Он сегіз мың ғаламды кемшіліксіз жаратып, адамзатты жоқтан бар еткен, сіз бен бізді мұсылман қылып, лүпілдеген жұдырықтай жүрегімізге иман берген, сансыз нығметтер мен жақсылықтар нәсіп етіп, адамзаттың дүниелік және ақиреттік бақыты үшін дін Исламды жіберіп, сол дінді түсіндіріп, іске асыруда адамзаттың асыл ұстазы, екі дүние сардары, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.а.у – ды пайғамбар етіп жіберген ғаламның Раббысы, ұлық болған Аллаға сансыз мадақ, шүкіршіліктер мен алғыс айтамыз.
Алла тағала қасиетті Құранда «Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпірлік етпеңдер», - деп бұйырған. [1]
Сахаба Әнәс ибн Мәликтен р.а жеткен хадисте, пайғамбарымыз с.а.у «Шынында Алла тағала бір үзім нан жеп шүкіршілік еткен және бір жұтым су ішіп шүкіршілік еткен (Аллаға алғыс айтқан) пендеге разы болады»,-деген. [2]
Аллаға шүкіршілік ету мен алғыс айтудың үлгісін пайғамбарымыз с.а.у -ның өнегелі өмірінен көреміз. Сүйікті пағамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.а.у түні бойы аяқтары іскенше намаз оқып шығатын болған. Сонда Айша р.а анамыз: «Уа Алланың расулы, Алла сіздің бұрын соңды күнәларыңыздың барлығын кешірген ғой. Ғибадат үшін мұнщама қиналғаныңыз не?», - деп сұрағанда Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?» - деп жауап беріп, шүкіршілік пен алғыс айтудың өнегелі өрнегін өзінің іс - амалымен көрсетіп кеткен.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.а.у «Кім адамдарға (жақсылықтарына) алғыс білдірмесе, Аллаға шүкірлік етпегені» [3] деген сөзіне орай, әлемде жер көлемінен ойып тұрып тоғызыншы орынды алатын,
ұланғайыр, кең байтақ жерімізді жанқиярлықпен, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, қасиетті, қазыналы мекенді біздерге аманаттап кеткен ата-бабаларымызға мың алғыс.
Қазақтың ұлы ханы, үш жүздің басын қосқан Абылайхан айтқандай: «Білекке сенер заманда ешкімге дес бермедік, білікке сенер заманда қапы қалып жүрмелік» [4], - дегендей, ата-бабаларымызға алғыс айтумен шектелмей, қазіргідей біліммен, қаламмен күресетін заманда сол білекпен, қылышпен күресе жүріп елінің азаттығын сақтап қалған ата-бабамыздың аманатын көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа дін аман жеткізу – біздің борышымыз. Бұған алғыс айту – келешек ұрпақтың еншісінде.
Қазақ халқы тумысынан көңілі ашық, қонақжай, кеңпейілді халық. Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама, талай жаугершілік пен сұм соғысты, ашаршылықпен тар жол тайғақ кешуді басынан кешсе де, « Қарғыс алма, алғыс ал », деген қағиданы ұстанып, тағдырдың тәлкегі мен отанымызға келген талай ұлттар мен ұлыстарды құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанды бөле жеп, жомарттылығы мен дархандылығын көрсете білген. Әрбір жақсылықтың бір қайтарымы бар дегендей, қазақ халқының пейіліне Алла берген тәтті сый, Тәуелсіздіктің таңында «Аштықта жеген құйқаның, дәмі кетпес ауыздан», - деп, қазақтың дархандылығын, кеңпейілділігін, жақсылығын бағалап, қадір тұтып, қаншама ұлттар мен ұлыстар қазақ халқына алғыс айтып, көк байрақ пен бір шаңырақтың астында ынтымақта, бірлікте, бейбітшілікте өмір сүріп жатыр.
Алғыс айту – адамдар арасындағы мейірімділік пен бірлікті арттырады, «бірлік бар жерде, тірлік бар», « Бетеге кетсе бел қалады, бірлік кетсе нең қалады », - деген халық даналығы бар.
Айтар алғысымыз көп болсын. Бұқар жырау Қалқаманұлы бабамыз жырлағандай «Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң,
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз,
Он ай сені көтерген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анам бір аңырап қалмасқа», - дегендей, қарттарымыз бен ата-аналарымыздың қадірін біліп, аялап құрмет тұтып, әрқашан алғыс айтуды ұмытпайық.
Қуанышта жақсылығыңды, жамандықта қайғыңды бөлісетін ағайын – туысымызды, білім нәрімен тәрбие берген ұстаздарымызды, қандай жағдайда бірінші қол ұшын беретін көршілерімізді, қалжыңыңды көтеріп, әзілдесе алатын достарымызды, бір ғасырда туып өмір сүріп жатқан замандастарымызға алғысымызды аямайық ағайын.
Алғыс айту – көкірегіне иман ұялаған әрбір адам баласының бір – біріне деген сүйіспеншілігін, құрметін оятатын амалдардың ардақтысы.
Келе жатқан көктемнің алғашқы күні 1- Наурыз – алғыс айту мерекесі баршамызға құтты, қайырлы болғай. Алла елімізге амандық, жұртымызға тыныштық беріп, ынтымақта, бірлікте, бейбітшілікте бір – бірімізді бағалап, қадір тұтып, алғыс айтып өмір сүруімізді баршамызға нәсіп етсін! Әумин!
[1] « Бақара сүресі,152 аят »
[2] « Имам Муслим »
[3] « Әбу Дәуд сунәнында келген, Сахих тізбекпен »
[4] « Имам журналы № 2, 2 бет »
Талғар ауданы, Жаңалық ауылы, «Жаңалық » мешітінің Имамы Руслан Амангелдіұлы