«Умра» араб тілінде аудармада «Зиярат ету» деген мағына береді. Шариғаттағы мағынасы Қағба мешітін белгілі ғибадат мақсатымен зиярат ету дегенді білдіреді. Әр нәрсенің үкімі болғандай Умраның да үкімі бар. Ханафи мазхабында мұсылманның өмірінде бір рет бару бекітілген сүннет. Умраның парызы екеу: 1. Ихрамға кіру 2.Қағбаны тауап жасау. Талха ибн Убайдулла (р.а.) жеткізген хадисінде Алла Елшісі (Алланың игілігімен сәлемі болсын) « Қажылық – жиһад (яғни парыз), умра – нәпіл құлшылық», - дегенін естіген. Умраның уақыты Умраны арафа және одан кейінгі төрт күннен басқа кездің барлығында жасауға болады. Арафа және одан басқа кейінгі төрт күн қажылық күндері болғандықтан, ол уақыттарда умра жасау мәкруһ тахриман болады. Әбу һурайрадан келген хадисте Алла Елшісі (Алланың игілігімен сәлемі болсын) «Қажылық және умра жасаушылар – Аллаға өкілдер (өз елдерінен келген). Егер оған дұға қылса, жауап береді (дұғалары қабыл болады), егер кешірім сұраса, оларды кешіреді», деген. Алла қажылықта дұға жасағандардың дұғасын қабыл еткендей умрадада жасаған дұғаларды қабыл етеді. Әбу һурайрадан келген хадисте Алла Елшісі (Алланың игілігімен сәлемі болсын) « Умра умраға дейінгі аралықтағы (күнәларды) жуады. Ал қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннәт», деген. Умраны Рамазан айында жасаған абзал. Өйткені Алла Елшісі (Алланың игілігімен сәлемі болсын) «Рамазандағы умра қажылыққа тең», - деген. Умраны орындау жолы. Умра ғибадатын орындағысы келген адам миқатта ихрамға кіру үшін дайындалып, екі рәкат ихрам намазын оқығаннан кейін «Аллаһым, мен сенің ризалығың үшін умра жасауды ниет еттім, умраны маған жеңілдет және менен қабыл ал», – деп ниет етіп, артынан тәлбия дұғасын айтып, ихрамға кіреді. Басқа уақыттардағы халал кейбір нәрселер ихрамды болған уақытта харам болады. Мәсжидул-Харамға келген уақытта «Аллаһым, мен сенің ризалығың үшін умра тауабын жасауды ниет еттім, тауапты маған жеңілдет және менен қабыл ал», – деп ниет етіліп, умраның тауабы жасалады. Тауап біткеннен кейін мүмкін болса, Ибраһим мақамында, болмаса мешіттің кез келген жерінде екі рәкат намаз оқиды. Сосын «Аллаһым, мен сенің ризалығың үшін умра сағиін жасауды ниет еттім, сағиді маған жеңілдет және менен қабыл ал», – деп ниет етіп, Сафа және Мәруа төбелерінің арасында төрт рет бару, үш рет қайту болып, жеті рет барып-келумен умраның сағи міндеті атқарылады. Сағиді орындағаннан кейін шаштарын алғызып, немесе қысқартып, ихрамнан шығады. Осылайша умра ғибадаты аяқталады. Алла Қажылық пен Умраға баруды баршамызға нәсіп етсін Әмин.
Текелі қаласы «Керімбек би»
мешітінің бас имамы Аман Айтбосынұлы