Ассалаумағалайкум! Cіздерді он екі айдың Сұлтаны Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын. Алла баршамыздың құлшылық ғибадаттарымызды қабыл етсін Әлемді дүрбелеңге салған осы індетке Алла өзінің Әш – Шафи сипатемен шипа берсін. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте қасиетті Рамазан айының басталатын күнін мәлімдеді. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын В.Г.Фесенков атындағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталады деген шешімді ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қабылдады. «Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді» Бас мүфти еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдеді.
«Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз. Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері: 1. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге; 2. Көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана т.б.) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауыз ашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: а) Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату; ә) Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру;б) Ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру, т.б» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
«Қасиетті Рамазан айы һижра жыл санауының екінші жылында Шағбан айының соңында Құран Кәріммен парыз болған. Құран кәрім Бахара сүресінің 183 аятында «Ей Аллаһқа иман келтіргендер, сендердің алдарыңдағыларға парыз болғандай, сендерге де Ораза парыз болды, бәлки сендер тақуа боласыңдар» делінеді. Бұл аятта мұсылмандар үшін көптеген хикмет бар. Ол қандай хикмет десеңіз, бұл аятта Исламға дейінгі болған кітаптардың барлығында да Ораза адамдарға парыз етілгендігін хабар қылып отыр. Демек, Ораза тек Исламның кезінде пайда болған емес, Исламның алдында Иса (а.с), Мұса (а.с), Інжіл, Тәурат, кітаптарының ішінде де парыз делінген. Бірақ біздің ережемізден олардың ережесі бір бөлек. Оған дәлел мысалға Мұхаммед (с.а.у) айтқан сәресін ішіңдер деп, біздің Оразаның басқалардан айырмашылығы біз сәресін ішеміз, ал олар сәресін ішпеген. Оларға Ораза парыз болғандай, сендерге де парыз болды дейді, бәлки тақуалыққа келесіңдер дейді. Тақуалық дегеніміз - ол Алладан қорқу, Алланың тыйыл деген нәрсесінен тыйылу, бұйырған нәрсесін бұлжытпай қарсы шықпай орындау. Яғни имандылық, мұсылман адам «Аллаһтан басқа құдай жоқ, Мұхаммед (с.а.у.) оның елшісі» - деп оны мойындағаннан бастап, мойнына Намаз, Зекет, Ораза, Хажылық парыз етілді. Рамазан айының қасиеті мен артықшылығы жайында айта кетсек Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) хадисінде айтылады: «Сендерге Ораза айы келіп жетті, бұл айдың түні басқа айдың түнінен мың есе артық». Өйткені бұл айда Қадір түні бар. Бұл айда Құран түсті, сол Қадір түні кеші бар. Рамазан айының тағы бір қасиеттілігі. «Бұл айда Құран түсті, пайғамбарлық түсті, пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у) дін келді, ол дін не үшін келді? Құранда айтылғандай қараңғылықтан нұрға шақыру. Нұр дегеніміз ол тура жол. Рамазан айында Ораза ұстаған адам таңнан кешке дейін тамақ, сусын ішпей, жаман сөзден, нәпсіден тыйылуы тиіс. Өйткені Рамазан айы құлшылық айы, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде кеогендей, «бұл айда жәннаттың есігі ашылып, тозақтың есіктері жабылады, сондай-ақ шайтандар шынжырға құрықталатын ай». Жәннаттың есігі осы айда Аллаға құлшылық етіп, өзін-өзі тәрбиелеп, тамақтан, ішуден, жаман сөздерден және жаман қылықтардан арылған адамдарға ашылады. Егер осы айда әртүрлі жаманшылық, азғыншылық істеп, шариғаттың шеңберінен шығып қылмыс істесе, тыйылмаса ол жәннатқа кіре алмайды. Ал тозақтың есігі кімдер үшін жабылады, ол Аллаһқа құлшылық етіп, оны еске алып, бес уақыт намазын оқып, Оразасын ұстап, Аллаһқа мінәжат еткен адамдар үшін жабылады. Адамның ең басты жауы кім десеңіз? Оған Алланың лағынеті болсын - шайтан. Адам жақсылыққа бағытталса, шайтан әрқашан адамды жаманшылыққа бұрып отырады. Міне қасиетті Рамазан айында бүкіл шайтандар байланып тұрады. «Құлшылығыңды жаса, Оразаңды ұста, намазыңды оқы, зекетіңді бер, пітір садақаңды бер, қолыңнан келсе мұсылмандарға, адамзатқа және Аллаһтың жаратқан бүкіл мақлұқатына жақсылық қыл, саған кедергі болатын шәйтан құрықталатын қасиетті айда көп сауапты амалды жасап қалуымыз керек. Елімізге жерімізге Алла тыныштық береке берсін қайырлы ғұмыр кешуді екі дүние бақытын нәсіп етсін.
Текелі қаласы «Керімбек би»
мешітінің бас имамы Аман Айтбосынұлы