Садақа берудің түрлері өте көп. Ол да Аллаға жақындататын, жаратушының жақсы көретін амалдарының бірі болып саналады. Әсіресе, қасиетті рамазан айында берілетін пітір садақаның орны бөлек. Жай күндегі садақа басқа келер пәлені қайтарып, жақсылыққа жетуге жол ашса, қасиеттегі айдағы Алла разылығы үшін беретін «пітірдің» мәні мен мағанасының қаншалықты бөлек екенін білуге болады. «Пітір» сөзі «жаратылыс», «ауызашар» деген мағыналарды береді. Сонымен қатар, кең мағанасында рамазан айының оразасынан шығу белгісі және осы айда біліп-білмей істеген қате-кемшіліктеріне кәффәрәт болу ретінде берілетін садақаны шариғат пітір деп атайды.
Пітір садақасының шығу тарихы туралы ғалымдар «Һижраттың екінші жылында Аллаһ тағаланың: «Әлдекім тазарса және Раббының атын еске алып, намаз оқыса, ол арманына жетеді» («Ағла» сүресі, 14-15 аяттар), – деген аяттары арқылы мұсылмандарға әмір етілді», – деген пікірде. Ибн Аббас (р.а.): «Айтқан бос сөз және жасаған жағымсыз іс–әрекеттерден тазару, сондай-ақ кедей-кепшіктерді тамақтандыру мақсатында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рамазан айында ораза ұстаған адамдарды пітір садақа беруге бұйырды», – деп риуаят етеді (Әбу Дәуд пен Ибн Мәжә жеткізді). Рамазан айында ораза ұстаған кей адамның біліп, білмей, болар-болмас сөздер айтып, жағымсыз іс-әрекеттер жасап қоюы мүмкін. Бұл нәрселер оразаны бұзбаса да, оразаның сауабын кемітеді, ораза ұстаған адамда күдік тудырады. Берген пітір садақасы сол айда ұстаған оразасының кем-кетігін толдырып, қате-кемшіліктерін жояды. Жағдайы нашар мұсылман адам тағы бір діндес бауырларынан материалдық көмек алып, көңілдері шаттыққа бөленеді. Айт күнінде олардың жүздері қуанышықа бөленіп, көңілдері марқаяды. Адамдар арасында мейірім артады. Сондықтан, шариғатымыз әр елде сол жердің кең таралған тағамынан мұқтаждарға пітір садақа беруге міндеттеді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде пітір садақа құрма, мейіз, арпа, бидаймен берілген. Ханафи мазһабы негізінде жазылған фиқһ және пәтуә кітаптарында: «Пітір садақа төрт нәрседен беріледі. Олар: бидай, арпа, құрма, мейіз. Қажетіне ыңғайлы болғандықтан аталмыш тағамдардың
ақшасын берген абзал», – деп көрсетеді. Әрине, аталмыш тағамдардың бағасы жергілікті базардағы нарықпен есептеледі. қазіргі уақытта кейбір азық-түліктердің сауда-саттық орындарында немесе тұтынудың өзгеруіне байланысты пітірді ақшалай берудің мәні бар екенін ұғуға болады. Әбу Юсуф (р.а.): «Бидайдың орнына ұн, ал ұн мен бидайдың орнына бұл екеуінің дирһамын (ақшасын) берген абзал», – деген. «Әл-бәхрур раиқ шарху кәнзид-дақаиқ» кітабында: «Бидайдың ұны мен талқаны бидай сияқты жарты «саъ» етіп беріледі. Олардың (бидай, ұн және талқан) арасындағы баға айырмашылығы еш рөл атқармайды», – деп баяндалған.
Ал, енді кімде-кім пітір садақаны ҚМДБ бекіткен бағада беруге қиналса, «пітір садақасын беру» күнделікті қажетінен артық дүниесі бар мұсылмандарға ғана міндет болған ғибадат екенін еске саламыз. Ал, бұған шамасы жетпейтін жан үшін пітір садақасын беру міндет болып саналмайды. Алла бәрімізді пітір садақасын артығымен беретін бардам құлдарынан қылсын!!
Сарқан аудандық орталық
мешітінің бас имамы
Серікбек Асқар ұлы