https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ашу-ыза ақылды кемітеді

20 Jun 2020 0 comment Оқылды: 1618 рет

Әрбір мұсылман бойына ең жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру үшін – Құран Кәрімде айтылған және пайғамбарлардың мұра етіп қалдырған көркем сипаттарынан үлгі алуымыз керек. Егер адам осындай қасиеттерге ие болса, онда олар оның болмысы мен әдет - салтына айналады. Пендені жаннатқа жетелер шамшырағы болады. Ашуды тізгіндей білу, оған ерік бермеу осы сипаттардың қатарына жатады. Қандай жағдайда болмасын адамның байыпты және салқынқанды болуы жеке тұлғаны қалыптастырып, игілік пен жеңіске жетелейді. Осындай ізгі қасиеттерді бойына сіңіре алмаған пенде бойын ашу кернегенде, мейірімсіздік пен қаталдық билегенде әрқилы жаман істерге барады, тіпті олардың қатігездік, қылмыстық істерді де жасап қоюы мүмкін. Өйткені, ашу-ыза ерік күші әлсіз адамдардың ақыл - ойын билеп - төстеп, сабыр - төзімін жойып, есінен де адастырады. Сол себепті де бабаларымыз: «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», - деп айтып кеткен.
Ашу – сезімдік, эмоциялық күй. Оны қашанда ақыл - ойға, санаға билете алған адам ғана байсалды кісі атанады. Асан Қайғы атамыз ашуға берілмеу, ұрыспау, араздаспау хақында былайша ой толғайды:
Еділ бол да, Жайық бол, Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе, Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да, Алдыңа келіп қалған соң, Қол қусырып барған соң, Аса кеш те қоя бер, Бұрынғыны қуыспа.
Ақың болса біреуде, Айыбын тап та ала бер, Ерегісіп ұрыспа.
Сенікі жөн болса да, Атың шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға, Енді қайтіп жуыспа.
Тәуір көрер кісіңмен, Жалған айтып суыспа.
Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін, Желке терің құрысып, Әркімменен ұрыспа.
Ашу-дұшпан, артынан Түсіп кетсең қайтерсің, Түбі терең қуысқа?!
Құран Кәрімде Ұлы Жаратушы Иеміз мүмін пенделердің сипаты жайлы былай деген: «(Ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайынын беруге шамасы жете тұрып) Ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар...», дейді. Демек, тақуа адам айналасындағы кейбір адамдардың қыңыр мінездерінен туындап жатқан, қисық әрекеттеріне соншалықты қадалып, әркімді сынап - мінеп айып тағып жүретін адам емес. Тіпті кейбір қылықтарына көз жұмып, кешіре салуға бейім тұрады. Бұлардың мұндай қасиеттері мен бойларына қалыптастыра алған керемет мінез-құлықтары Алла Тағаланың сүйікті құлдарының қатарына қосылуларына дәнекер болады. Аяттың жалғасында айтылғандай: «Шүбәсіз, Алла (міне, осындай) ізгі жандарды жақсы көреді»
Ал Әбу Һурайраның (р.а.) ардақты Пайғамбарымыздан (ﷺ) жеткізген хадисінде ашуға берілмеудің маңыздылығы турасында былай делінген: «Бірде, Пайғамбарымызға (ﷺ) бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған кеңес беріңіз?» - деп өтінгенде, Ол (ﷺ): «Ашуға берілме!» - деді. Кейіннен әлгі кісі осы сұрағын бірнеше мәрте қайталаған еді, Пайғамбарымыз (ﷺ) да сонша рет: «Ашуға берілме!» - деп жауап қатты».

Ұлық Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінде ашуды баса білудің мынадай жолдары насихатталады:
1. «Егер де біреулеріңнің ашу-ызасы келсе, онда үндемесін». Яғни ашуланып тұрған кезде үндемеу үлкен қасыреттің алдын алады.
2. «Ашу келгенде адам түрегеліп тұрған болса отырсын, сонда да ашуы тарқамаса, жатып алсын».
3. «Ашу шайтаннан, ал шайтан оттан жаралған, от сумен өшіріледі. Кім ашуланса, дәрет алсын».
Ашу дәрет алумен басылады деген сөздің мәнісі: ашуланған адамның қан қысымы жоғарылайды, адам танымастай өзгереді. Мұндай кезде мұздай сумен дәрет алып, жуынса, ыстығы басылады.
4. Ашуланған адам оны басу үшін: «Әъузу бил – ләһи минәш – шәйтанир – ражим», - деп айтуды бұйырады.
Әбу Дарда сахаба Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп:
- Иә, Расулуллаһ, маған жәннатқа кіретін бір сөз айтыңызшы, - депті. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) «- Ашуланба! Жәннат сеніңкі!», - депті.
Пайғамбарымыз (ﷺ) өзі үшін емес, Аллаһ Тағала үшін ғана ашуланады екен. Анас ибн Мәлик (р.а.) былай деп жеткізеді:
–Мен Алланың елшісімен (ﷺ) бірге келе жатқан болатынмын. Оның үстінде қатты, қалын Нажранилық шапан бар еді. Бір кезде бізді бәдауй қуып жеті де, Пайғамбардың (ﷺ) жағасына жабысты, оның мойынын қатты қысқаны сонша, мен пайғамбардың мойынынан шапанның қып-қызыл ізін байқадым.
Әлгі бәдауй Пайғамбардың (ﷺ) жағасынан қысып тұрып:
–Ей, Мұхаммед! Сендегі Алланың мүлкінен маған да беруін әмір ет! – деді. Алланың елшісі (ﷺ) күлімдеп қарады да оған (мал) беруді бұйырды.
Ия, хадистерден көргеніміздей ашу – мұсылманға жат. Мұсылман адам ашуын тежеген сайын Алла тағала оның иманын кемелдете түседі. Ал иманы кемел адам Абай атамыз айтқандай «толық адам». Мұндай адам өзін жаман пиғылдан, бұзық амалдардан аулақ ұстайды.


Ақсу аудандық мешіті

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз