Зекет- исламдағы 5 парыздың төртіншісі. Зекет беру хижреттің екінші жылы оразадан бұрын парыз болған. Қасиетті Құранның 31 жерінде зекет жайында аяттар бар. "Бақара" сүресінің 110- аятында:"Намазды толық орындаңдар, ЗЕКЕТ беріңдер. Өздерің үшін жақсылық жасаңдар. Алла Тағаланың қасынан табылыңдар. Шындығында Алла не істегендеріңді толық көруші" деп, ашық әмір етті.
Зекеттің тілдік мағынасы- көбею, өсу, береке, тазалық. Шариғаттағы терминдік мағынасы- нисап мөлшеріне жеткен байлық иесінің мал- мүлкінің бөлігін жылына бір рет Алла ризалығы үшін Құранда көрсеткен адамдарға беру. Зекет ұғымы- тазару, зекеті берілсе, мал- мүлік кірінен, беруші байлық иесі- борышынан тазарады. Зекет берілмесе, түгі жоқ кісілердің, пақырлардың ақысы желінген болады. Алла Тағаланың әмірін орындамағандар екі дүниеде де азапқа ұрынады.
Зекет берудегі басты мақсат- пенденің өзіне берілген нығметті сезініп, оған шүкір етуі. Алла Тағала "Ибраһим" сүресінің 7- аятында: "Шүкір етсеңдер (нығметімді) арттырамын" дегеніне амал қылып, шүкір етіп, зекет берсек, мал- дүниеміздіе құтты да берекелі болуын қамтамасыз етеміз. Сондықтан әрбір ауқатты мұсылманға зекет беру парыз. Зекет- әр түрлі апаттан, ауру- сырқаудан, пәле- жаладан сақтайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Мал- мүліктеріңді зекет берумен қорғаңдар" деп хадисінде түсіндірді. Зекет- кедейлердің тұрмысын жақсартып, әрі қарай тіршілік етуіне жәрдемдесуін қамтамасыз ететін ғибадат. Зекет- қайыршылыққа жол бермеудің амалы. Тағы бір хадисте: "Расында Алла мұсылман байлардың малынан кембағалдарға жетерлік мөлшерін парыз еткен. Олардың аш- жалаңаш қалуы- байлардың сараңдығынан. Алла байларды қатаң сынаққа алып, қатты азаптайтыны" айтылған.
Құран Кәрімдегі "Тәубе" сүресінің 103- аятында Алла Тағала: "Олардың малдары көбейіп және өздері күнәларынан тазару үшін мұсылманның малынан садақа ал" деп, бұйырды.
Зекет- адамды дүниеқоңыздықтан арылтып, кішіпейілдікке, жомарттыққа тәрбиелейді. Қоғамның тұтастығын қамтамасыз етеді. Зекет- өзара сүйіспеншілікті, бауырмалдықты күшейтеді. Байлар мен кедейлерді біріктіреді. Бұл жайтты "Зекет- исламның көпірі" деп, Пайғамбарымыз әдемі жеткізді.
Сондықтан зекет берушілер байлығының еселеніп артатынын білген жөн. Алла Тағала: "Шайтан кедейлікпен қорқытып, сендерді жамандыққа шақырады. Алла сендерге өз тарапынан кешірім мен кеңшілік уәде етті" ("Бақара", 268- аят) деді. Зекет беру- кедейшілікке жол ашпайды, керісінше байлықты арттырып береке кіргізеді. Яғни, зекет берушілер қияметте азапталмайды. Сөз барсында зекет парыз болған мал- мүлік түрлерін айта кетейік. Олар: 1. Төрт- түлік мал.
2. Алтын, күміс, басқа ақша түрлері.
3. Әртүрлі сауда заттары.
4. Әртүрлі егін, бау- бақша жемістері.
5. Кен- қазына өнімдері.
Жалпы түйіндесек, зекеті берілген нәрсе әрдайым берекелі, көбеюші. Екі дүниеде пайдалы. Азаптан, тозақтан азат етуші. Күнәларды жоюшы. Сондықтан жылына бір рет берілетін зекет- бақыт бекеті дегім келеді. Бақыт бекетінде Алланың уәде еткен сыйы бар. Сол бекетке орта жолдан түсіп қалмай жете берейік. Зекеті берілген мал- мүлік ешқашан азайған емес. Зекет беруші ешқашан азапталмайды. Қасиетті рамазан оразасы қабыл болсын!
Жұмағалиев Болат
"Жетісу" мешітінің бас имамы