Намаз - Алла мен құл арасындағы байланыс негізі. Намаз – күллі шүкірді қамтыған ғибадат. Намаз діннің діңгегі, пенде мен Раббысы арасындағы байланыс көпірі. Сондықтан ол – құлшылықтардың ең биігі әрі ең мәртебелісі. Намаз арқылы мүмін өзін жоқтан бар еткен Раббысына миғраж жасайды. Намаз арқылы күнәсі төгіледі. Алла тағала мұсылмандарға барлық жағдайда үйінде және сапарда, дені сау және ауырған кездерінде намазға ұқыпты болуды бұйырады. Мына көрінген және көрінбеген шексіз әлем қаңыраған бос сарай емес. Керісінше, онда Алла тағала ғибадат еткен сансыз періштелер бар. Кейбір періштелер жаралғалы сәждеде. Енді бірі жаралғалы рүкіғта. Енді бірі түрегеп тұрып, Алла Тағаланы нұқсандық пен шірк атаулыдан пәктеп, ғибадат етуде. Сол себепті, әлем тұтастай Ұлы жаратушыға ғибадатта. Мысалы, алып бәйтеректер кішілігін паш етіп, қолдарын жерге жайған сүмбі талдар самал желемен тербеле қозғалып, Жаратушыға ғибадат жасайды. Планета мен аспан денелері бір-бірін бейне бір қағба тәрізді айналып, күллі әлем Ұлы жаратушыны пәктеп, өз тілдері және әс-әрекеттерімен ғибадат үстінде. Міне, осының бәрі намазда бар.
Намаз-балиғатқа толған ақыл-есі түзу әр мұсылманға парыз. Ақыретте адам баласы есепке тартылғанда, ең алдымен сұралатын ғибадат та намаз. Пайғамбарымыз с.а.с былай дейді:
«Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы мен іс-әрекеті – намаз».
Ұлы Раббымыз хабардар бола тұра періштелеріне былай дейді:
«Құлымның парыз намазына қараңдар. Оны толық орындап па»? Егер оның парыз намаздары толық болса, намаз сауабы толықтай жазылады. Егер парыз намаздарында нұқсандық болса, Алла тағала «Құлымның нәпіл (сүннет) намаздарын нәпілдермен толтырыңдар»,- дейді. Одан кейін парыз болған басқа амалдар да осылайша есепке тартылады».
Дегенмен, дінді толық бізге өте жеңіл қылдырып берген Алланың мейірімін айтсаңызшы? Осынау парыздың өзін кей жағдайда тоқтатуға болады деседі. Намаз Алланың алдындағы құлшылық болғандықтан, оны кез келген іс үшін бөлуге, тоқтатуға болмайды. Дегенмен шариғат бойынша бір залалды жою, не оның алдын алу үшін ғана намазды тоқтатуға рұқсат етіледі. Намаз сол сәттегі зәрулікке қарай не сәлем беріліп, не сәлем берілмей тоқтатылады. Шариғат бойынша, намаз оқуды доғаруға рұқсат берілген жағдайлар:
- Намазды міндетті түрде (уәжіп) доғару керек болған жағдайлар:
- үлкен не сәби екендігіне қарамастан, «құтқарыңдар» деп айқайлап жатқан адамға көмекке ұмтылу
- өртті сөндіру;
- үлкен не сәбиге қауіп төніп тұрған қауіптің алдын алу.
- Намазды доғаруға болатын жағдайлар:
- ұрлықты өзінің заты болмаса да тоқтату үшін;
- анасының сәбиі үшін қорқуы немесе тамақтың тасып, төгіліп не күйіп кетуінен күдіктенуі;
- қыстап тұрған дәретті сындыру үшін;
- жылан, кесіртке секілді залалын тигізетін хайуандар мен жәндіктерді өлтіру қажет болса;
- ата-анасының бірі оның намазын оқып тұрғанын білместен шақырған жағдайда, оқып тұрған намазы нәпіл болса, намазын тоқтатып, ата-анасына жауап беруі керек. Ал парыз намаздарын ата-анасы шақырғанда да тоқтатуға болмайды.
Булекбаев Ерік
Қаратал ауданы бас имамы