Уәдеге беріктік, опалы болу сөздерінің тілдік мағынасына көңіл бөлсек, ол – алдау, опасыздық жасау, сатқындық деген сөздердің антонимі болып табылады. Қазақ халқында бұрыннан келе жатқан «Уәде – құдай аты» деген терең мағыналы сөз бар. Бұл сөз не үшін мәнді? Себебі, берілген уәде бұзылып, оның қоғам ішіндегі рухани һәм имани құндылығы әлсіреген жерде береке қашады. Өйткені уәде дегеніміз – адамзатты берекесіздіктен сақтайтын әрі адамдар арасындағы әртүрлі қарым-қатынасты бұзбай ұстап тұратын мызғымас ұстын.
Алла тағала өзінің құлдарынан уәдеде тұруды қатаң түрде ескертеді. Алла тағала Құран кәрімде Исра сүресі, 34-аятында:
﴿ وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا ﴾
Сертке берік болыңдар! Өйткені берілген серттің сұрауы бар.
Алла тағала өзінің сүйікті тақуа құлдарын сипаттаған кезде олардың серттеріне берік екендіктерін атап өткен. Құран кәрімде Бақара сүресі, 177-аятында:
﴿ وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُوا وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاءِ وَالضَّرَّاءِ وَحِينَ الْبَأْسِ أُولَئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ ﴾
Уәделескенде уәдесінде тұратын, сондай-ақ таршылық көргенде, дертке шалдыққанда әрі соғыс жағдайында (шариғат жүктеген міндеттерді мейлінше толық орындауға тырысып) сабырлық һәм табандылық танытқан жандардың ісі міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар.
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): мүбәрак хадисінде:
«Маған алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: Сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар», деді.
Уәдеде тұрмайтын адамды дінімізде екі жүзділер санатына кіргізген. Хадисте:
Мұнафиқтың белгісі үшеу, егер сөйлесе өтірік айтады, уәдесін орындамайды, аманат қылынса, қиянат жасайды.
Біздің бабаларымыз үшін де уәдеге беріктік, сөзінде тұру мәселесі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Қазіргідей құжатқа (нотариус) жүгінбейтін заманда бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған. Қазақ халқы үшін өлімнен ұят күшті болған. Уәдеге, сөз беруге қатысты ер азаматтың намысын жігерлендіретін нақыл сөздер әлі күнге дейін өз маңызын жоймады. Мәселен:
«Екі сөйлеу - ерге сын».
«Айтылған сөз - атылған оқпен тең».
«Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені».
Уәде екі түрлі болады:
Біріншісі: Аллаға қатысты уәде. Алла Тағала мен адамдардың арасындағы уәделесу. Мұны «Әл-мисақ» дейді, мағынасы «сөз, уәде беру», «келісім-шарт жасасу» дегенді білдіреді. Әл-мисақ – адам мен Алла арасындағы алғашқы серттесу. Яғни, Алла Тағала әл-мисақта күллі адам баласынан жалғыз Өзіне ғана құлшылық етуге, Оған еш нәрсені ортақ қоспауға уәде алды. Ендеше, әрбір пенде Аллаға берген осы уәдеге берік болуы тиіс.
Екіншісі: Адам мен адамның арасындағы уәде. Яғни, өзара бір-бірлерімен уәделесулері.
Алла Тағала уәдеде тұрмайтын опасыз адамды қиямет күні барлық жаратылыстың алдында масқара етеді. Ибн Омар (р.ғ.)-дан жеткен хадисте Алла елшісі (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): :
«Қиямет күні Алла алдыңғылар мен соңғыларды жинаған сәтте, әрбір опасыздың туы көтеріледі. Содан соң: «Бұл пәленше ұлы пәленшенің опасыздығы»,-деп айтылады».
Алла елшісі (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): айтты:
«Қайсы бір қауым уәдені бұзатын болса, олардың ортасында өлтіру (соғыс) орын алады. Қайсы бір қауымның арасынан арсыздық белең алса, Алла сол жерде өлім-жітімді үстем етеді. Қайсы бір қауым зекет беруден бас тартса, сол жерге жауын-шашын доғарылады».
Көріп отырғанымыздай сенімділік, уәдеде тұрушылық және жасалған келісімдерге адал болу жеке әрі қоғамдық өмірдің негізгі тіректерінің бірі болып табылады. Қоғамның тыныштығы әрбір қоғам мүшесінің сенімді болуына, берген сөзінде тұруына және жасаған келісімдеріне адал болуына байланысты.
Ақсу аудандық мешіті.