Күллі әлемнің Раббысы, аса Үстем, екі дүниенің Патшасы, көркем сипаттардың иесі Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар, және жәннәтпен Сүйіншілеуші, тозақпен Ескертуші, қараңғылыққа жарқыраған шырақ, Аллаға шақырушы, күллі әлемге мейірім болып келген Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға Алла Тағала мен періштелердің және адамдардың салауаттары мен сәлемдері болсын.
Адамдардың ішіндегі ең жамандарына келетін болсақ, олардың ең алғашқысы болып Аллаға және Оның пайғамбарларына сенбей, дінді өтірікке шығарғандар. Өйткені Алла Тағаланың жерін басып жүріп, ауасымен демалып, суын ішіп тұрып Оны мойындамау немесе серік қосу үлкен залымдық болып табылады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сонда Біз сендерді ермек үшін құр босқа жараттық әрі Бізге қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?»,- деп баяндайды. Мына бір аятта «Мен жындар мен адамзатты тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым»,- деп анық түрде адамзаттың бұл дүниеге еш мақсатсыз ішіп- жеп кету үшін емес бәлки мақсаты Жаратушысын танып, ғибадатпен өту екендігі айтылған. Жер бетіне адамзатты жаратқаннан кейін, оған қалай өмір сүруі үшін және бұл дүние де ақиретте де бақытты болсын деп пайғамбарлар жіберген. Кім пайғамбарларға ерсе ол бақыттқа қол жеткізіп, мәңгі қасыреттен құтылғандардан болды. Ал кім ермесе өзінің нәпсі қалауымен өмір сүрген болса, бақытсыздыққа душар болып, мәңгі қасыретке ұшырағандардан болды. Тіптен олар тек адамдардың ішіндегілерден емес жаратылыс атаулының ең жаманы екені жайында мына аяттан байқасақ болады: «Расында, мейлі кітап иелерінен, мейлі мүшіріктерден болсын күпірлік еткендер жаһаннам отына түседі және онда мәңгі-бақи қалады. Міне, солар жаратылыс атаулының ең жаманы».
Адамдардың ең жамандарына екі жүзді адам да жатады. Бұл турасында Пайғамбарымыз (صلى الله عليه و سلم): «Адамдардың ішіндегі жамандары мыналарға бір бетімен, ал мыналарға басқа бір бетімен келетін екі жүзділерді табасыңдар»,-деп екі жүзді адамдардан болмауды ескертеді.
Басқаларға әрдайым зиянын тигізетін адам да ең жаман адамдардың қатарында. Хадисте: «Адамдардың ішіндегі жаманы басқалар оның жамандығынан сақтану үшін араласпаған адам»,- деп айтылған. Яғни ойы, ісі, сөзі, пиғылы да жаман болғандықтан адамдар оның зияны тиіп кетпесін деп оны тәрк еткен адам.
Алған іліміне амал қылмаған, тақуалықты ұстанбаған, ниеті дұрыс болмаған, мақсаты Алла болмаған ғалымдарда жаман адамдардың қатарына қосылып кетеді. Муғаз (رضي الله عنه) Пайғамбарымыздан (صلى الله عليه و سلم) адамдардың ішіндегі жаманы кім екенін сұрағанда, «жақсы жайында сұраңдар да жаман жайлы сұрамаңдар, адамдардың жаманы жаман ғалым»,- деп жауап берген.
Алла Тағала баршамызды адамдардың жаманы болудан сақтап, өзімен өзгелерге тек пайдасын тигізетін жақсылардан болуға нәсіп етсін! Әмин!
Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің
бас имамы Данағұлов А.С.