. Сонымен қатар аталған тұжырымдаманың мән-мағынасы мешіттерде қызмет жасайтын имамдардың жасампаз, діни мәселелерді үйлестіруді шебер меңгерген білімді, білікті, үлгілі, іскер, діни ағартушы, цифрлендірілген заманның талабына сай маман болуын мақсат етеді.

Имамдық қызмет үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондай-ақ қазіргі қоғамымыздағы, соның ішінде ғаламтор кеңістігіндегі діни ахуал жағдайында ішкі тұрақтылықты және рухани тұтастықты сақтауда имамның рөлі айрықша. Өйткені бұрыс бағыттағы біреудің жетегінде жүрген  азаматтарды дұрыс арнасына бағыттау, ақ пен қараны, адал мен арамды ажыратып беру – имамдардың да жауапкершілігінде.

Берікбол МЕРГЕНБАЙҰЛЫ,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз