Періште- Аллаһ тағала нұрдан жаратқан көркем жаратылстарының бірі. Олар да адам сияқты ұлы жаратушының құлдары. бірақ бізден айырмашылығы Ұйықтау, шаршау, тамақ ішу, қателесу, ұмыту дегенді білмейді. Күнә, кемшіліктен пәк, Құдайдың әмірін мүлтіксіз орындайды, аманатқа өте бекем. яғни адамзатқа тән барлық қажеттіліктер бұл жаратылыста жоқ. Құран Кәрімнің Тахрим сүресінің 6-аятында «Алланың әміріне олар қарсы келмейді, бұйырғанын ғана істейді» деп періштелердің негізгі қасиетін баяндайды. Періштелер аспан әлемінде өмір сүреді. Жерге тек Аллаһтың әмірімен түседі. Қасиетті Құранда періштелер де адам сияқты бір деңгейде емес екенін, олардың атқаратын қызыметтерінің әр түрлі болатындығын айта келіп төрт ұлы періштелердің қызметін, олар атқаратын жұмыстар ретін түсіндіреді. Періштелерге иман келтіру, олардың барлығына, құдай жаратқан жаратылыс екеніне куәлік беру- Иман шарттарының бірі болып саналады.
«Періште» сөзін тілдік тұрғыдан қарастыратын болсақ, ол араб тіліндегі «мәлак» сөзінің «ә-л-к» түбірінен тарайды. Яғни мәлак сөздікте – «хабаршы», «елші» және «күш-қуат» деген мағыналарды білдіреді. Періштелердің ең үлкені, әрі уаһи жеткізуші періштенің есімі - Жәбірейіл (ғ.с.). Ол - жаратылыстағы сансыз періштелердің арасындағы ең беделдісі һәм сұлтаны. Құранда мадақталған өте сенімді періште. Құранның үш жерінде Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің есімі тікелей кездеседі:«Кім Жәбірейілге дұшпан болса, мынаны жақсы білсін: Ол Алланың бұйрығымен Құранды туралық жетекшісі және бұрынғы түскен кітаптарды растаушы һәм мұсылмандарға сүйінші-леуші етіп жүрегіңе түсірді. Кім Аллаға, періштеле-ріне, елшілеріне, сондай-ақ, Жәбірейіл (ғ.с.), Микаилға (ғ.с.) дұшпан болса, әлбетте, Алла кәпірлерге дұшпан» ("Бақара" сүресі, 97-98-аяттар) Осы аяттардан Жәбірейілдің қаншалық дәрежедегі періште екендігі айтылады. Әрине, Жәбірейіл (ғ.с.) таңдаулы және сенімділердің сенімдісі болғандықтан, оның басты міндеті - баршамызға мәлім болғандай, Алланың хабарларын, уахи әкелу.
Төрт ұлы періштенің екіншісі Микаилдың аты Құранда бір аятта ғана айтылған: «Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне, сондай-ақ, Жәбірейілге (ғ.с.), Микаилға (ғ.с.), дұшпан болса, әлбетте, Алла кәпірлерге дұшпан» ("Бақара" сүресі, 98-аят). Микаил (ғ.с.) - Құранда аты аталған АллаТағала мен хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.) ең жақын төрт періштенің бірі. Микаил (ғ.с.) періште жел мен бұлттарды да қадағалап, оларды қажетті жақтарға бағыттайды. Тіпті, әрбір жаңбырдың тамшысы періштелердің қадағалауымен жауады (Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-Ниһая, 1/41). Бұлардың барлығы Микаил (ғ.с.) періштенің қарамағындағы періштелер. Тирмизидің риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің жер бетінде екі, көк жүзінде екі уәзірім бар. Жерде хазрет Әбу Бәкір мен хазрет Омар, ал көкте Жәбірейіл (ғ.с.) мен Микаил (ғ.с.) періштелер» (Тирмизи, Мәнақиб, 16),- деген.
Сұрды (сырнай) үрлеуші Исрафил періште де дәрежесі жоғары ұлық періштенің қатарында. Исрафил (ғ.с.) - хадистерде айтылатын төрт үлкен періштенің біреуі. Оның негізгі міндеті - қиямет қайым болатын кезде Алланың әмірімен «Сұр үрлеу». оның қызметі тек сұрды үрлеумен шектелмесе керек. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Алланың сәби бергенін сүйіншілеп адам бейнесінде келген періштенің, Алла Тағаланың аршысын көтерген періштелердің бірі және Бәдір шайқасында мұсылмандарға жәрдем еткен періштелердің арасында осы Исрафил (ғ.с.) періштенің бар болғандығы айтылады. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исрафил (ғ.с.) періштенің өзге періштелерден үстем екендігін көрсету үшін түнде намаз соңында: «Уа, Раббым! Жәбірейіл, Микаил, және Исрафилдің Раббысы. Көк пен жердің жаратушысы...» (Муслим, Мусафирун, 200)- деп олардың аттарымен дұға жасағыны аян.
Төртінші періште Әзірейілдің (ғ.с.) қызметі - уақыты жеткен адамның жанын алу. Адам баласы бір періштенің күзетуімен бұл дүниеден келесі дүниеге аттанғандықтан, Құран мен хадистерде Әзірейіл (ғ.с.) періштеге «Мәләк-ул Мәут» (өлім періштесі) делінген. Құранда: «(Мұхаммед) Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де» ("Сәжде" сүресі, 11-аят),- дейді. Өлім-ақиқат. яғни тәннен жан жайдан-жай шыға салмайды. Мұны қарапайым түсіндіргенде адамның белгілі себеппен үйден шығатыны сияқты. өлім келді. Алланың аманат жанын Әзірейіл періште алады. Өлім аузында Әзірейіл (ғ.с.) және оның көмекшілері адам баласының ізгі амалдары мен жүрегінің тазалығына қарай көрінеді екен. Негізінде, Әзірейіл (ғ.с.) періштенің әрбір адамға әйтеуір бір көрінері хақ. Адам баласы қалай өмір сүрген болса, солай жан тапсырады. Ал қалай жан тапсырған болса, солай қайта тірілтіледі.
Қорта айтқанда жоғарыдағы төрт періштенің барлығы да періштелер арасындағы дәрежесі үстем етілген жаратылыстар. Олар қалған періштелерге басшылық жасай отырып Алла тарапынан берілген барлық бұйрықтарды мүлтіксіз орындайды. олардың өз қалаулары болмайды. Сондықтан да олар Аллаға бағынған ең аяулы, сүйікті құлдары. Көркем жаратылыстары.
Сарқан аудандық орталық мешітінің
бас имамы Серікбек Асқар ұлы