Ихсан сөзі араб тілінде «Ахсана» етістігінен туындайды, мағынасы амалды көркем түрде орындау, жақсылық жасау деген сөз. Яғни шариғат талаптарын көркем түрде орындауды айтамыз. Мұсылман өзін Алланың көріп те, естіп те тұрғанын біледі. Сондықтан Аллаға ұнамайтын нәрселерді істемейді. Егер момын Исламның тірегі болған 5 парызына, иманның 6 негізіне амал етуді тек қана бір Алланың разылығы үшін деп жасамаса, бәрі де бос әурешілік болып қалады.
Сахаба хазреті Омар (р.а) осы ихсан ұғымына қатысты мынадай бір оқиғаны риуаят етеді: «Бірде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жанында отырғанымызда күтпеген жерден қасымызға бойында жолаушының белгісі жоқ және біздің ешбіріміз танымайтын қара шашты, аппақ киімді кісі келді. Ол Пайғамбардың (с.ғ.с.) қарсы алдына тізесіне тізесін тигізіп отырды да, қолын санына қойып: «Уа, Мұхаммед, маған Ислам жайлы айтып берші», – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деді: «ИСЛАМ дегеніміз – Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкімнің және ештеңенің жоқ екеніне және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік келтіруің, намаз оқуың, дүниеңнен парыз етілген зекет беруің, Рамазан айында ораза ұстауың және шамаң жетсе, қажылық жасауың». Ол: «Дұрыс айтасың», – деді. Біз оның Пайғамбарға (с.ғ.с.) әрі сұрақ қойып, әрі оның айтқандарының дұрыстығын растап отырғанына таңғалдық. Содан соң ол: «Маған Иман жөнінде айтшы», – деп тіл қатты. Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деп жауап берді: «ИМАН дегеніміз – Аллаға, Оның Періштелеріне, түсірген Кітаптарына, Оның Елшілеріне, Ақырет күніне және жақсылық пен жамандықтың тағдырдан екеніне иман келтіруің». Әлгі адам тағы да: «Дұрыс айтасың», – деді де: «Маған ихсан туралы баяндап берші», – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «ИХСАН дегеніміз – Алла көріп тұрғандай құлшылық жасауың, сен Оны көрмесең де, шын мәнінде, Ол сені көріп тұр», – деп жауап қайтарды. Содан соң: «Енді маған Қияметтің қашан болатынынан хабар берші», – деді. Оған Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай жауап берді: «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді». «Ендеше, маған Қияметтің белгілерін айтшы», – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ақырет жақындағанда күң өз қожайынын дүниеге әкеледі және жалаң аяқ, үстінде киімі жоқ, қой баққан кедейлердің биік үй салып жарысқандарын көресің», – деді. Сосын әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз уақыт кідіре тұрғаннан кейін Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Омар, әлгі сұрақ қойған кісінің кім екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», – дедім. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Расында, ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келген Жабірайіл періште», – деді».
Алла көріп тұр деген шынайы сезімде өмір сүру үшін Алладан шынайы қорқыныш қажет, жүректе тақуалық болуы тиіс.
Алла Тағала Құранда: «Алла саған көркем жақсылық еткеніндей сен де көркем түрде жақсылық істе» (Қасас сүресі, 77-аят)
Ихсанды - Құлшылығымызда, Ата-анамызбен қарым-қатынаста, Қоғамда, жақсы сөз сөйлеуімізбен тіпті жануарларға жақсылық істеу арқылы да орындай аламыз.
Құлшылықтағы ихсан дегеніміз бұл әр амалды аса ықтияттылықпен ұқыптылықпен атқарып, рияшылдықтан сақтанып орындау.
Ата-анамен жақсы қарым қатынаста болуды Раббымыз бізге бұйырады. Ол жайында Исра сүресінде: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге ең көркем түрде жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, Оларға «Туһ» деме. Сондай-ақ ол екеуіне зекіме әрі сыпайы сөз сөйле.Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Олар мені кішкентайда тәрбиелегендей, Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!»-де» деу арқылы ата-анамызбен арадағы қарым қатынаста тек жақсылық жасауды бұйырады.
Қоғамдағы ихсан Асыл дінімізде адам баласының көркем түрде қарым қатынас жасауға бұйырылған адамдардың бірі ол көрші. Ол жөнінде Алла елшісі (с.ғ.у) : «Кімде-кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірген болса,көршісіне көркем түрде жақсылық істесін» деген.
Міскіндер мен жетімдерге қатысты ихсанға: Оларға барынша жәрдемдесіп, қиянат жасалуына жол бермеу, Олардың хақыларына қол сұқпау сынды амалдар жатады.
Жамандық жасаушыға жақсылықпен қайтару кез келген адамның қолынан келе беретін іс емес, алайда шынайы иман еткен адам үлкен сауаптан үміт ете отырып жамандық істеген адамға жақсы амалмен жауап қайтарады. Құранда бұл жөнінде Фуссиләт сүресінде:
«Жамандыққа ең көркем түрдегі жақсылықпен жауап қат. Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» деп бұйырады.
Жануарларға қатысты ихсанда: оларға зұлымдық істемей жақсы тұрғыда қатынаста болу, азаптамау залымдық танытпау мейірімділік көрсетуді асыл дінімізде бізге бұйырылған. Сойылатын малды қинамай, өткір пышақпен сою, көзінше пышақ қайрамау сынды әрекетпен жақсылық таныта аламыз!
Расында Алла адамның істерінен ғана емес, ойларынан, сезімдерінен де хабардар. Алла, тіпті, құмырсқалардың да аяқ дыбысын естиді, көзге көрінбейтін ең әлсіз тіршілік иелерін де көреді.
Ихсан ілімінің адам баласына беретін пайдасы зор. Кімнің жүрегінде осы ихсан сенімі орнықса, адам баласы дүние және ақыретте үлкен жетістікке қол жеткізбек.
Қорыта келсек, ихсан – әрбір амалымызды Алла көріп тұр деп ғибадат жасауға ұмтылу деген сөз.
Раббымыз баршамыздың жүрегімізге ихсан сенімінің нық орнығып, Алланың алдында абыройлы, таза, сүйген құлдарынан болуымызды нәсіп етсін.
Көксу аудандық «Балпық би» мешітінің
бас имамы ЕРІМБЕТ Е.