https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ең таза әрі абзал кәсіп

21 Шілде 2020 0 comment Оқылды: 845 рет

Жер бетінде өмір сүрген адамзат тарихына көз жүгіртер болсақ, ежелгі дәуірлерден бастап осы күнге дейін дүние өмірі тіршілікке тікелей байланысты екендігін байқаймыз. Дегенмен өмірі шариғатпен бекітілген мұсылманның тіршілігі көрсетілген тәртіптер мен ережелерден тұрады. Өйткені, әлгі тәртіптерді сақтап, берік ұстанғанда ғана өміріміз берекет пен игілікке айналып, жасқылыққа кенелеріміз сөзсіз.

Ұлы жаратушы иеміз Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімнің «Ниса» сүресі, 29 аятында: «Әй мүминдер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек» – деген. Аяттан көріп тұрғанымыздай Алла Тағала адам баласына мал-дүниені арам жолмен жемеу керектігін ескертіп, өзгенің маңдай термен тапқан еңбекақысына қол салудың зардабын, өз күшімен немесе сауда-саттық арқылы тапқан табыстың орны бөлектігін, адал еңбектің дұрыстығын ұғындырады. Осы мағыналас аяттарды Құран Кәрімнен көптеп кездестіруге болады. Пендесін адал кәсіппен айналысуға шақыратын Жаратқан Алла Тағала адам баласына деген жанашырлығын осылай білдіреді.

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кәсіптің ең қайырлысы ықыласты жұмысшының қол еңбегі», – деген. Мұнда пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кәсіптің ең жақсысы деп аянбай істеп, маңдай тер шығартқан адал еңбекті көрсетіп отыр. Сондай-ақ, адам баласына тура жол көрсеткен барлық пайғамбардың әрқайсысының өзіне жарасар кәсібі болғаны белгілі. Тіпті, жер бетіндегі тіршіліктің бастаушысы Адам (Алланың сәлемі болсын) ата ұлдары Әбіл мен Қабылдың біріне мал бағып, бағбан болуға, екіншісін егін егіп, дихан болуға баулыған. Өз кезеңінде ағаш шебері болған Нұх пайғамбар (Алланың сәлемі болсын) уақыты келгенде ең үлкен кемені жасап шыққаны анық. Одан бөлек, Дәуіт пайғамбар (Алланың сәлемі болсын) темірді қамырдай илеген ұста болса, Мұса пайғамбардың (Алланың сәлемі болсын) қой баққаны туралы хабарлар бар. Осылайша Алла Тағаланың сүйген құлдарының бәрі де Жаратқанның асыл дінін адамзатқа жеткізе жүріп, өздерінің отбасы, бала-шағаларының ризық-несібесін маңдай термен, адал еңбегінің арқасында тапқан.

Раббымыз Құран Кәрімнің «Әнбия» сүресі, 80-ші аятында Дәуіт пайғамбарға (Алланың сәлемі болсын) қаратып: «Сендерді өз араларыңдағы сұрапыл соғыстың кесір-кесапатынан, қару соққысынан қорғауы үшін оған сауыт соғу өнерін үйреттік. Ендеше, (осынау нығметтерге) лайықты түрде шүкір етер ме екенсіңдер?!» – деп сұрайды. Осылайша қолмен жасаған адал еңбекке назар аудартқан Алла Тағала «...шүкір етер ме екенсіңдер?!» – деп адам баласына ауыр сұрақ жолдайды. Шынында адал еңбекпен тапқан несібенің өзі Аллаға жасаған үлкен шүкірліктің белгісі. Олай болса Аллаға иман келтірген әрбір мұсылман қайсы бір салада жұмыс істесін немесе саудамен айналыссын өз еңбегімен тапқан напақадан артық берекетті Алланың алдында да, адамның алдында да таппайды. Өмірі өнегеге толы сахаба Әбу Бәкір халифа болардың алдында бір қыстақтың қойын сауған болса, халифа лауазымына тағайындалған соң да сол жұмысын тастамаған деседі. Неге? Өйткені, Аллаға және ақіретке иман келтірген абзал сахаба Алла елшісінің өнегелі мектебінен тәлім-тәрбие алған.

Табаранидан келетін бір хадисте қызықты оқиға айтылады. Бірде пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасынан бір кісі өтеді. Оның күш-қайраты мен ынта-жігерін байқаған Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары: «Уа Расулалла! Мына адам Алланың жолында ма?» – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, ол Алла жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, ол Алла жолында. Ал егер адамдарға көрсету үшін, риякерлік, мақтаншақтық мақсатында шықса шайтанның жолында», – деп жауап береді. Міне адал еңбекпен тапқан ризық-несібеге жұмсалған уақыт Алла жолында саналса, бала-шағаға жұмсалған әрбір тиыныңыз садақаның ең абзалы болмақ.

Олай болса дана халқымыздың «бейнеттің де зейнеті бар», «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөздері бекер айтылмаса керек. Ал, өз саласында адал қызмет еткен жанның ауыр еңбекпен тапқан табысы кәсіптің ең тазасы әрі абзалы екендігін ұғынатын уақыт жетті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз