Ықылас – жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің түзулігін көрсететін айна. Құлшылықта Аллаһқа ортақ қоспай, ешқандай ішкі есепсіз тек қана Аллаһ разылығын көздеп, жауапкершілігі мен міндеттерін тек қана Жаппар Жаратушының бұйырғандығы үшін орындау. Осы шынайылық – саф құлдардың ең маңызды қасиеттерінің бірі.
Жаратушы Алла Құран кәрімде «Хижр» сүресі, 39,40,41,42-аяттар.
قَالَ رَبِّ بِمَٓا اَغْوَيْتَن۪ي لَاُزَيِّنَنَّ لَهُمْ فِي الْاَرْضِ وَلَاُغْوِيَنَّهُمْ اَجْمَع۪ينَۙ اِلَّا عِبَادَكَ مِنْهُمُ الْمُخْلَص۪ينَ قَالَ هٰذَا صِرَاطٌ عَلَيَّ مُسْتَق۪يمٌ اِنَّ عِبَاد۪ي لَيْسَ لَكَ عَلَيْهِمْ سُلْطَانٌ اِلَّا مَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْغَاو۪ينَ
«Ібіліс шайтан: «Уа, Раббым! Адастырғаның (сынап сүріндіргенің) үшін (ант етемін), олар үшін жер бетіндегі (қу дүние мен күнә атаулыны) көздің жауын алатындай етіп безендіріп қоямын, сөйтіп олардың барлығын азғырып, тура жолдан тайдырамын. Алайда ықыласты құлдарыңның жөні басқа (мен оларды тура жолдан тайдыра алмаймын) – деді. Сонда Алла: «Міне, (ықыласқа, толық мойынсұнушылыққа негізделген) осынау жол – Өзім кепіл болған тура жол. Менің (ықыласты) құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді. Сенің ықпалың тек өзіңе ерген адасқан азғындарға ғана жүретін болады», – деп айтты.
Ықылас – жүректің ісі. Аллаһ тағала адамның жүрегіне қарап, амалына сауап жазады. Пайғамбарымыз ﷺ айтқандай «Алла сыртқы кескін-келбет, дене-пішініңізге емес, жүректеріңізге қарайды». Ықыласты құлдарды шайтан оңайшылықпен құрығына түсіре алмайды. Себебі оларды Алла өзі қорғауына алып, жаңылыс қадам басуына жол бермейді. Бір құдси хадисте айтылғандай, Алла Тағала ықыласты құлының «көретін көзі, еститін құлағы, жетектейтін қолы, жүретін аяғына айналады».
Аз амал болсада шынайы ықыласпен жасалған амалды Жаратушы қабыл еткендігі жайлы Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген хадисте баяндалады. Пайғамбарымыз ﷺ ертеректе жолаушылап шыққан үш кісінің уақиғасын баяндайды. Әлгі үш жолаушы түнейтін жер таппаған соң бір үңгірге кіріп, демалып жатқанда таудан үлкен тас түсіп, үңгірдің аузы жабылып қалады. Сонда олар өздерінің жалғыз Алланың разылығы үшін жасаған амалдарын айтып, Аллаға жалбарынғанда үңгірдің тас құлаған аузы ашылып құтылады.
Сонда үш жолаушының бірі: «Уа, Алла Тағала! Менің жасы келген кәрі әке-шешем бар еді. Таң атысымен ата-анамның жағдайын жасамай тұрып, бала-шағама көңіл аудармайтынмын. Бірақ бір күні шаруамен жүріп үйге келсем, астарын ішпей ұйықтап қалған екен. Мен әдеттегідей екеуіне сүт сауып дайындадым. Екеуінің шырт ұйқыда жатқанын көріп, олардан бұрын бала-шағамды тамақтандыруды дұрыс көрмедім. Сөйтім таң атқанша олардың оянғанын күтіп, таң атқанда олардың сүттерін бердім. Я, Алла! Мен сол істі тек қана Сенің разылығың үшін шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас кішкене ғана орнынан қозғалды.
Екіншісі: «Уа, Алла! Менің қолымда туысымның қызы тұрды. Мен оны қатты ұнатқандықтан маған жаман ой келді. Бірақ мен ойымды іске асыра алмадым, ол қашып кетті. Арадан көп жылдар өткен соң ашаршылық заман болды. Сонда әлгі қыз күн көре алмай маған келді. Менің ақша беріп, оңаша қал деген ұсынысымды қабыл алды. Мен енді ғана жақындай бергенімде, ол: «Мен саған арымды арам жолмен таптауға ризалығымды бермеймін», – деп қарсылық білдірді. Оның осы сөзінен кейін мен оған қатты ынтық болып тұрсамда арам ісімнен бас тарттым. Оған берген алтынымды да кері алмадым. Уа, Алла! Егер мен сол істі Сенің разылығың үшін ғана шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас тағы да орнынан аз ғана қозғалып ашыла бастады.
Үшіншісі: «Уа, Алла! Мен бір жылдары жалшы жалдап, жұмыс істеткен едім. Барлығына өз еңбектерін төледім. Бірақ біреуі өз еңбегін алмай кетіп қалған болатын. Сөйтіп жылдар өткен сайын сақтап қойған оның сыбағасы өсе берді. Арадан жылдар өткен соң маған келіп: «Менің жалақымды берсеңіз», – деп сұрады. Мен оған: «Мынау көріп тұрған түйе, сыйыр, қой – бәрі сенің жалақыңнан көбейген малың. Бәрі сенікі, тіпті малдарды бағып жүрген қызметшілер де сенікі», – дедім. Сонда ол: «Мені мазақ қылып тұрсыз ба?», – деп сенімсіздік білдірді. «Жоқ мен сені мазақ қылып тұрғаным жоқ», – дедім де бар мал-мүлкін алдына салып бердім. Уа, Алла! Мен сол істі Сен үшін, шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас түгелдей ашылып, олар үңгірден шықты».
Міне, бұл қиссадан ұғарымыз адам баласының кез келген ісі шын ықыласпен, риясыз көңілден Алла Тағаланың разылығы үшін орындалатын болса, тіпті бұл дүниенің өзінде таршылықтан, қиыншылықтан құтылуға септігі тиеді.
Пайғамбарымыз ﷺ рияшылдыққа байланысты «Үмбетім үшін ең қорыққан нәрсем – Аллаға серік қосу. Бұл үмбетімнің қайтадан күнге, айға немесе пұттарға табынады деген сөз емес. Алайда, менің қорқатыным олар амалдарында рияшылдық жасайды»– деп айтты», – деген.
Рияшылдықтан құтылудың бір жолы – ихсан тұғырын иелену. Яғни, Алла Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық ету. Біз Алланы көре алмағанымызбен, сәт сайын мүлтіксіз Алланың назарында тұрғанымызды естен шығармауымыз керек. Сол кезде ғана рияшылдықтың шырмауынан құтыламыз.
Жүрегі ықыласқа толы адам ешкімнен мақтау, марапаттау күтпейді. Істеген ісі үшін атақ, абырой, даңққа кенелуді ойламайды. Істі алғаш бастаған кезде қандай шынайы болса, үлкен жетістікке жеткен кезде де сол шынайылығынан айрылмайды. Ол үшін ең бастысы – істеген амалдарын Алланың қабыл алуы.
Жаратушы Алла бір адамның істеген ісіне ғана қарап баға беруден бұрын, оның қандай ниетпен жасағанын біледі. Ал адам баласы іс-әрекетке қарап қана бағалай алады. Әрбір ісіміз құмға сіңген судай пайдасы мен нәтижесін көріп, жемісін жей алмасақ, бар еңбегіміз зая болып, ақыреттің күнінде өкініште қалар қауіп бар. Бір амалды жасар алдын, оны не үшін, кім үшін жасайытынымызға көңіл бөлуіміз керек. Ниетіміз Алланың разылығы үшін болса, оның қайырымын бұл дүниеде ғана емес, ақыретімізде де көруге үміттенеміз. Пайғамбарымыз ﷺ: «Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді» деген.
Уа, Жаратқан! Біздерді де ықыласты құлдарыңның қатарынан айырма. Әрбір амалымызды шынайы ықыласпен орындап, тағат-ғибадаттарымыздың, дұға-тілектеріміздің қабыл болуын нәсіп ет. Әмин!
Ақсу аудандық мешіті.