https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ОРАЗА ҚАБЫЛ БОЛСЫН, АҒАЙЫН!

22 Apr 2020 0 comment Оқылды: 913 рет

Жылдан жылға оразаны сағына тосып, ауыз бекітуді аңсайтын Жетісу жұртшылығын биылғы Рамазан айымен құттықтаймын. Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразамызды қабыл етіп, қияметте сауабын молынан беріп, қуанышқа кенелтсін!
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының басталуы жөнінде халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтары таратқан мәліметке сай Мысыр, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларының ұстанымдарын ескеріп, ауыз бекітуді 24 сәуірден бастап, 23 мамырға дейін 30 күн ұстауға шешім шығарды. Құдай қаласа, 24 мамыр күні ораза айт намазы оқылады.
Күллі Қазақстан жұртшылығын алаңдатып, халқы көп қалаларды карантинге жаптырған «COVID-19» вирусының таралуына қарамастан биылғы ораза жылдағы тәртіппен ұсталатынын ескерткім келеді. Жалпы жұртшылықты дүрбелеңге салған карантиннің ауыз бекітуге ешқандай кедергісі жоқ немесе әсер етпейді. Оразаны кімдерге ұстау парыз екендігіне келер болсақ, ең алдымен балиғат жасына жеткен, ақыл-есі бүтін әрбір мұсылман адамға парыз. Алайда Жаратқан Алла Тағала ауру-сырқауға, жолаушыға, емізулі баласы бар және жүкті әйелдерге, егде жастағы қарттарға жеңілдік ретінде ораза ұстамауға мүмкіндік берген. Дегенмен, науқас адам ауруынан айыққанда, жолаушы сапардан оралғанда, аяғы ауыр әйел босанған соң оразасының қазасын өтеп, ауыз бекітеді. Ал, ауыз бекітуге денсаулығы мүлде жарамайтын, өмірінің соңына дейін ораза ұстауға болмайтынын дәрігерлер растаған және қарттықтан әбден қалжырап, ораза ұстауға шамасы келмейтін жан әр күніне пидия беру арқылы мойнындағы оразаның парызынан құтыла алады. Биылғы жылы бір күндік підияның бағасы 1700 теңге деп белгіленді. Ол орта есеппен таңғы және кешкі астың құнына тең. Міне, осындай шариғат шарттарына байланысты биылғы ораза бұрынғыдай ұстала береді. Жұқпалы дерт немесе иммунитеттің әлсіреуі ауыз бекітуге кедергі келтірмейді. Өйткені, ораза бірнеше күн бойы аш жүруді емес, күндіз тамақтанудан тыйылуды талап етеді. Яғни, түнде ұйқыдан тұрып, таңға жуықтағанға дейін ішіп-жеп, ауыз бекіту шарт. Кешкісін күн ұясына қонғанда ауыз ашуға болады. Бар болғаны сол. Сонымен қатар, биыл пітір садақаның жан басына шаққандағы мөлшері 370 теңге деп белгіленді. Оны банк карточкалары арқылы мешіттердің есеп-шоттарына салуға болады. Ондай мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін мешіттеріміздің қақпасына садақа жәшіктері қойылады.
Жылда жамағатпен мешітте оқылатын тарауық намазын енді үйде оқу керектігін ескертіп жатырмыз. Отбасымен, бала-шағамен бірге тарауық намазын оқудың өзіндік ләззаты да бар. Оны ұзақ сүрелермен оқу шарт емес. Жатқа білетін, қысқа сүрелерді қайталау арқылы 20 ракағат намазды толық оқуға болады. Өйткені, бұл сүннет намаз, міндет намаз емес. Отағасы әйел, бала-шағасына имамдық етіп, тауарық намазын өтей алады. Бұның да қайыры бар. Отан отбасынан басталатынын ескерген жан еліміздегі береке-бірліктің, тыныштықтың, тұрақтылықтың бастауы үйдегі тәлім-тәрбиеден шығатынын ұғады. Өкініштісі биыл тауарық намазы мешіттерде оқылмайды.
Жыл сайын еліміздің барша жұртшылығы ауызашар беріп, мәре-сәре қуанышқа, өзара сауапқа кенеліп жатушы еді. Биылғы пандемия жиналып, қауымдасып ауызашар беруге болмайтынын ұғындырып отыр. Оның үстіне мейрамханалар мен дәмханалар жұмыс істемейді. Ал, үйлерге көпшілікті жинауға тыйым салынған. Осындайда не істеуге болады? Әрине бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Ауызашарды үйге дейін жеткізіп беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Осыған дейін Жетісу жерінің мешіттерінде төтенше жағдайға байланысты қайырымдылық штабтары құрылып, «Біз біргеміз», «Жүрек жылуы» атты акциялары аясында мыңнан астам отбасыға қажетті азық-түлік жеткізілді. Дәл сол секілді кімде кім ауызашар бергісі келсе мешіттен мұқтаждардың тізімін алуына болады немесе азық-түлігін мешіттің жанынан құрылған еріктілер тобы арнайы санитарлық шарттарды орындай отырып, ауызашарды мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізіп беруге кепіл болады.
Биыл еліміз бойынша Құран Кәрімді хатым етуді қалаған жандар үшін тікелей эфирлер ұйымдастырылып, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ютуб желісіндегі «Хикмет ТВ» арнасы арқылы онлайн байланыстар орнатылады. Талдықорған өңірінің жұртшылығы, Фейсбук, Ютуб, Инстаграм, ВКонтакте желілері арқылы Құран Кәрімді бастан-аяқ оқып шығуды ойластырып отыр. Ол үшін көпшілікпен келісілген белгілі бір уақыт алдын ала хабарланады. Сол сәтте «Иман» мешітінің қариы күніне бір параны хатым етіп, құдай қаласа, Қадір түнінде елмен бірге Құран хатымның дұғасын жасаймыз. Бұл намаздан тыс уақытта оқылады. Имамға ілесіп, толық оқып шығуды қалаған жан үшін осындай мүмкіндік қарастырылуда.
Жаратқан Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық беріп, халқымызды ауру-сырқаудан, бәле-жаладан сақтасын! Дүйім жұртты алаңдатқан жұқпалы дерттің беті қайтып, бұрынғыдай еркін араласып, тікелей қарым-қатынас орнатуымызды нәсіп етсін!

Ардақ Нүсіпханұлы,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша бас имамы.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз