Алла Тағалаға шексіз мақтаулар болғай және Пайғамбарымызға салауаттар мен сәлемдер болсын. Қазір Аллаға шүкір дін әмірлерін орындайтын мұсылмандардың саны өсіп келеді. Әркім Алла алдындағы парыздарын орындап, Аллаға сүйікті құл, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болуға тырысып бағып жатыр. Десекте, Алла Тағаланың берген адамдық нығметті аттап өтіп, қарым-қатынас ұғымын, сыйластық пен бауырмалдылықты жоғалтып бара жатқандарда табылады. Бүгінгі уағызымызда дініміздегі мұсылманның мұсылман бауыры алдындағы міндеттері жайлы баяндаймыз.
Адамдарды бір-біріне бауыр қылатын көптеген себептер бар. Осының ең үлкені – сенім арқылы бауырластық. Және бұл бауырластық тек Ислам діні арқылы жүзеге аспақ.
Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 10-шы аятында:
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ
«Шын мәнінде, мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», – деген болатын.
Ал, «Хижр» сүресінің 88 аятында; Мұсылманның міндеттерінің бірі – ол бауырына мейірімді болу жайында: «Мүміндерге өте мейірлі, кішіпейіл бол» деп бұйырған.
Мұсылманның мұсылман алдындағы міндеттерінің бірі – жақсылықта жәрдемдесу, жамандықта қашық болу. Алла тағала Құран кәрімде:
وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ
«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» (Мәида сүресі, 2-аят)
Нұғман ибн Бәшир (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: «Аллаһ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір - біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – деп айтты» – делінген . Бүгінде әлемнің кейбір елдерінде мұсылмандар қысым көріп, қиыншылықта өмір сүруде. Тіпті, күнделікті тамағын таба алмай жатқан бауырларымыз қаншама. Оларға дұға етіп, Алладан көмек сұрауымыз, бауырларымыздың мұңына ортақтасқанымыз болып есептеледі.
Және бір хадисте;«Араларыңдағы қызғаныштың арта түсуіне жол бермеңдер. Затты өзінің шынайы бағасынан асырып сату үшін алдын-ала сатушымен келісіп, жұртқа өздеріңді сатып алатындай қылып көрсетіп, елді еліктірмеңдер. Бір-бірлеріңді жек көрмеңдер. Сондай-ақ, араздасып, бір-бірлеріңді енді көрместей болып теріс айналмаңдар. Біреудің саудасына килігіп, сауда келісімін бұзбаңдар. Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман – бауырына озбырлық жасамайды, оған мұрын шүйіре қарап, өзінен кем көрмейді. Сондай-ақ, қысылтаяң шақта жалғыз тастап кетпейді», – деген соң, кеудесін қолымен үш рет нұсқап: «Міне, тақуалық мына жерде. Мұсылман үшін мұсылман бауырын өзінен төмен санаудан асқан жамандық (жаман мінез) жоқ. Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға харам», – деп айтты»
Аллаһ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мұсылман бауырының алдында бес міндеті бар: «Сәлем бергеннің сәлемін алу, науқастың көңілін сұрау, жаназаға қатысу, шақырған жерден қалмай бару және түшкіргенге "йәрхамукаллаһу» (Аллаһ сені рақымына бөлесін) деп айту», – деген» – делінген. Осы хадисті Имам Муслим: «Аллаһ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мұсылман бауырының алдында алты міндеті бар: «Мұсылман бауырыңмен көріскенде сәлем бер; сыйлап шақырса, шақырған жерге бар; ақыл сұраса, қолыңнан келгенше ақылыңды айтып жөн сілте; түшкіргеннен кейін Аллаһқа мадақ айтса, «йәрхамукаллаһу» (Аллаһ сені рақымына бөлесін) деп айт; ауырып қалса, барып көңілін сұра; қайтыс болса, жаназасына қатыс», – деп айтты», – деп жеткізген.
Біздің бауырымыздың алдындағы міндетіміздің біріншісі көріскенде сәлем беру. Расында Ислам дініндегі сәлемдесу сонау Адамнан (оған Алланың сәлемі болсын) келе жатқан дәстүр болып саналады. Бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, Расулулла! Исламдағы ең жақсы амал қандай?» – деп сұрағанда: «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген. Сәлем ол мұсылмандар арасында өзара бір-біріне деген махаббатты, сүйіспеншілікті, өзара бір-біріне деген сенімділікті тудырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): айтады: «Сендер иман келтірмегенше жаннатқа кірмейсіңдер! Ал бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болып саналмайсыңдар. Сендерге сондай бір нәрсені айтайың ба, егер оны қылсаңдар бір-біріңді жақсы көрген болып саналасыңдар - ол өз араларында сәлемді жаю» – деген. Сәлем беру – сүннет, ал оған жауап қайтару – уәжіб. Өйткені, сәлемге жауап қайтармау оны кемсіткенмен тең. Біреуді кемсіту оған зиян беру дегені. Ал, шариғатымыз біреуге зиян беруден тыйған. Сәлем берілген уақытта мүмкіндігінше жақсырақ жауап қайтаруымыз да міндет екен. Құран Кәрімде: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар!»деген.
Сыйлап шақырса, шақырған жерге бар. Қазақ халқында «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» – деген мақалда баршылық. Дегенмен кейбір арақ сияқты арам қойылған жерлерге бармағаны ләзім.
Мұсылманның мұсылманға деген міндеттерімізден – түшкірген кезде «Әлхамдүлилла», яғни Аллаға мадақ десе, «Ярхамукум Алла» деп дұға айту. Жалпы «Түшкіру – Рахманнан, есінеу – шайтаннан» делінген. Ал түшкіргеннен кейін хамд айтпау екі нығметтен құр қалдырады: Біріншіден: Аллаға хамд айтпайды, екіншіден бауырының өзіне деген сыйлы дұғасынан мақрұм қалады. Түшкірген адамға айтылатын (يرحمك الله) «Ярхамукалла» Алла сені рахым қылсын деген дұға сөзге келер болсақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалармен отырған кезде Адам атаның жаратылысы туралы баяндап келіп былай деді: «Алла Тағала Адамға(оған Алланың сәлемі болсын) рухты үрлеген кезде Адам түшкірді де: «Әлемнің Раббысына мақтаулар болсын деп айтты. Сонда Алла Тағала: «Алла сені рахым етсін деді». Демек, Адамның (оған Алланың сәлемі болсын) ең алғаш істеген амалы түшкіру болса, Алланың адамға деген ең алғаш тілегі – Рахымы мен Мейрімділігі. Мұсылман мен мұсылман арасындағы мәмілесі дұғамен басталып дұғамен аяқталады. Себебі, «Алланың жанында дұғадан асқан құнды нәрсе жоқ».
Ақыл сұраса, қолыңнан келгенше ақылыңды айтып жөн сілте: Яғни сенен бір іс жөнінде ақыл-кеңес сұраса қолыңнан келгенше ақылыңды айтып жөн сілте. Егер ол іс тек жақсылық әкелетін болса оған оны барынша істетуге тырыс, ал егер жамандық алып келетін болса қолыңнан келгенше одан оны сақтандыр. Ал егер жақсылығы мен жамандығы тең болса оны оған баянда және жамандықтары мен жақсылықтарын таразыла. Өзіңе қандай ақыл-кеңес айтсаң өзгеге де соны қала. Және де мұсылмандарды алдаудан сақтан өйткені мұсылманды алдаған мұсылмандардан емес.
Біздің бауырымыздың алдындағы міндетіміздің тағы бірі – науқастанып қалған кезде зиярат етіп, жағдайын сұрап бару үлкен сауапты іс. Себебі, адам діндес бауырын жалғыз тастамауы керек. Аманшылықта да, қиыншылықта да жанынан табылу – әр мұсылманның бауыры алдындағы міндеті. Көңілін сұрап барған адамға зиярат әдебін сақтай отырып оған - сабырлы бол, Алла қаласа сенің күнәларыңды кешіреді -деп көңіл айтып, оған артынша Алла дертінен сауықтырсын деп дұға жасау керек. Аллаһ елшісі (оған Алланың сәлемі болсын) біреудің көңілін сұрай барғанда: «Ештеңе етпейді, (тағдырыңа налымай басыңа келген дертке сабыр сақтай білсең) Аллаһтың қалауымен осы дерт сені күнәларыңнан тазартады», – деп жұбататын еді.
,,, «Мен ауырып қалғанда көңілімді сұрап келмедің бе?» Сонда әлгі пенде: «Уа, Раббым! Сен әлемдердің Жаратушысы бола тұра мен сені қалай зиярат етемін?!» – деп айтқанда, Алла Тағала былай дейді екен: «Пәленше пенде ауырған кезде, сен оны зиярат еткеніңде, Мені соның қасынан табатын едің» Демек, науқастанып қалған адамды зиярат еткен болсақ, Алла Тағаланы да зиярат еткен болады екенбіз. Және зиярат етуімізбен шексіз сауаптарға кенелетініміз анық.
Хадисте келетін бауырымыздың алдындағы тағы бір міндетіміз – өмірден озған кезде жаназасына қатысып, артынан дұға жасап, шариғатқа сай жерлеу болып табылады. Бұл амал да дінімізде бауырымыз үшін жасалуы міндет болғанының себебі, діндес бауырымыз бұл өмірден өткесін амал дәптері жабылып, тек дұға есіктері ашық болады. Және ол адамға ешқандай жәрдем болмайтын қиямет күні бауырының дұғасы Алланың қалауымен шапағатшы болмақ. Бұл дүниеде ешқандай қиыншылықта тастамаған бауыры ақыретте де Алла Тағала қол үшын беріп, дұға арқылы жәрдем беруге мүмкіншілік берген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі», – деген.
Қадірлі бауырлар! Қорыта айтқанда мұсылманның мұсылман алдындағы негізгі міндеттеріне мыналар жатады: сәлем берсе – жауап беру, ауырып қалса – көңілін сұрау, түшкіргеннен кейін Аллаға мадақ айтса, «йәрхамукаллаһу» (Алла сені рақымына бөлесін) деп айту, қайтыс болса – жаназасына қатысу, қиналса – көмектесу, оның айыбын жасыру, сыртынан сөз етпеу, яғни ғайбаттамау, өзіне тілегенді бауырына да тілеу, оның жақсылықтарын қызғанбау, шақырса – бару, ақыл-кеңес сұраса – қолдан келгенше ақыл-кеңесіңді айту, сауапты әрі игі істерде өзара жарысу, имандылыққа шақырып, игі істерде өзара жәрдемдесу, аманатқа қиянат жасамау, мұсылманның құқығын құрметтеу, оларға жанашырлық танытып, бауырмалдықпен құшақ жаю, мұсылмандарға қол ұшын беру, мұқтаж жандарға сүйеніш болу т.б. Осы амалдарды ықыласпен орындаған адам айналасындағы мұсылмандар алдындағы міндетін орындаған болып есептеледі.
Алла Тағала дүние мұсылмандарына береке-бірлік, өзара бауырмашылығымызды арттырсың. Қиналған момын-мұсылмандарға жар болсын!
Алматы облысы, Ақсу аудандық мешіті.