Көркем мінез- адам баласын рухани байытып, ел арасында дәрежесін арттыратын ұлы қасиет. Көрем мінезге имандылық, кішіпейілділік, сабырлылық, мейірімділік, қонақжайлық, адалдық, үлкен-кішіге құрмет, ізет көрсету тағы да басқа жақсы қасиеттер жатады. Адам бойындағы бұл қасиет ата-анадан, имандылықтан, жақсы тәрбиеден, ортадан пайда болады. Қазақ халқының көптеген салт-дәстүрі мен мақал-мәтелдері көркем мінезділік пен береке-бірлікке бастайды.
Құран Кәрім – ислами ахлақ нормаларының негізгі қайнар көзі. Әлемдердің Жаратушысы ұлы Алла, адамдарды құранның көптеген аяттарында мұсылмандарды көркем мінезге шақырып, жамандықтан сақ болуға шақырады. Әуелі пайғамбарды адам баласының мінезін көркемдестіру үшін жіберген. Ол турасында Мұхаммед пайғамбар (сас) өзінің бір мүбарак хадисінде: «Расында мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім»,- дейді. (Бухари риуаят еткен)
Алла Тағала құранда Пайғамбарымызға: «Шын мәнінде сен ұлы мінезге иесің»,-деп ардақты елшісінің мінезінің ерекше көркем болғандығын айтады. Адамзат бойында қандай жақсы қасиеттер бар болса, соның бәрі пайғамбарымыздың бойынан табылатын еді. Ол жайында құранда:
«Расында сендер үшін, Алланы, ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алғандар үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар»,- дейді. (Нахыл сүресі 90-аят)
Адамдардың саған қандай қарым-қатынаста болғанын қаласаң, сен де оларға дәл сондай қарым-қатынас жаса деген ұлағатты сөз бар. Мінезі жайсаң адамды барлығы жақсы көретіні белгілі, ал тәкәппар, менменшіл адамды ешкім жақтырмайтыны хақ. Сондықтан да адамның жақсы не жаман болуы өзінен. Бір кісі пайғамбарымызға сас келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда: «Ол – көркем мінез» деп жауап қатқан. Сонымен қатар тағы бір хадисте: «Қияметте таразыны ауыр басатын бір ғана амал Алладан қорқу мен көркем мінез», дейді. Ал қасиетті құранда Алла Тағала көркем мінез иелері жайлы былайша баяндайды: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында сарып қылғандар. Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді. Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқануын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды? Олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды». ( Әли Имран сүресі 134-135 аяттар)
Мінезі нашар адамның құлшылығына да нұқсан келетіні жайлы Пайғамбарымыздың келесі хадисі дәлел бола алады.
Бірде бір сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Түгенше деген әйел күндіз ораза ұстайды, түнде намаз оқиды. Бірақ оның мінез-құлқы жаман, көршілерін тілімен ренжітеді» дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оның бұл істерінде қайыр жоқ. Ол әйел тозақ иелерінен» деп жауап береді. Ислам – әдептілік және жақсы мінездің діні. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың» деп тіпті иманды да мінезбен және адамдарға пайдалы болумен өлшеген. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез-құлқы ең жақсы болғандарың» деп бұйырды.
Кейбіреулер менің туа біткен мінезім бар, жаратылысым сондай, адамның мінезін өзгерту мүмкін емес деп жатады. Ол әсте дұрыс пікір емес. Адам өзгеремін десе, жақсы мінез иесі болсам деп армандап әрі оған әрекет етсе, ол оның қолынан келеді. Алла қасиетті құранда: «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» дейді. Хәкім Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер» едім деген екен. Аң екеш далада жүрген жабайы аң да қолға үйренеді. Ту асау да жуаситыны сияқты адам да өзінің нәпсісімен ұдайы күресіп, жағымсыз мінезінен арылып, бойында көркем мінез қалыптастыра алады. Ол үшін бір Аллаға шынайы иман келтіру, Алладан қорқу, пайғамбарымыздың өмірінен үлгі алу, білім алу, нәпсімен күресу, сабырлы болу, көркем мінезді адамдармен араласу сынды амалдар адам бойында жақсы мінез қалыптастырады.
Қорыта айтсақ, көркем мінезділік – екі дүниеде де бақытқа бастайтын ізгі жол. Адам баласы өз өмірінің жақсы не жаман болуының себебі өзінің мінез-құлқына, өмір сүру қағидасына байланысты екенін естен шығармаса екен.
Қашан да Алла көрсеткен жолмен жүру – адамды бақытты етеді.
Алакөл ауданының бас имамы
Әнет Омарханұлы