Мұсылманның ең үлкен тілегі, қалауы – Қиямет күнінде әуелі ұлы жаратушының дидарын көру болса, екіншісі Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымызбен бірге болу. Шапағатын сезіну. Шын мұсылманға одан артық бақыт жоқ. Оның көршісі болу әрбір мұсылман үшін бұл фәниде арман. Ал ондай құрметке ие болу жайдан-жай болмайды. Құлшылығына адал, пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті мен хадисін бекем ұстанған жан ғана осындай құрметке ләзім болмақ. Ислам туралық пен шыншылдық діні. Алла өз құлдарына жеңілдікті қалайды. ауырлық әсте қалаған емес. Мұсылманның дәрежесі ниетке қарай жоғарлайды. Тіпті құлшылықтың ең оңайы әрі абзалы пайғамбарымызға салауат айтудың өзі бұған дәлел. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Салауатты көп айтқан адам Қиямет күнінде маған ең жақын адам болады»-деген. бұл пайғамбар серті. Ендеше шынайы мүмін екі әлем сардарының қасынан табылуы үшін аянбасы анық.
Салауат айту уахи ретінде жетпес бұрын да сахабалр әз пайғамбарымызды ерекше құрмет тұтатын. Оның аты аталғанда шын ниеттерімен беріліп, елжірей еске алысатын. Аллаһта құлдарының арасындағы осындай терең сүйіспеншілікке ұлы мейірімін төкті. ол қисса былай баяндалады: Бірде сахабалар Алла елшісінің қуанып отырғанын көреді. Олар: «О, Алланың елшісі! Біз сенің қуанышты жүзіңді көріп тұрмыз»-дейді. Ол: «Мен қалай қуанбайын, Жәбірейіл маған «кімде кім маған салауат айтса Алла соған он есе мейірім көрсететінін» жеткізді»-деген екен.
Ислам ғұламалары салауат айтуды шариғаттың шарты ретінде бекіткен. Әбу Ханифа мазхабында әр намаз оқылғанда пайғамбарға салауат айтуды сүннет үкіміне жатқызады. Ал, Имам әл-Жассас, Құрандағы: «Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Аяттың заһири (сыртқы) мағынасы пайғамбарға салауат айтудың парыз екендігін білдіргенімен, кімде-кім пайғамбарға намаздың ішінде немесе намаздан тыс уақытта болсын бір рет салауат айтатын болса, парыздығы мойнынан түседі. Сондай-ақ, мұсылман адамның өмірінде бір рет салауат айтуы өмірінде «тәухид» сөзін бір рет айтуы парыз болғаны сияқты парызы» десе, көпшілік ғалымдар, пайғамбар есімі әр аталған кезде оған салауат айтуды мұстахаб (салауат айтса сауап алады, айтпаса күнә болмайды) амалға жатқызады.Алайда, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) есімі аталған сайын салауат айтып, құрмет көрсетудің құдай алдындағы сауабы мол екенін жоғарыда анық айтылды. ғалымдар салауат айтудың діндегі сауабымен бірге адам денсаулығына да оң әсері барын байқаған. Салауаттың хикметтілігі сол адам тағдырына қатысты 40 жуық мәселеде шешуші рол атқарған. Бұл тек ғалымдарымыздың байқағаны ғана, ал салауаттың берекетін ішіне жасырып тағы қаншама сырдың жатқаны бір Аллаға аян. уақыты келгенде оны да білерміз.
Осындайда ескеретін жайт, бізге керегі салауаттың дәрежесі емес, және оған байланысты пікір-таластың да болмағаны жөн. Қай дәрежедегі амал болса да салауат айту сауапты іс. Оған ғалымдар бір ауыздан пәтуа берген. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту оның салауатқа мұқтаждығынан да емес, сол салауат арқылы біздердің дәрежемізді Алла көтеретіндіктен және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) құрмет көрсету арқылы оның шапағатына ие болатындығымызды білдірген. Тіпті салауат айта отырып тілеген тілектің қабыл бола-тыны жайлы да хадистер бар. Соның бірін Омар (р.а) былай жеткізеді: «Жасалған дұғалар, жеріне жетпестен бұрын жер мен көктің ортасында тұрады. Ол Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтқан кезде ғана жетеді»– десе, тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Маған ат үстіндегі жолаушының су торсығына қарағандай қарамаңдар. Дұғаларыңның басында, ортасында және соңында менің атыма салауат жолдаңдар!», – дейді (Тирмизи). Бұл жердегі маңызды мәселе, адам су торсыққа шөлдеген кезде қарайтыны секілді Алла елшісін де керекті кезде ғана еске алып салауат айтпай, үнемі салауат айтудың қажеттілігін Алла елшісі мүминдердің есіне салады.
Мұсылман болудың өзі адамзат баласындағы ұлы нығметтің бірі. Мұсылманның әдебі оның іс-әрекетінен көрініс табуы керек. Мүминдердің ең абзалы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ның көркем қасиетін жүрегімізге сіңіру. Әлемнің жарық нұры болған, құрметі үшін ғана жаралған он сегіз мың ғаламның бір мүшесі ретінде әз пайғамбар рухына қандай салауат айтсақ та жарасады.
«Салауат» сөзі араб тілінде «береке» -деген мағананы да білдіреді. Ендеше фәниде өмірімізге берекет енсін десек, ахрет күнінде ұлы елшінің, әз пайғамбардың шапағатын көреміз десек салауат айтайық. сауап жинайық.
Серікбек АСҚАРҰЛЫ