https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Рамазан – он бір айдың сұл¬таны, берекелі де кешірімі мол ай

29 Apr 2020 0 comment Оқылды: 646 рет

Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы - Аллаһ тағаланың пенделерін  тура жолға бастаушы қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы мүбәрәк аяттары түсе бастаған, сексен үш жыл төрт айға тең келетін Қадір түні бар, сондай-ақ тілек-дұғалар қабыл болатын қасиетті Рамазан айы. Рамазан - игілік, береке, кешірім, мейірім және қайырымдылық айы, осы айда шайтан шынжырланып, ел ішінде игі істер жасаушылар өзара жарысқа түсетін ай. Міне, бұл - жер жүзіндегі күллі мұсылман аңсап күткен үммет айы! Бұл айда исламның бес парызының бірі – ораза ұстап ауыз бекітеміз. Ораза араб тіліндегі «саум» сөзі «алыстау» деген мағына берсе. Шариғаттағы мағынасы - мұсылман адамның шын ниетпен таң атқаннан, күн батқанға дейін ішіп-жеуден бас тартып, ауыз бекіту және құмарлық сезімдерден өзін тиюы. Қасиет­ті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа же­­тулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) – деп бұй­рыл­ған. Хадис-шарифте: «Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және рамазанда ораза тұту», деп ораза ұстау исламның шартынан екендігін білдірсе, мына хадисте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кә­міл иманмен, сауабын Алла­ та­ғаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен кү­нәлары кешіріледі» дей келе, оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді. Ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Рамазан айы тек оразаның сауа­бына кенелетін емес, күнәлар­дың да кешірілетін кешірім айы. Жа­рат­қан Алла тағала ораза ұста­ған­дар­ды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат қиялы жетпейтін жақ­сы­лығымен марапаттайды. Адам пенделікпен өзге құл­шы­­лықты көрер көзге, атақ, абы­рой үшін жасауы мүмкін. Алайда ора­заны көрер көзге ешкім рия­лық­пен тұта алмайды. Ораз­а­ны Алла­ға шын сенген мұсыл­ман ғана ұстайды. Алайда, ораза тек таңның аты­сынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру ар­қы­лы тәнді рухани тазартады. Ар­дақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы бола­ды», – деп тектен тек айтпаған.  Бұл айда мұсылман баласы жүрек түкпіріне түрлі арам ойлардың уақытша ұялауына да жол бермей, нәпсімен тынымсыз айқасады. Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Алла разы болмайтын барша істерден, сөздер мен қылықтардан тыйылып, күллі ізгілікке бет бұру. Ораза – Құран түскен ай: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын… әрі Алланы ұлықтаңдар» (Бақара: 184-185) деген. Сондықтан бұл айда бастан-аяқ қайта-қайта Құран оқылып, күллі жерде оның қасиетті үні естіліп, көкке шалықтап жатады. Сондай-ақ ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әре­кеттерін көріп, тұрпайы сөз­дерін естісе де: «Мен ораза­мын» деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр­ға келеді. Ал, сабырлылықтың сыйы – жәннат. Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылып, ризық-несібесі ар­та­ды. Сондықтан Алла Тағаланың мүбәрак айда берген мүмкіндікдерін кеңінен пайдалануымызды жазсын. Қазіргі кезеңде індет қауіпіне байланысты елімізде біршама қиындықтар болып тұр. Расында асыл дініміз үкімдерінде қиындық жоқ. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз : «Шындығында дін – жеңіл», – деген. Ислам дініндегі әрбір ғибадаттың, парыздың оңтайлы тұстары бар. Хақ Тағала пенделеріне ауыр істі жүктеп, қиындыққа душар етуді қаламайды. Ел басына түскен бұл ауыртпалықты Алланың сынағы деп қабылдағанымыз жөн. Қасиетті Құран Кәрімнің шарх сүресінде Алла Тағала: «Әр қиындықпен бірге сөзсіз жеңілдік келеді» - дейді. Алла Тағала Əлемді алаңдатқан індеттің беті қайтып, мамыражай тіршілік қайта орнап, мешіттеріміздің есігі айқара ашылып, жұмада, намаздарда жамағатымызбен қайта қауышуды Раббымыз нәсіп етсін! Қасиетті айда жасаған ғибадаттарымыз бен дұға-тілектеріміз  қабыл болып, ел іргесі аман болсын!

О

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз