https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Барзах әлемі туралы

24 Jun 2020 0 comment Оқылды: 2002 рет

Күллі әлемнің Раббысы, аса Үстем, екі дүниенің Патшасы, көркем сипаттардың иесі Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар, және жәннәтпен Сүйіншілеуші, тозақпен Ескертуші, қараңғылыққа жарқыраған шырақ, Аллаға шақырушы, күллі әлемге мейірім болып келген Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға Алла Тағала мен періштелердің және адамдардың салауаттары мен сәлемдері болсын.

Адам баласы пәни дүние, барзах әлемі, ахирет секілді өткелдерден өтеді. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде : «Одан (топырақтан) сендерді жараттық және соған қайтарамыз және де тағыда сендерді содан шығарамыз»- деп айтқан. Яғни адам баласы дүниеден өткеннен кейін барзах әлеміне өтетіні ақиқат. Оны қабір әлемі деп те атайды. Барзах деген сөздің мағынасы бөліп тұрушы, ортадағы нәрсе деген мағынаны білдіреді. Яғни дүние мен қайта тірілетін күннің ортасын бөліп тұрушы әлем. Сондықтан бұл бізге ғайып, өзгеше бір әлем болғандықтан, ол жерге біздің дүниелік түсініктеріміз жүрмейді. Қалай кейбір кісілердің мәйітті жерлеу үшін қабыр басына алып келгенде ақымның ішіне түсіп, көріп жататыны бар. Неге десеңіз, қабыр адам отыратындай биік, үш адам сыйатын кең болу керекті- міс. Өйткені екі періште келіп оны отырғызып сұрайды деп айтып жатады. Иа, періштелердің келетіні рас. Бірақ ол әлемге айтқанымыздай біздің өлшемдер, дүниелік түсініктер жүрмейді. Оған дүниеде жасаған жақсы амалдарына сай көзі көретін жерге шейін қабірі кеңейтілетіні немесе жаман амалдарына сай тар болатыны соншалық, қабырғаларын бір- біріне айқастырып жіберетіні жайында айтылған хадистер айғақ болады.Сондықтан  кез келген адам өлгеннен кейін топыраққа көмілсе де, яки көмілмей суға батып балықтарға жем болып немесе отқа жанып күл болып кетсе де, міндетті түрде қайта тірілгенге дейін барзах өмірін бастарынан өткізеді. Адам баласы қабірге жерленгеннен кейін Мункәр және Нәкир деп аталатын екі періште келіп оған: «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Дінің не?» сияқты сұрақтарды қояды. Сұрақтарға жауап берген иманды жандар дүние өмірінен де тамаша, жұмақ өміріне жақын дәрежеде, рақат және ләззат ішінде болады. Ал, сұрақтарға жауап бере алмаған имансыз яки күнәһар жандар дүние өмірінен де бетер, тозаққа жақын кейіптегі азап ішінде ғұмыр кешеді. Демек, қабір адамдардың дәрежелеріне қарай жұмақ бақшаларынан бір бақша яки тозақтың шұңқырларынан бір шұңқырға айналады. Бір хадисте: «Кісі жан тәсілім еткен уақытта таңертең және кешкісін оған отыратын жері көрсетіледі. Егер жәннаттық болса, жәннат, тозақтық болса тозақ көрсетіледі. Сосын оған, міне, Алла сені қиямет күні қайта тірілткенге дейін отыратын жерің осы делінеді».

Алла Тағала баршамызды қабыр азабынан сақтап, жәннәтін нәсіп етсін!

                                   Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы

                                                         Данағұлов Алмас           

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз