Жаратқан Алла Тағаланың мұсылманға берген ұлы нығметтің бірі – адал ризық тауып жеп, арамнан сақтану. Себебі, адал нәрселер белгілі бір мемлекеттің шекарасы іспеттес. Адам баласы сол шекараны бұзған жағдайда заң алдында жауапқа тартылатыны секілді адалдан аттап арамға қол созған жан да Раббысының алдында жауапқа тартылатынын ұмытпауы керек. Сол себепті қасиетті кітабы Құран Кәрімде Алла Тағала бірнеше рет: «Адал ризық талап етіңдер!» – деп бұйырса кей аяттарда арамнан тыйғандығын қатаң ескерткен.
Мысалы, «Бақара» сүресінің 168 аятында: «Әй адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан» – деп ескертеді. Осы аятта Алла Тағала өзі рұқсат берген нәрсені ғана жеуге шақырады. Ал «...шайтанға ермеңдер!» деуі жұмыр басты пендеге арам нәрселерді жегізуді қалайтын лағынеті шайтан адамды Раббысына қарсы қойып, Жаратқанның әміріне бойұсынбауға итермелейді. Сондықтан Жаратушы «...ол сендерге ашық дұшпан» – деп оның арбауына түспеуді ұмыттырмайды.
«Муминин» сүресінің 51 аятында Алла Тағала: «Әй, пайғамбарлар! Халал нәрселерден жеңдер және ізгі іс жасаңдар!» – деп бұйырады. Яғни, бұл аят адам баласына ізгі қадам, салихалы амалдан бұрын халал нәрсе жеу керектігін ескерту арқылы астың тазалығы, адалдығы маңызды екендігін ұғындырады. Расында жегенін қадағалап, рұқсат етілген тағамдарды ғана тұтынған жанның жүзі жарық, пейілі ашық келетіні анық.
Ибн Масғуд (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Халал ризық іздеу – әрбір мұсылманға парыз!» – деген. Бұл парыз – басқа парыздардың ішінде қарапайым адамның түсінігіне күрделі болса, ағза үшін орындалуы ең қиыны есептеледі. Сондықтан білім және амал тұрғысынан өзге әрекеттерден жоғары тұратынын байқау қиын емес.
Тағы бір хадисінде Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бала-шағасының нәпәқасын халалдан табу үшін еңбектенген кісі Алла жолында жиһад етуші сияқты. Ары мен иманын сақтап, дүниені адалынан тапқан адам шаһиттердің дәрежесінде болады» – деген. Табарани (Әусат та 258). Осы хадистен ризық-несібені адал жолмен табудың артықшылығы шаһиттың дәрежесіндей екендігін ұғынамыз. Яғни, адал еңбек етіп, аянбай тер төккен адам Алла жолында жан қиған жанмен бірдей дәрежеге жететінін байқаймыз.
«Бірде Сағд (р.а) Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы қабыл жан болуы үшін Аллаға дұға жасауын өтінеді. Сонда Алла елшісі оған: «Асыңды адал, тазасынан же! Сонда дұғаң қабыл болады» – деп ескерту айтқан. Табарани (Әусатта 260).
Келесі бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Егер бір адам он дирхамға киім сатып алса, оның бір дирхамы харам жолмен келген болса, ол киім үстінде болған уақыт ішінде намазы қабыл болмайды» – деп ескертеді. (Ахмад 263). Бұдан мұсылманның ең берекетті амалы – дұғаның қабыл болуы үшін міндетті түрде ішер ас пен киген киімін адалдан табуының шарт екендігін байқау аса қиын емес. Ал, ризықты адалдан жемей, ішкен-жегеніне мән бермеген адамның құлшылығы зая кетіп, Жаратқан Раббысының тыйғанынан тыйылмай құрдымға кетуі әбден мүмкін. Бұған Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисі дәлел: «Бір адам кінәлі орыннан (харам жолдан) мал тауып, онымен туыстарына жақсылық жасаса немесе садақаға таратса, не болмаса Алла жолында жұмсаса, соңында Алла Тағала барлығын жинап, тозаққа тастайды». (Әбу Дәуіт 267)
Мақаламыздың басында айтқандай Жаратқан Алла Тағаланың Құранда: «...шайтанның ізіне ермеңдер!» – деген ескертуі лағінеті шайтанның адамға харамды жегізу арқылы құрдымға кетіріп, тозаққа душар етуді көксейтінін ұғындыру еді.
Бүгінгідей технология қарқынды дамыған ХХІ ғасырдың алғашқы кезеңінде арам астың кез-келген түрі адам денсаулығына орасан зор зиян тигізетінін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Әбу Хурайра (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Асқазан дененің қауызы сияқты. Тамырлар сол жерден нәр алады. Егер асқазан сау болса, тамырлар тәнге дұрыс нәр береді. Ал асқазан науқас болса, тамырлар да науқастық таратады» – дейді. (Табарани 270). Бұдан арам астың кез келген түрімен қоректенген пенденің денсаулығына анағұрлым зиян келетінін білеміз. Алайда оған амал етуге асықпайтынымыз өкінішті.
Әбу Абдолла Нуғман ибн Башир (Алла ол екеуіне разы болғай): «мен Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, халал белгілі және харам белгілі, ал олардың арасында адамдардың көпшілігі білмейтін шүбәлі нәрселер бар. Шүбәлі нәрседен сақтанған адам өз дінін және өз абыройын (сақтау) үшін (одан) арылады, ал шүбәмен айналысушы адам харамға баратын болады. Өйткені, ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар. Алла Тағаланың қорығы – адамдарға тыйым салған нәрселері. Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар. Ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады, ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады. Шын мәнінде, ол – жүрек», – дегенін естігенмін» – дейді. (Әл-Бұхари, Муслим).
Олай болса осы хадис әрбір мұсылманның өмірінің негізіне айналуы тиіс. Адалға қол созып, арамнан сақтанбайынша өмірдің берекесі мен Жаратқан Алланың мейіріміне бөлене алмаймыз.