https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Тахрим сүресінің 6-8 аяттары

11 Шілде 2020 0 comment Оқылды: 2775 рет

Аса камқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.


Ей, иманға келгендер! Өздеріңді және үй іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған Оттан сақтаңдар.Оның басында қатал , ызғарлы , Алланың бұйрықтарына қарсы келмейтін әрі өздеріне бұйырылғанды орындайтын періштелер бар. (6)

Ей, Алла мен пайғамбарына иман келтіріп , сенгендер ! Алаулап жанып жатқан оттан өздеріңді сақтаңдар. Әйелдерің мен бала-шағаларыңды да. Тозақтан күнәлардан тиылып , құлшылықтарды жасап , бала-шағаны тәрбиелеп Һәм үйретіп қорғанасыңдар.
МұжаҺид: «Алладан қорқып , тақуалық етіңдер. Бала-шағаларыңа да тақуалықты өсиет етіңдер. Бала-шағаны жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиып , тақуалықты үйретіп , әдеп беріңдер.» - деген.
Тозақтың отыны - тас пен адамдар.Тәпсіршілер:« Тастар – күкірт тастары. Өйткені , күкірт тастары бойына ыстықты қатты жинайды әрі тез жанады », - дейді. Ибн Масғұд: « Тозаққа тасталатын отын адамдар және күкірт тасы,бұл ең сасық боп келеді» , - дейді.
Тозақтағы періштелер жүрегі қатты . Мейірімділік сұрап жалбарынғандарға ешбір жаны ашымайды. Бұл періштелер кәпірлерді азаптауға міндеттелген. Құртуби: « Заббани періштелер жүректері қатты , мейірімділік жасамайды. Олар ашу-қаҺардан жаратылған періштелер. Адам тамақтанып және сусынды ішіп ұнатқаны сияқты ол періштелер азаптағанды жақсы көреді », - деген. Тозақ періштелері ешбір жағдайда Раббысының әмірін мүлт етпейді. Алланың әмірін мүдірмей және кешіктірмей орындайды.

Ей, күпір еткендер ! Бүгін ақталып , уәж айтпай-ақ қойыңдар. Сендерге тек , істеген амалдарыңның қайтарымы ғана беріледі. (7)

Кәпірлер тозаққа кірер сәтте, оларға: :« Сендер жасаған күнәларың мен қылмыстарың үшін сылтау айтып ақталмай-ақ қойыңдар. Бүгін сылтау пайда бермейтін күн. Сендерге ескерту мен сақтандыру хабары жеткен болатын. Анығында , істеген күнәларың мен қылмыстарыңның жазасын тартасыңдар. Не істесеңдер , соған лайықты жазасы беріледі . Алайда, ешбір зұлымдық етілмейді », - делінеді. Алла Тағала: « Бүгін әрбір жан істеп тапқанының қайтарымын алады. Бүгін зұлымдық пен әділетсіздік жоқ . Анығында, Алла есеп алуда жылдам », - деп әмір етуде.

Ей, иман еткендер ! Аллаға шын ықыласпен , істеген күнәларыңа шынайы өкініп , Оған қайтыңдар , мүмкін сендердің Раббың жамандықтарыңды кешіреді әрі Пайғамбарды және онымен бірге иманға келгендерді қорламайтын күні Алла сендерді астынан өзендер ағып жататын бақтарға кіргізеді. Олардың нұрлары алдарында және оң жақтарында жүреді. Олар: « Раббымыз! Бізге нұрымызды толықтыр және бізді кешір, сөзсіз Сен- барлық нәрсені жасай алушысың », - дейді. (8)

Бұл аят мұсылмандарды шынайы тәубе етуге үндеуде. Ей, мұсылмандар! Жасаған күнәларың үшін Алла Тағалаға шынайы түрде тәубе етіңдер. Аятта шынайы тәубені – насух деп баяндаған. Омар бин Хаттабтан ( р.а.) насух тәубе жайлы сұраған кісіге: « Бұл – күнәға тәубе етіп , сауылған сүттің желінге қайта қайтпайтындығы сияқты күнәні екінші рет қайталамау », - деп жауап берген екен. Ғалымдар: « Насух тәубе үш шарты бар тәубе. Ол: күнәдан тиылу, істеген күнәсіне өкіну және қайталамауға бел буу. Ал егер, ол күнә адам жеке ақысына байланысты іс болса, төртінші шарт ретінде жәбір шеккеннің ақысын өтеу талап етіледі », - деген.
Аятта « Мүмкін сендердің Раббың... », - деген сөз ықтималды емес, сөзсіз жүзеге асатын іс екенін білдіреді. Өйткені, Құранда « мүмкін Алла Тағала ... » деп келген барлық аят істің міндетті түрде , ақиқатында орындалатынын көрсетеді. Алла Тағала пенделеріне уәде беруде. Ақиқатында , Раббымыз уәде берсе, оны орындайды. Тәубе еткендерді Алла Тағала жемістері мол жаннатқа кіргізеді. Ол жәннат сарайларының астынан өзендер ағып жатады.
Бүгін, қияметте Алла Тағала пайғамбарды, оған ілескен мұсылмандарды кәпірлердің алдында масқараламайды. Керісінше, мұсылмандардың қадірі мен абыройын асырады. Міне, сол мұсылмандардың бойынан шыққан нұр қыл көпірді жарық ете түседі. Ол нұр мұсылмандардың алды мен артын, оң және сол жақтарын сәулеге бөлейді. Олардың нұры қараңғы түндегі жарық айдай болады.
Ол мұсылмандар: « Уа, Раббым! Бұл нұрды бізге толық ет және ұзағынан ет. Бізді қараңғыда жол таппай адастырма », - дейді. Ибн Аббас (р.а.): « Бұл дұғаны мұсылмандар мұнафиқтардың нұры сөнген сәтте айтады », - дейді. Осы дұғаны жаннатқа жетпейінше үздіксіз айтумен болады.
Мұсылмандар: « Уа, Раббым! Біздің асыра жасаған күнәмізді өшіріп, жоқ ет. Ақиқатында, сен барлық нәрсеге құдіреті жетуші – Қадирсың. Жазалайтындарды кешіруге, азап беретіндерге мейірімділік етуге құдіреттісің.»

Ақсу аудандық мешіті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз