"ӨЗ- ӨЗДЕРІҢДІ ӨЛТІРМЕҢДЕР"
Бұл ескерту Құран Кәрім сүресінің аятынан алынды. Қасиетті Құранда: "Ескерт, ескерту мүміндерге пайда береді" деген де аят бар. Бүгінгі таңда ғасыр дерті болып отырған өзіне- өзі қол жұмсау, ғылыми тілмен айтқанда, суицид- шариғатта өте ауыр күнә.
Өзін- өзі өлтіру- Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең. Тіршіліктен баз кешіп өз- өзіне қол жұмсау- Алла Тағаланың қаһарына ұшыратады.
Алла Тағала қатардағы адамға ғана емес, барлық пайғамбарларға небір адам төзгісіз сынақтар берген.
Сондықтан өзін- өзі өлтіру- қиындықтан шығудың жолы емес. Майлықожа жыраудың:
"Адамның күні бар ма сыналмаған,
Бақ тайса мал менен бас құралмаған.
Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан"- деп, келетін өлең жолдары біздің сөз етіп отырған ойымызды дәл жеткізген екен.
Алла Тағала адам баласының өмірін, денсаулығын аманатқа берген. Оны сақтау- басты мақсат.
Қасиетті Құрандағы "Ниса" сүресінің 29- 30- аяттарында: "Өз- өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге мейірімді. Ал кімде- кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істесе, біз оны тозаққа өртейміз. Олай ету- Аллаға оңай"- деп, Алла Тағала айтты.
Адам баласына ненің пайда, ненің зиян екенін Жаратушы Иеміз көрсетті. Өзін- өзі өлтіру, жазықсыз кісі өлтіру, өзін өлімге қию- Алланың ашуын тудыратын, ауыр азабына ұшырататын күнә, ауыр қылмыс. "Жазықсыз адам өлтіру- бүкіл адам баласын өлтірумен тең"("Маида" сүресі, 32- аят). Адамның өз- өзіне қол жұмсауы- Алланың кешірімінен, мейірімінен, рақымынан қол үздіретін әрекет. Пайғамбарымыздың صلى الله عليه وسلم хадисінде бұл жөнінде былай білдірді: "Мүмін (мұсылман) адам қанға былғанбайынша (малынбайынша) дінінде кеңдік ішінде". Мұнда өзінің немесе өзгенің қанын төкпеген адам түптің түбінде Алланың рақымына бөленетіні айтылып тұр. Өзін- өзі және өзгені өлтірген осы кеңшіліктен құр қалады.
Тағы бір хадисте өзін- өзі өлтірген адамның азабы жайында: "Кімде- кім өзін қандайда бір темірмен өлтірсе, жаһаннамда қолына темір алып, мәңгі соған өзін- өзі түйреумен болады. Кімде- кім у ішіп өлсе, жаһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал өзін таудан тастап өлтірсе, жаһаннамда өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады". Бұдан шығар қорытынды: кім өзінің жанын қандай затпен қиса, тозақта сол затпен азапталады.
Өзін- өзі қол жұмсау көбіне ешбір дінге сенбейтіндер арасында кездеседі екен. Сондықтан еліміздегі суицид эпидемиясын жою амалы- имандылық тәрбиесін насихаттау және оны барынша ұсыну. Өзін- өзі қол жұмсау дертінің дауасы мен алдын алу жолы- Ислам дінін ұстану.
Өмір қиындықтарынан қашу, безу мұсылмандыққа тән емес. Әрбір мүмін иманы мықты болуын дініміз талап етеді.
Біз әлгінде адам өмірі, жаны Алла Тағаланың аманаты екенін айттық. "Ниса" сүресінің 58- аяты: "Негізінде Алла сендерге аманаттарыңды лайықты орнына тапсыруларыңды әмір етті",- деді. Адам баласы осыны қаперден шығармасын.
Алла Елшісі صلى الله عليه وسلم: "Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп жақсылығы көбейер. Жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар"(Нәсаи) деген хадисі жақсы адамға ой салады.
Құран Кәрімде: "Өз- өзеріңді қатерге тікпеңдер" ("Бақара" сүресі, 195- аят) деп, ашық айтты. Бұл деген жұқпалы аурулардан сақтанбау, оның алдын алмау да өз басын қатерге тіккенмен пара- пар.
Сөз түйіні, біздің дініміз, қасиетті Құран және хадистің көрсетуі бойынша, адам және оның өмірі қымбат, аманат. Алла Тағала адам баласын барлық жаратылыстан ардақты, үстем, жоғары етті. Олай болса, сол нығметтің қадірін біліп, адам атына лайық болу- баршамыздың мақсатымыз. Алланың аманат етіп берген барлық құндылығын, оның ішінде өміріміз бен денсаулығымызды ардақтайық. Құран Кәрім ескерткендей: "Өз- өздеріңді өлтірмеңдер!".
Жетісу мешітінің бас имамы
Жұмағалиев.Б.С.