Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Ихсан – «Ахсана» сөзінен шығатын «кез келген істі әдемі, көркем жасау» деген мағына білдіреді. Кейбір Ислам ғалымдары бұған көркем мінезді де қосып, Ихсан деп атаған.
Жалпы, Ихсан діндегі үш негіздің бірі (Ислам. Иман. Ихсан)1 саналады. Ислам адамның намаз, ораза, зекет, қажылық сынды малмен, денемен жасалатын құлшылығы. Ал, иман жүректегі Аллаға, оның елшісіне және расул жеткізген барлық үкімдерге деген сенім. Ихсанға келер болсақ, әрбір пенде өзінің ішкі жан дүниесін тазартып, мінез-құлқын түзеу жолында жұмыс жасау, көкіректі ішкі кірден тазарту жолдарын үйрететін, соның нәтижесінде адамның кемелдікке, әулиелікке қол жеткізуін Ихсан деп атайды.
Ұлы далада Ихсан ілімін сопылық жолы деп атаған. Көпшілік сопылықты ұстанған жанды «сопы» деп ұлықтап, құрметпен қараған. Қазақ ойшылдарының көпшілігі Ихсан ілімін жетік меңгеріп, дін ұстанудың өзіндік жолын қалыптастырған. Атап айтсақ, Х-шы ғасырдан бастау алатын сопылықтың жарқын тұлғасы Құл Қожа Ахмет Яссауи қалыптастырған шариғат мектебін тілге тиек етуге болады. Яссауи жазған бәйіттің (өлең) барлығы дерлік Ихсан ілімін сипаттап, Жаратқан Алла Тағаланы мадақтауға арналаған.
Сондай-ақ, ХІІІ ғасырда өмір сүрген Берке хан өз заманында Ихсанды ұстанғаны туралы дерек бар. Яғни, Ислам дінін қабылдап, мұсылман атанған Берке хан Бұхара қаласындағы белгілі сопы, Ихсан ілімін терең меңгерген Сайфеддин Бұхариден сабақ алып, дін үйренген. Одан бөлек, 18 ғасырда қазіргі Маңғыстау облысының аумағында өмір сүрген Бекет Мырзағұлұлы Ханафи мазһабын ұстанып, сопылық ілімді дәріптеген.
Ал, өткен ғасырдың бас кезіндегі ашаршылық басталар тұста дүниеден өткен ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сопылық ілімді өзіне серік еткені белгілі. Оның замандасы, қазақ ойшылы, хәкім Абай Құнанбайұлы да өлеңдері мен Қара сөздерінде сопылық жолды Жаратқан Аллаға махаббат деп түсіндірген. Мысалы:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті!» – деп жан дүниеге ихсан ілімін дарытудың маңызын ұғындырады.
Міне, Аллаға шүкір, қазіргі заманда елімізде діннің шарттары мен талаптары толық атқарылып, мұсылмандық қанатын кеңге жайып келеді. Ендігі жерде Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы көпшілікке кемел адам болудың тәсілін жан-жақтылы түсіндіріп, бабаларымыз жүріп өткен жолдың әркімнің көркем мінезді тұлғаға айналуына таптырмас негіз екендігін ұғындыруда. Сондықтан осы бағыттың жандануына атсалысып, бірге ізденіс жасау мен қажырлылық таныту әрбір мұсылманның азаматтық борышы болмақ.
Талдықорған өңірі, Ескелді аудандық мешітінің
бас имамы Мұхаммед Ордабай