Тәкәппарлық бұл араб тіліндегі «кибр» және «тәкәббур» сөздерінен шығады. Ол «үлкен», «ұлы болу» деген мағыналарды білдіреді. Қазақ тілінде ол «менмендік», «өркөкіректік», «кеудемсоқтық», «паңдық» деп те айтылады.
Көкіректік – адамды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім, жағымсыз мінез-құлық. Бұл әрине, Алла тағала сүймейтін, адамдыққа жат сипаттардың бірі. Алайда, мұны адам тез байқап, бірден Алладан кешірім тілеумен жуып-шайып отырса, оның зияндылығы жоқ.
Исламда менмендікті жоюдың маңыздылығы сонша, ол туралы қанша айтылса да артықтық етпейді. Өйткені, ақыреттегі мәңгілік бақытты ғұмыр осынау озбыр мінезден аулақ болғандарға бұйырмақ. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде:
«Жер бетінде тәкаппарланып жүрме! Өйткені, сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың және таулардан биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жеккөрінішті жаман қылықтар саналады» – деген аят түсіріп, мұндай мінезді жақсы көрмейтіндігін білдірген.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай делінген:
«Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді».
Ал, тағы бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкіректенгендердің тозақ түбінен орын алатынын хабарлаған:
«Сендерге отта болатындардан хабар берейін бе? – Олар – барлық дөрекі, сараң және өркөкірек тәкаппарлар».
Бұл хадистерді естігенде Алладан қорқатын құлдардың денелерінің тітіркенетіндігі, бей-жай күйге түсетіндігі анық. Алайда, оны естігенде түк болмағандай, ешқандай әсерсіз отыра беретіндердің де бар екендігін айтуға тиіспіз. Бұл тәкаппарлық пен сүлесоқтың өзара астасқан сәті деуге болады.
Шындығына келгенде, баршамыз Алла тағаланың жаратқан пендесіміз. Жақсылықты да, жамандықты да, ізгілікті де, келеңсіздікті де жаратқан Жаратушы Иеміз екендігін ескерер болсақ, өзімізге берілген нығметтің қай-қайсының болмасын, тек Алла тағаланың қалауының арқасында жүзеге асатынын түсінуіміз керек. Ал мұны шолақ ойлап, келте қайратын кебір азаматтарымыз Алла тағаланың қолдауымен жүзеге асып жатқан жұмыстардың қайсібірін болмасын, өзінің арқасында істелген етіп қояды.
Даңқты тұлға, қазақ халқының қайсар, батыр ұлы Бауыржан Момышұлы:
Мен істедім дегенше,
Мың істеді десеңші, — деген екен.
Шын мәнінде, өмір бойы құлшылық етсе де болмашы ғана менмендігі үшін сағынышты жәннатына кіре алмаса адам баласы үшін одан асқан бақытсыздық, одан асқан қасірет бар ма? Бұл жасалған құлшылықтың, оқылған намаздың, тұтылған оразаның, берілген садақаның бекер болғаны емес пе? Алла тағала баршамызды мұндайдан сақтасын!
Расулулланың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай делінген:
«Жәннат пен тозақ оты сөз таластырды. Сонда жәннат: «Уа, Раббым! Неліктен маған тек адамдардың пақырлары мен әлсіздер ғана кіреді?», — десе, тозақ оты: «Неліктен маған қатыгездер мен тәкаппарлардан басқа ешкім кірмейді», — деді.
Сонда Алла тағала тозақ отына: «Сен менің азабымсың, сенімен қалағанымды азаптаймын», — десе, Жәннатқа: «Сен менің рақымымсың, сенімен қалағанымды мейіріміме бөлеймін». Екеуіңді де толтыратындар бар», — деді.
Осы хадисте Алла тағала жәннаттың да, тозақ отының да толатындығын айтады. Бірақ қалай толады, кімдермен толады? Хадистен ұғатынымыз, жәннатқа кіретіндер негізінен кедейлер мен әлсіздер болса, тозаққа кіретіндер қатыгездер мен тәкаппарлар екенін байқауға болады. Яғни, адам баласы қалаған жақсылығын жасасын, бірақ мінез-құлқы мұсылмандыққа сай болмаса жасаған амалдарынан ақырет үшін зәредей де пайда таппайды. Бұған осы хадис нақты дәлел. Алла тағала баршамызды мұндайдан сақтасын деп тілейміз.
Осы орайда, тәкаппарлықтың негізгі белгілері мен түрлерін айта кетуді жөн санаймыз.
Тәкаппарлықтың негізгі белгілері мен түрлері
1. Білмеген нәрсені намыс көріп сұрамау, анықтамау;
2. Өзінен сұралған нәрселерді намыс көріп, білмейтіндігін жасыру;
3. Жол жүру барысында баратын мекен жайын білмейтіндігін намыс көріп, жұртшылықтан сұрамау, анықтамау.
4. Бастығының алдында сұрануды төменшіктеу деп санап, рұқсат сұраудан тартыну.
5. Кездескен жанға бірінші болып сәлемдесуден тартыну;
6. Намаз кезінде араларында білімді жандардың бар екендігін біле тұра оны имамдыққа өткізбеу;
7. Түрлі жиындар барысында өзгелерге сөз бермей, ретті-ретсіз көсемсіну;
8. Айналасындағы адамдарға өзінің көп білетіндігін көрсету мақсатында әрбір сөзден ілік іздеу, сөзді жиі-жиі бұзу, араласу;
9. Сөздердің арасында әңгімелесуші адамның жасының үлкендігін біле тұра оған «бауырым» деген сияқты сөздерді ретті-ретсіз қолдану;
10. Қателігін айтқан адамды жақтырмай, ол туралы әдепсіз сөздерді қолдану;
11. Дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп білмей қырсықтыққа жол беру:
12. Үнемі басшылық жасауға құмарту, соған өзін дағдыландыру:
13. Өзін өзі қашанда жұрттан биік санау, айналасына астамдықпен қарап, әлімжеттік жасау, т.б.
Міне, осы жоғарыдағы нашар қасиеттерді бойымызға үйіруден сақтануымыз керек.
Осы орайда, Құран иман келтірген мұсылмандарды мағруфқа шақыруды бұйырады:
«Сендердің араларыңда мынадай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақырып, жақсылыққа үндесін. Жамандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар нағыз мақсатына жеткендер».
Бұл аятта адамдардың арасында жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиятын бір топ болуы керектігі әмір етілген. Жақсылыққа, туралыққа шақыратын адамның өзі әуелі осы қасиеттерді жүріс-тұрысымен дәлелдеп, адасқандарға бағыт-бағдар бере білетін темірқазықтай болуы керек. Егер қоғамда жамандықтан тияр, көкірек көзі ояу тұлғалар жоқ болса ондай қоғамның құлдырауға кететіндігі анық. Жаратушы Иеміз біздерді сондай болудан сақтасын. Адами құндылықтар аяққа тапталған қоғамның алысқа ұзай алмайтындығына терең қатпарлы тарих куә.
Басқа бір аятта Алла тағала:
«Жақсылыққа шақыр, жамандықтан тый»- деп бұйырады.
Расулулланың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай делінген:
«Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл – иманның ең әлсізі», – дейді.
Сондықтан да тәкаппарлық, менмендік қасиеттері бар азаматтарға ескертулер жасап, оларды имандылыққа, жақсылыққа, ізгілікке, кішіпейілділікке шақыруымыз қажет.
Осы ақиқаттарды бізге жеткізген Алла Елшісі үнемі үмбетін мейірімділік пен рақымдылыққа шақырып отырды. Ол өз хадисінде:
«Жердегілерге рақымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды», –дейді [8]. Түсіне білген жанға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл хадисінде жер бетіндегілерді «адамдар», «мұсылмандар», «салиқалылар» деп бөліп отырған жоқ. Олай болса, мейірімділік пен рақымшылық бүкіл жаратылысты толық қамтиды. Жер бетіндегілерге мейірімділік жасау шексіз рақым иесінің разылығына бөлейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла адамдарға мейірімділік танытпағандарға мейірімділік жасамайды», -[9] дейді.
Халифа хазіреті Омар (р.а) бір күні арқасына үлкен әрі ауыр, кір қапты арқалап Мәдинаның ең үлкен көшелерімен әрең жүріп бара жатады. Оны көрген ұлы Абдуллаһ жүгіріп келіп:
— Әке, мұныңыз қалай? Халиф деген атыңыз бар, қапты көтеретін адам таппадыңыз ба? Сонда Омар халифа:
— Балам, қапты көтеретін адам таппай қалғанымнан емес. Бір мезетке нәпсімнің тәкәппарлығы бой беріп, өзін өзгеден жоғары көргенін сезіп қалдым, соны қайта жерге түсіру үшін осылай істеуім керек болды, — дейді.
Хазреті Амр бин Шәйбә (р.а) былай деген: «Меккеде Сафа және Мәруа төбелерінің арасында едік. Бір адамның қашыр үстінде келіп, айналасындағы қызметшілеріне қатал мәміледе болғандығын, бойында «ұлылық», «қуаттылық» сезімдерінің өршіп тұрғанын көрдік. Арада жылдар өтіп, бір күні түйе үстінде Бағдатқа келген едім. Онда басы ашық, жалаңаяқ, шашы ұзын, бейбақ бір адамды көрдім. Танитын сияқты көрінді. Ол өзіне мұқият қарауымның себебін сұрады. “Сені біреуге ұқсатып тұрмын” дедім және кімге ұқсатып тұрғанымды айттым. Ол “иә, сол көрген адамың менмін. Қарапайым болу керек жерде кібірленген едім. Енді осы жағдайға түстім”,- деді».
Міне, тәкаппарлықтың жеткізген жері.
Тәкаппарлық жайлы сөз қозғағанда, Абай атамыздың мына өлең жолдары еріксіз ойға оралады:
Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі-ол баяғы.
Өлеңнің өте орынды айтылғандығы, кейінгі ұрпақ үшін ерекше тәмсіл болып табылатындығы анық деп білеміз.
Тәкаппарлық мәселесінің қайсібір қоғам, қандай дін болмасын, адасушылықтарға апаратындығы сөзсіз. Осы орайда, американдық Вениямин Франклин деген даңқты білім иесі туралы сөз ете кетсек артық болмас. Ол он сегіздегі жас күнінде, Медера деген қаладағы бір қарттың үйінде қонақ болады. Қайтатын кезінде қарт оны шығарып салады. Сыртқа шығып келе жатып, өзара әңгімелесу барысында Франклин есіктен өте бере маңдайшаның пәстігін байқамайды. Ал мұны байқаған қарт болса, оған дереу ескерту жасап, «еңкей» деп дауыстайды. Алайда, оған жете мән бермегендіктен ол басын маңдайшаға оңдырмай ұрып алады. Сонда қарт күліп: «Бұл кішкентай реніш сізге екіншіде ақыл болар, ұмытпағайсың, сен жассың, өмірің алдыңда, басыңды тым жоғары ұстамай, төмен иіңкіреп жүрсең, мұнан да артық неше соққылардан құтыларсың», — дейді. Бұл сөзді Франклин сексен жасқа келгенше ұмытпай, әрдайым айтып: «Сол қарттың ақылы маған көп пайда берді және басын жоғары көтерген тәкаппарлардың нешеуінің әлекке түскеніне талай рет куә болдым», — деген екен.
Міне, құрметті бауырлар! Тәкаппарлықтың салдары кез келген қоғамға, кез келген дінге, кез келген жанға тән болып табылады. Тек одан алдын ала сақтану, жол бермеу қажет.