https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Құрандағы сабырлыққа шақыратын аяттар

25 Oct 2020 0 comment Оқылды: 749 рет

Түсіне білген әр бір мұсылман үшін бұл бес күндік жалған өмірде жақсылықтар, қиындықтар, қайғылы жағдайларға кездесетініміз ақиқат. Себебі, қуаныш пен қайғы бірге жүреді. Бұл – Алланың заңдылығы. Оған ешкім қарсы шыға алмайды. Алла қаласа қуаныш пен қайғыны бере отырып сүйген құлын сынайды. 

Құран Кәрімде: «Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және де малды, жанды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!» («Бақара» сүресі, 155-аят) адам баласы әртүрлі қиындықтарды басынан өткізетінін баяндайды. Ол тоқшылық, жоқшылық, қауіп – қатер болсын жақсы көрген адамнан айырылу т.б. сынақтармен сыналамыз. Алла Тағала жоғарыдағы аятта баяндағандай қиындық уақытында ұстамды болған, сабыр еткен жандарға зор сауап күтіп тұрғанын баян етеді. Құран Кәрімде көптеген аятта сабыр жайында баяндайды.

Әз Пайғамбарымыздың (ﷺ) да сабырлыққа шақырған хадистері де өте көп. Адам баласы сабыр ету арқылы тағдырға жазылған қай сынақ болса да Алладан жәрдем тілей отыра сүрінбей өтетіні сөзсіз. Сөзсіз Алла сабыр еткендерді жақсы көреді. «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Алла сабыр етушілерді сүйеді» делінсе, Нахл сүресінің 96-аятында: «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз» деп айтылған. Қазақ атамыз «Сабыр түбі сары алтын» демекші әр қиыншылықтан кейін жақсылық келетіні анық. Имам әл-Бұхари мен Мүслімде Ата бин Рабахтан жеткен сахих хадисте былай делінген: «Маған Ибн Аббас радиаллаһу анһу:

 - Саған жәннаттық бір әйелді көрсетейін бе? - деді. Мен:

- Иә, көрсетші, - дедім. Сонда ол:

- Мына қара әйел Алланың елшісіне (ﷺ) келіп: «Мен қояншық ауруымен ауырамын. Талып қалған кезімде үсті-басым ашылып қалады. Алла Тағалаға мен үшін дұға етіңіз», - деп өтінді. Сол кезде Пайғамбарымыз(ﷺ):

- Егер, қаласаң сабыр ет, жәннатқа кіресің. Қаласаң ауруыңа шипа берсін деп Алла Тағалаға дұға етейін», - деді. Сонда, әлгі әйел:

- Сабыр етемін, - деді. Сосын ол: «Үстім ашылып қалады. Ашылып қалмауым үшін Аллаға дұға етіңіз», - деді. Пайғамбарымыз (ﷺ) оған дұға жасады». Қандай иман десеңізші. Сары уайымға салынып, сабырсыздық таныту да үлкен бақытсыздыққа апарады.

Сабырсыздық танытқанның артында әлсіздік, дәрменсіздік тұрады. Кейде сол әлсіздіктің соңы жаман жолға, тағдырына риза болмай, Жаратқанға тіл тигізуге барып жатады. Әрине бұл тағдырға толық иман етпегеннен. Бірде сахаба Мұғаз бин Жәбәл радиаллаһу анһу былай дейді: «Ұлым қайтыс болғанда Алланың Елшісі (ﷺ) маған хат жолдады. Ол хатта былай делінген:

 «Алланың Елшісі Мұхаммедтен (ﷺ) Мұғаз бин Жәбәлға. Әуелі өзінен басқа ешқандай тәңір жоқ Аллаға мақтау болсын! Алла сауабыңды арттырсын! Саған сабыр берсін! Бізге әрі саған шүкір ете білуді нәсіп етсін! Расында біздің жанымыз бен малымыз, әйел, бала-шағамыз және олардың малдары Алланың бізге берген тәтті сыйлары, әрі уақытша жанымызда қалдырған аманаттары болып табылады.

Алла саған ол баланы беру арқылы сені қуанышқа бөледі. Ал қазір үлкен сауап бере отырып, оны сенен алды. Егер сабыр етсең, үлкен сауапқа кенелесің. Байқағайсың, қайғы-қасіретің сауабыңды жойып жібермесін. Кейін өкінетін боласың. Біліп қойғын! Жылап-сыздау өліні кері келтірмейді. Қайғыңды да кетірмейді. Болар іс болды» (Хаким, әл-Мустадрак).   Бұл хадис өлімге көңіл айтудың тамаша үлгісі. Сондықтан, әрбір мүмин жақын туысынан айырылған кезде Пайғамбардың (ﷺ) Мұғаз бин Жәбәлға жолдаған осы бір хатын есіне ала отырып, оны тап өзіне айтылғандай сезіне білсе, қандай игі еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір сөзінде былай дейді: «Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қандай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлық танытады – бұл оған қайырлы».

Яғни бұл хадисте мұсылманның қандай жағдайда болса да бір қалыпты, еш уайымдамай қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарға төзетінін және ол мұсылманның ең негізгі қасиеттерінің бірі екенін айтқан.

Алла Елшісінің (ﷺ): «Мұсылманның шаршау, ұзақ сырқат, мазасыздық, көңілсіздік, жағымсыз нәрсе, уайым-қайғыға тап болуы, тіпті тікеннің өзі арқылы Алла оның істеген қателіктерін кешіреді»[6], - деген сөзінің арқасында кез-келген қиыншылық ешнәрсе болмай қалатындығын дұрыс ұғынуымыз керек. Құран Кәрімде бұған қатысты былай делінген:

وَعَسَىٰ أَن تَكْرَهُوا شَيْئًا وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ ۖ وَعَسَىٰ أَن تُحِبُّوا شَيْئًا وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ

«Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал сендер бір нәрсені жақсы көргенмен, ол сендер үшін жамандық болуы мүмкін Алла біледі, сендер білмейсіңдер». Бұл аяттың мағынасына терең бойлаған адам Алладан келген әр бір істе хикмет бар, соны түсініп шүкір етсек, баршамызға Алла сабырлы болуды жазсын Әмин.

 

Алматы облысы Текелі қаласы

«Керімбек би» мешітінің

бас имамы Аман Айтбосынұлы

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз