https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Тарауих намазы туралы

29 Apr 2020 0 comment Оқылды: 1001 рет

Міне, күллі мүмін мұсылман тағатсыздана күткен берекелі Рамазан айы да келіп жетті! Рамазан – ерекше ай. Ол Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай жанды баурап алатын қасиетті уақытта жүрек дүрсілі жиілейді.
Рамазан-айлардың сұлтаны деп те бекер айтылмаған керек, себебі бұл айда көпшілік қауым жарыса сауапты істі жасауға жарысады.Бұл ай діннен алыс адамдарды жақындатады, рухтарын асқақтатады, жақсылық жасау ниетін одан әрі дамытады. Бірі осы айды қолданып намаз бастап жатса, бірі құранға түсіп жатады, ал енді бірі барынша көбірек құран оқып қалуға тырысады. Өйткені бұл айда жасалынған амалдар, кейін арғы дүниеде мол сауаптан нәсіп ететіні сөзсіз!
Былайша айтқанда, игі істер молайатын маусым. Біз Алла Тағалаға барынша жақын болғанымыз абзал. Жаратушымызға бұрылып бір қадам жасасақ, Жаратушымыз бізге қос қадам жасайды. Бірлігіміз, барлығымыз үшін күні-түні сансыз мадақтар мен алғыс айтуымыз тиіс. Шүкіршілік етуіміз керек. Тек қанағат етпей, бұл сөздің мағынасын аңғаруымыз шарт.
Әр айдың өзіндік бір ерекшелігі, өзіндік бір сауабы болғандай, Рамазан айының түндері ең берекелі түндер, себебі бұл айда Тарауих намазы бар.
Тарауих намазы жиырма рәкәғат. Әр екі рәкәғаттан соң сәлем бергенімен, әр төрт рәкәғаттан соң бір сәт демалғаны үшін бұл төрт рәкәғатты «таруиха» деп атайды. Бір тарауих намазында бес таруиха бар. «Таруих» - дем алу деген мағынаны білдіреді. Көпше түрі – тарауих.
Айша анамыз былай дейді: «Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) кешкісін мешітте тарауих намазын оқыды. Мұсылмандар да оған ұйып тарауих намазын бірге орындады. Ертесі күні таң атысымен осы мәселені бір-біріне түсіндіре бастады. Екінші күні кешке мешітке жиналған мұсылмандар саны көбейе бастады. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) мешітке келіп оларға намаз қылдырды. Таң атқаннан кейін жамағат бір-біріне бұны да түсіндіре бастады. Үшінші күні жамағат саны кешегіден де артты. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) кешкісін жамағат алдына шығып намаз өткізді. Төртінші күні кешке мұсылмандардың көбейгені соншалық, мешітке сыймай кетті. Бірақ Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тарауих намазын оқу үшін көпшілік алдына шықпады. Кейбіреулер намаз оқу үшін жиналғандарын ескертуге тырысқанымен, Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) таң намазына дейін олардың алдына шықпады. Таң намазын оқып болғаннан кейін жамағатқа бет бұрып шахадат сөзін айтты да: «Жамағатпен тарауих намазын оқудағы әрекеттеріңізді көрдім. Алдарыңа шығуға кедергі болған нәрсе мынау еді, мен осы намазды өздеріңе парыз етіп қабылдап, бұл намазды өтеуде әлсіздік танытып күнәға бой алдырасыңдар ма деп уайымдадым» деді». [Бухари, Муслим, Ахмед ибн Ханбал]
Хз.Омар мемлекет басшысы ретінде адамдарға пайғамбар мешітінде халифалығының соңғы жылдарында тарауих намазын жиырма рәкәғат қылып оқытқан. Ол уақытқа дейін адамдар тарауих намазын жеке өз бастарына оқитын. Хз.Омар мешітке келгенде жамағаттың бәрі өз бетінше намаз оқып жатқан болатын. Сондай тәртіпсіздікті байқаған Хз.Омар сол күннен бастап бір имамның артында жиырма рәкәғат тұратын тарауих намазын оқуды бұйырған. Әділ халифалардан кейін тарауихтың жиырма рәкәғат болып жамағатпен оқылуына ешкім қарсы шықпаған. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Менен соң менің сүннетімнен және әділ халифаларымның сүннеттерінен алшақтамаңдар» деп айтқан. [Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжә]
Екіншіден, Ибн Аббастың рамазан айында жамағаттан бөлек тарауих намазын жиырма рәкәғат оқығаны, артынан үш рәкәғат үтір намазын оқығаны риуаят етілген. [Шәуқани ІІІ,53]

«Рамазан айы кіргенде жәннат есіктері ашылады. Жәһаннам есіктері жабылады. Шайтандар да шынжырмен байланып қамалады» (Бұхари; Мүслим). Міне азғырушының қамалу себебінен біздің де салиқалы амалдарымыз көбейе түседі екен.

Сондықтан, Рамазан – ертеңгі күннің шуақтылығы үшін үлкен мүмкіндік, кепілдік, Алланың берген ерекше сыйы. Иман келтіргендер үшін ораза ұстау, намаз оқу қиындық тудырмайды. Олар жыл сайын осы сәттерді қуана-қуана күтіп, бар ынтасымен ауыз бекітеді, ауыз ашар жасайды, намаз оқиды, садақа береді. Бар болғаны Аллаһ разылығы үшін. Аллаһ ұлық!
Аллаһым бізді Рамазан айында күнәдан жаңа туған сәбидей пәк күйде тазарып шығуды, әрі Өзінің сүйікті ораза ұстаушы құлдарына дайындаған үлкен сыйы Жәннәттың әр-Райян қақпасынан кіруді нәсіп етсін.
Әр бір батқан түн, атқан таң үшін Аллаға сансыз мадақтар болсын. Аллаһ ұлық, Мұхаммед Мұстафа (с.ә.у.) оның елшісі. Баршамызға Қасиетті ай мүбәрәк! Рамазаннан рамазанға жете берейік! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

Булекбаев Ерік

Қаратал ауданы бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз