Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 175 жыл толып отыр. Бұл халқымыз үшін мәні мен маңызы зор айтулы шара екендігі баршаға мәлім. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: “Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы….”, – деп жазады. Шынымен де, Абай мұрасында біздің халқымыздың бүкіл салт-дәстүрі, діні, ділі, барлық болмысы қамтылған десек артық айтпаған боламыз. “Алланың өзі де рас, сөзі де рас”, – деген дана бабамыздың шығармашылығындағы көрініс тапқан негізгі тақырыптарының бірі – имандылық. Тіпті, том-том шариғи кітаптарда қамтылған көптеген діни мәселелерді Абай атамыз өз қара сөздерінде қозғап, оның мағынасын жұмыр әрі жұмсақ қылып, көркем түрде түсіндіріп кеткен. «Әуелі аят хадис сөздің басы» – деп, сөзінің нәрін Құран аяты және пайғамбар хадисімен үйлестіре білген ақын мұрасында біздер үшін алынар пайда өте мол. Абай атамыздың сол заманда қозғаған мәселелері құтты бір қазырға лайықталып айтылғанындай өз өзектілігін жоғалтқан емес, жоғалпайды да. Ол халқын шынайы сүйді, сүйгендіктен жаны ашыды, кем-кетік тұсын сынады. Адамның кез-келген мәселесіне Абайдың қанағаттарлық жауабы дайын. Тек соны оқып, ойланып, ғибраттансақ болғаны. Бұл шағын мақаламызда оқырманға Абай атамыздың имани тақырыпта қалам тартқан кей пікірлерін сұхбат ретінде ұсынып отырмыз:
– Құрметті Абай ата, қазақта «имандылық», «иманды адам», – деген сөздерді жиі қолданып жатамыз. Жалпы осы «иман» деген сөзді қалай түсінсек болады?
– Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге Пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, иланмақ. Енді бұл иман дерлік илануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз.[1]
Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен Алла тағаланың бірлігіне, уә құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың.[2]
- Сонда Аллаға иман ету баршаға бірдей міндет болғаны ма?
– Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен.
Мү’минболсаң, әуелі иманды бол,
Бендеге иман өзі ашады жол,
Шыр айнал да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.
Алла ішімді айтқызбай біледі ойла,
Бендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мү’мин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық, атын жойма!
- Аллаға иман еткеннен кейін, Алла Тағаланы қалайша
тануымыз қажет?
– Сіз «Әмәнту биллаһи кәмаһуә би әсмайһи уасифатиһи» дедіңіз. Ол есім Аллалар һәмма ол Алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз, кәміл үйрен. Өзіңді оның құлы біліп, өзіңе муслим ат қойып, тәслим болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин. Бұл сегізінен Алла тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Жә, біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зәррә аттас сипатымызды ол Алла тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақпенен біздің атымыз муслим бола ала ма? Болмаса керек. Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек неменен табылады, қалайша табылады, оны білмек керек. Ол – Алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап танымаққа керек. Егерде ол сипаттар бірлән тағрифламасақ, бізге мағрифатулла қиын болады. Біз Алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмады. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды.[3]
- Иманның шарттарыңың бірі-қиямет күніне сену. Қиямет күніне
сенудің адам өміріндегі маңызы қандай?
– Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмей тұғынын, бір алғанды қата жібермей тұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды, жазғыруы да, жарылғауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп – бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін? Олар сендім десе де, анық сенген кісіге уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егерде осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтіп түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз?
Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес.[4]
- Көп адамдарға қиямет жайында уағыз насихат айтылса, ол
жаққа кім барып келіпті, көппен көрген ұлы той, ел көргенді бізде көрерміз деп жатады. Осы ақталу қаншалықты дұрыс?
– Енді жұбанышы – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған Құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ, жармысы арыса, жармысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?! [5]
- Иманды адамның сипаттар өте көп екендігі белглілі. Соның бірі
«Ұялу иманнан» деген сөзді жиі естіп қалып жатамыз. Бұл туралы не дейсіз?
– Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес – ақымақтық, жамандық. Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады.[6]
– Көп адамдар «мен туа біткеннен осындаймын, менің мінезім еш өзгермейді»,- деп жатады. Осы адам баласының мінезін өзгертуге бола ма?
– Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім. [7]
– Абай ата! Иманды адамның бойына жат мінездерде бар. Соның бірі – тәкаппарлық. Такаппарлық пен кербездік туралы не айтасыз?
– Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» – дейтұғын болмаққа ойланбақ.
Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.[8]
- Адам баласының бойында жалығу деген сипат бар. Осы
такаппарлықтан адам баласы жалығуы мүмкін бе?
– Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?
Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.[9]
- Адам бойында осы такаппарлыққа жақын мақтану деген сипат
бар. Ол жайында да айтып берсеңіз бола ма?
– Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес.
Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді.[10]
– Қоғамда көптеген адамдар ғылымға ден қойып «оқығым ақ келеді, бірақ оқығанменен есімде қалмайды», деп жатады. Осы ақталуға не деуге болады?
– Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұлтөртнәрсе – күлліақыл мен ғылымдытоздыратұғыннәрселер.[11]
- Білімді арттырудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза қылу, екіншісі – берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.
– Білім іздеудің жолын ұрпаққа егжей тегжейлі түсіндіргеніңізге рахмет. Қазір көп адамның қайғысы мал табуда. Тіпті ол үшін алдау арбауға, қылмысқа да барып жататындар бар. Жалпы дүниенің кілтін қалай табу керек?
– Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қол өнерлі – қазақтың әулиесі сол.[12]
– Мұсылман адам үшін ғылымның маңыздылығы қандай?
– Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды[13].
– Сонда ғибадат тек ғылымның аясында болуы қажет пе?
– Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі – иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші – үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды
– Жас ұрпақты білімге қалай баулысақ болады?
– Білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Оның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады – ешбір бәһра болмайды.
Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқадқа да қиянатпенен болады. Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман.
- Сөз соңында оқырмандарға тілегіңізді білдірсеңіз.
– Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың? [14]
Сайфуллин Думан Нәдірұлы Аягөз қалалық мешітінің имамы
[1]Он үшінші сөз;
[2]Отыз сегізінші сөз;
[3]Отыз сегізінші сөз;
[4]Отыз төртінші сөз;
[5]Жиырма үшінші сөз;
[6]Отыз алтыншы сөз;
[7]Отыз жетінші сөз;
[8]Он сегізінші сөз;
[9]Жиырмасыншы сөз;
[10]Жиырма бірінші сөз;
[11]Отыз бірінші сөз;
[12]Отыз үшінші сөз;
[13]Оныншы сөз;
[14]Он бесінші сөз;