Бұл өмір-адамзат баласы үшін сынақ. Өмірде жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныш, қиындық пен жеңілдік қатар жүреді. Біздер әуелден пешенемізге жазылып қойылғанды ғана көреміз. Сондықтан, қашанда басымызға қуаныш не қайғы келсе, ол Алланың қалауымен ғана болатынына күмәнсіз сенеміз. Жүрегінде иманы бар, көркем мінезді адамның бойынан әр істе сабырлылық қасиетін байқай аламыз. Өмірдегі түрлі қиындықтарға тап болған адамға өзін-өзі ұстап, сабырлық таныту, әрине оңайға соқпайды. Сол себепті де сабыр етушіге Алла тарапынан берілетін сыйы мен сауабының мөлшері көрген қиындықтарына орай арта түседі. Сабырлылықтың құндылығы жайлы Құранда тоқсан жерде айтылады.
Ұлы Жаратушымыз қасиетті Құранда: «Расында Алла сабыр етушілермен бірге» Бақара сүресі 153 аят.
«Сөзсіз біз сендерді қауіп-қатермен, аштықпен, малдарыңды, жандарыңды және өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз. (Мұхаммед с.а.с) сондай жағдайларда сабыр сақтайтын жандарды қуант. Қашан да оларға бір ауыртпалық жетсе, олар: «Шын мәнінде, біз Алладан келдік және Оған қайта ораламыз» -дейді. Міне, соларға Раббылары жақтан жарылқау және шапағат бар» ,- дейді. Бақара сүресі 155-157 аяттар.
Сондай-ақ, Алланың Елшісі:
«Сабырлық таныту – ол Алладан берілген сый және Алланың алдында сабырлықтан артық сый жоқ»,
«Расында адамның басына қасырет берілсе және сол қасыретке сабырлық танытса, қанша жақсы амалдарымен де жете алмас деңгейге, дәрежесі көтеріледі»,-деген (Ибн Хиббан, «Сахих» кітабы, № 2896).
Тарих пен Құранның қиссаларын қарасақ, Аллаға ең жақын болған пайғамбарлардың өздері өмірінде қанша қиыншылықтарды бастан кешіріп, ауыр сынақтарға сабыр ете білген. Сахабалар да Исламды қабылдап, иманға келгені үшін дінсіздер тарапынан талай азап көріп, зардап шегіп жатса да Аллаға арыз айтып шағымданбады. Олар жақсылық та жамандық та тек бір Алланың қалауымен ғана болатындығына нық сенген, күшті иман иелері бола білді. Әуелі кейбір сахабалар өмірлері жақсарып, басы ауырмай, балтыры сыздамай қалса, «Алла мені ұмытты ма, маған сынақ келмей қалды ғой?»,- деген ойға баратын болған екен.
Біздің ата-бабаларымыз да осы күнге дейін талай нәубетті бастан кешірді. Аштық, репрессия, көш, соғыс, індет сияқты ауыр да азалы күндерді бастан кешірген бабаларымыз: «Жазымыштан озымыш жоқ»,-деп тағдырдың жазуынан қашуға болмайтындығын жете сезіне білген. Сондай зұлматты көре тұра сеніміне селкеу түсірмей, иманына берік болып, Құдайға деген құлшылығын тастаған емес. Оған тарих куә.
Дана халқымыз: «Сабыр түбі – сары алтын», « Сабырлы жетер мұратқа», «Сабырлы болсаң-озарсың, сабырсыз болсаң-тозарсың»,- деген қағидаларды берік ұстанып, өмірдегі қиындықтарға төзе білген. Осындай ұлы қасиетке ие болудың мәні -имандылықта жатыр әрине.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Егер құлдың басына қасырет түсіп және ол өз-өзін сабырлыққа шақырып: «Расында біз Алладанбыз және Оған қайтамыз. Ия, Алла! Осы қасыретте маған нығмет бере гөр»,-деп айтар болса, Алла ол құлын сый-сыяпатына бөлейді»,-деді (Имам Мүслім жеткізді).
Яғни, қасіретке тап болған адам жоғарыдағы хадисте келтірілген дұғаны айтар болса, оған Алла жеңілдігін беріп, тиісті нығметке бөлейтін болады. Сондықтан, әркез өмірдің жалғандығын естен шығармай, бәрі де уақытша екенін сезінсек, әрі шынайы, мәңгі өмір ақыретте болатындығын білсек, бұл уақытша өмірдің сынағына сабыр етіп, Аллаға деген шүкіршілігімізді арттырсақ, ұлы Жаратушымыздың сабыр еткен құлдарына уәде еткен жәннәтінан үмітімізді үзбейік.
Алакөл ауданының бас имамы: Әнет ОМАРХАНҰЛЫ