https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Зілзала сүресі

10 Dec 2020 0 comment Оқылды: 2793 рет

 

Бұл сүре қияметтен бұрын жүзеге асатын қатты зілзала жайында хабар беріп басталғандықтан «Зілзала» яки «Зілзал» сүресі деп аталған. Сүренің түсу себебі Кәпірлер қиямет пен есеп-қисап күні жайлы үнемі мұсылмандарға сұрақ жаудыратын. «Қиямет күні қашан болады?»[Қиямет сүресі, 75/6], «Олар: Егер айтқандарың рас болса, осы уәде (етілген Қиямет күні) қашан? - дейді»[Мүлк сүресі, 67/25], «Бұл шешім қашан болады?»[Сәжде сүресі, 32/28], яғни бізге уәде еткен, Аллаһтың құлдарына үкім беретін қайта тірілу күні қашан болады? деген сияқты сұрақтар қоятын. Бұл сұрақтардың жауабын тек қана Аллаһ Тағала білетіндігін, әрі есеп-қисап пен қиямет күнін нақты белгілеудің мүмкін еместігін білулері мақсатында бұл сүреде тек қияметтің белгілері ғана баяндалған.

Сүреге кіріспе
Зілзала сүресі Мәдина қаласында түскен. Сегіз аяттан тұрады. Алайда, мән-мағына жағынан Меккеде түскен сүрелерге ұқсайды. Өйткені, бұл сүреде қиямет күні болатын қиындық пен адамның зәре-құтын қашыратын жағдайлар жайлы айтылады. Сондай-ақ, бұл сүре қияметтен бұрын жүзеге асатын қатты зілзала жайында да хабар береді. Айталық, бүкіл зәулім үйлер мен үлкен ғимараттар жермен-жексен болады. Жерге қазықтай қадалған таулар да күлге айналады. Адамзаттың бұрын-соңды куәсі болмаған қорқынышты әрі әдеттен тыс оқиғалар жүзеге асады. Мысалы, жердің қойнауында жатқан өлілер мен алтын-күміс сияқты бағалы қазыналардың сыртқа шығарылуы, әрбір адам баласына: «Сен пәлен күні былай істедің, ал түген күні былай жасадың» деп оның жер бетінде істеген істерін хабарлауы сияқты. Міне, осылардың барлығы сол қорқынышты күнде болатын таңғажайып нәрселердің қатарына жатады. Сонымен қатар бұл сүре, адамзаттың махшар алаңында жәннат пен тозаққа баратындықтарын, бақыттылар мен бақытсыздар болып екі топқа бөлінетіндігі жайлы да сөз қозғайды. Зілзала сүресінің қысқаша тәпсірі
1.إِذَا زُلْزِلَتِ الأَرْضُ زِلْزَالَهَا - «Жер қатты сілкіндіріліп қозғалған сәтте». Жер қатты сілкіндіріліп, қозғалтылып бетіндегілердің жүректеріне үрей салып, қорқыныштан жүректері діріл қаққан сәтте... Расында, Ұлы Аллаһ: يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُوا رَبَّكُمْ إِنَّ زَلْزَلَةَ السَّاعَةِ شَيْءٌ عَظِيمٌ - «Ей, адамдар! Раббыларыңа қарсы келуден қорқыңдар. Шындығында қияметтің (сағатының) зілзаласы үлкен оқиға»[Хаж сүресі, 22/1] -деп хабар берген. Тәпсіршілер былай дейді: Ұлы Аллаһ бұл оқиғаның қорқыныштылығын баяндау мақсатында, «Оның зілзаласы» деумен, зілзаланы жерге теліген. Былай айтылып тұрғандай: жер беті үлкендігіне қарамастан, өзіне тән сілкініспен сілкінген сәтте... Бұл қиямет орнап жатқанда болады. Жер тоқтаусыз сілкініспен бетіндегілерді сілкіндіреді. Осылайша жер бетіндегі таулар мен тастарды, ағаштарды, зәулім ғимараттар мен қорғандарды және т.б. барлық нәрселерді жермен-жексен етпейінше зілзала тоқтамайды.
2.وَأَخْرَجَتِ الأَرْضُ أَثْقَالَهَا - «Жер ішіндегі жүгін шығарған сәтте (қазыналар, өліктер)». Жер ішіндегі қазба-байлықтар мен өлілерді сыртқа шығарып тастаған сәтте... Ибн Аббас «Ішіндегі өлілерді шығарған сәтте...» деп түсіндіреді. Ал, Мунзир бин Саъид: «Қазба-байлықтар мен өлілерді сыртқа шығарған сәтте...» - деп тәпсірлейді.[Алуси, 30/209] Хадисте былайша баяндалады: «Жер алтын және күміс сияқты құнды дүниелерді сыртқа шығарып тастайды. Адам өлтірген кісі келіп: «Мен осы үшін адам өлтірдім», - деп айтады. Туыстық қарым-қатынасты үзген кісі келіп: «Мен осы үшін туыстық байланысты үздім», - дейді. Соңында ұры келіп: «Ал, менің қолым осы себепті кесілді», - деп айтады. Сосын одан ештеңе алмастан қоя береді».[Тирмизи, Фитән, 36.]
3.وَقَالَ الإِنْسَانُ مَا لَهَا - «Адам баласы: «Бұған не болды?» - деген сәтте». Адам баласы: «Неліктен жер бетінде мұншалықты сілкініс болып, ішіндегілерді сыртқа лақтырды?» - деп сұрайды. Шындығында, адам баласы осы бір қорқынышты оқиғадан қатты қорыққандықтан әрі жүрегі үрейге толғандықтан осылай айтады.
4. يَوْمَئِذٍ تُحَدِّثُ أَخْبَارَهَا - «Ол күні жер уақиғасын түсіндіреді». Сол қиын-қыстау күнде, яғни қиямет күнінде жерге тіл бітіп, өзінің үстінде жасалған жақсылық пен жамандықты хабарлайды, сондай-ақ әрбір адамға істегендері жайында баяндайды. Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен бір риуаят бойынша Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Міне, сол күні жер уақиғасын түсіндіреді» аятын оқыды да: «Жердің қандай хабар беретіндігін білесіңдер ме?» -деп сұрады. Сахабалар да: «Аллаһ пен оның Елшісі (с.а.у.) әлдеқайда жақсы біледі», - дейді. Сонда Аллаһтың Елшісі (с.а.у.): «Жердің хабар беруі – әрбір ер мен әйелдің не істегендері жайында куәлік етуі. Яғни, «пәлен күні мына нәрселерлі жасадың, ал түген күні мыналарды істедің», деп өзінің үстінде жасалған нәрселерді хабар беруі. Міне, бұлар жердің жеткізетін хабарлары»[Тирмизи, Қиямә, 7. Тирмизи бұл хадистің хасан және сахих екендігін айтқан] - деп айтқан. Басқа бір хадисте де былайша баяндалған: «Жерден сақтаныңыздар. Өйткені, ол (сізді қарнында көтерген) анаңыз (сияқты) саналады. Кімде-кім оның үстінде жақсылық немесе жамандық жасайтын болса, әлбетте жер ол жайлы хабар береді»[Тәбарани, Муъжам.]
5. بِأَنَّ رَبَّكَ أَوْحَى لَهَا - «Раббыңның оған білдіруімен». Ұлы Аллаһ бұл хабар беру ісін оған бұйырғандықтан әрі өзінің үстінде жүзеге асқан барлық оқиғаларды жеткізу рұқсатын соған бергендіктен жер бұларды ақтарады. Дәлірек айтқанда, жер күнәһар қарсы келуші кісіні шағым етіп, оған қарсы куәлік етеді. Ал мойынсұнушы адамға алғыс айтып, оны мақтап-мадақтайды. Аллаһ тағаланың күші барлық нәрсеге жетуші.
6. يَوْمَئِذٍ يَصْدُرُ النَّاسُ أَشْتَاتًا لِيُرَوْا أَعْمَالَهُم – «Сол күні адам баласы амалдары көрсетілуі үшін топ-тобымен келеді». Ол күні адамдар есеп-қисап беру орнынан қайтып, топ-тобымен жан-жақа бытырап кете барады. Әрбір адам баласы дүниеде жасаған жақсы амалдары мен жаман амалдарының қарымын алып, амал дәптері оң жағынан берілген жәннатқа, ал сол жағынан берілген тозаққа қарай беттейді.
7. فَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُ - «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді». Кімде-кім тозаңның (зәррә) ауырлығындай жақсылық жасаған болса, қиямет күні оны амал дәптерінен тауып, оның сауабын алады. Кәлби: «Зәррә – ең кішкентай құмырсқаның түрі» десе, ал ибн Аббас: «Қолыңды жерге қойып көтергенде, қолыңа жабысқан әрбір топырақ түйірі зәррә саналады», - деп айтқан.[Тәфсир кәбир, 31/61]

8.وَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ - «Ал, және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді». Кімде-кім топырақ түйірінің ауырлығындай бір жамандық жасаған болса, қиямет күні оны амал дәптерінен тауып, оның жазасын тартады. Қуртуби: «Бұл Ұлы Аллаһтың адам баласының жасаған үлкенді-кішілі ешбір амалының оның бақылауынан тыс қалмайтындығына байланысты келтірген бір мысал. Яғни, бұл Аллаһ тағаланың: إِنَّ اللَّهَ لاَ يَظْلِمُ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ - «Негізінен Аллаһ, тозаң түйірінің салмағындай да әділсіздік етпейді»[Ниса сүресі, 4/40.] деген аятына ұқсайды»,[Қуртуби, әл-Жәмиъу ли-Ахкамил-Қуран, 20/150.
] деп келтіреді.[Мухаммад Али әс-Сабуни, Сафуатут-тәфәсир, Энсар нешрият,7/387-391.]

Текелі қаласы Керімбек би мешітінің

бас имамы Аман Айтбосынұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз