https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Жомарттық және сараңдық

15 Nov 2019 0 comment Оқылды: 4278 рет

Асыл дініміз Исламның өзіндік қағида жоралғылары бар. Дініміздегі әрбір адамға Иман шартын біліп, Ислам парыздарын орындау ең қастерлі міндет. Иман шартында мұсылмандар әуелі Аллаға сенеді, оның жалғыз жаратушы екендігіне, тумаған, сыңары жоқ екендігіне куәлік етеді. Ал, қалған нәрсенің бәрінің сыңары бар. Тіпті ауыз екі ұғымдағы кейбір адамзатқа тән қасиеттердің өзі қоса айтылады. Мысалы: Жақсылық пен жамандық, Әділет пен Әділетсіздік, сияқты бүгінгі көтеріп отырған тақырыбымыз Жомарттық пен сараңдық та қатар жүреді. Бірі адам баласының бойындағы құдай берген асыл қасиет болса, екіншісі, құдай берген қазынаны өзі тапқандай сезініп зекет пен садақаны да бермейтін, шық бермес пасық жандардың бойындағы жаман қасиет. Жомарттық та, сараңдық та Алла тағаланың адам баласына берген сынағы. Кімде-кім ол сынақтан сүрінбей өтсе соған сай сауабын алады. Ал керісінше болса азабы мол.           

Адам баласындағы Көркем мінездің ажырамас бөлігі – жомарттық. Құдіретті Жаратушымыз көптеген аяттарда мұсылмандарды жомарттыққа, Алла жолында жақсылық жасауға шақырады. «Мұхаммед» сүресінің 38-аятында Аллаһ тағала: «Негізі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені, Алла - бай, сендер - кедейсіңдер. Егер Алладан теріс айналсаңдар сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды», – дейді. Бұдан Алланың ештеңеге мұхтаж емес екендігін, Біз сараңдық жасаған сәтте берген несібе, риздығын басқа адамға, басқа қауымға бере салуы мүмкін екендігін ескертеді. Жомарттық – еш міндетсінбестен өзі жақсы көрген нәрсесінен зәру кісілерге беру. Соған орай мен баймын деп, мақтаншылыққа салынып, ақшасын онды-солды шаша беру де шынайы мұсылманға тән қасиет емес. Байлықты орынды жұмсап, ысырапшылыққа жол бермеу керек. Үнемділік сараңдыққа жатпайды. Ал ысырапшылдыққа тыйым салынады. Алла Тағала: «Сараң болма, ысырап та етпе!» деп бұйырған («Исра» сүресі 29 аят). Жомарттықты мақтағанда: «Олар шығынданған кезде ысырап та етпейді, сараңдық та етпейді. Екеуінің арасында орта жолды тұтады.» («Фурхан» сүресі 67 аят)  Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Ішіп-жендер, киініндер және садақа беріңдер. Бірақ ысырап және тәкәппарлықтан сақтанындар!» – деп ысырапшылдықтан сақтандырған.(Бухари) Яғни қатып қалған сараң да болмау керек, мақтаншылыққа салынып ысырапшылыққа да, жол бермеу керек. Сараңдыққа қарама-қарсы ұғым – жомарттық. Жомартық деп біз байлығынан белгілі бір бөлігін Алла разылығы үшін мұқтаж жандарға, кедей-кепшіктерге риясыз жәрдем беріп көмектесу.                   

Жомарттық адамдық асыл қасиет. Пайғамбарымыз (с.а.с) «Алла үшін надан да болса өзі жомарт пенде құлшылық етуші сараң құлдан жақсы» (Тирмизи, бирр, 40). «Дүниеде өзгелер қызыға қарайтындар – жомарттар» (Бухари, Тәмәнна, 5; Тәухид, 45).«Жомарттық – жақсы мінез болғаны соншалық, адамның жаман мінездерін жабады. Сараңдық жаман мінез болғаны соншалық, адамның жақсы мінездерін жабады» хадис шәрифі жомарттықтың жақсы екенің, ал сарандықтың жамандығын көрсетуде. Сараң болған ешбір адам Алланың досы бола алмайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы бір хадисінде: «Жомарт Аллаға, жаннатқа және халыққа жақын, жаһанамнан алыс. Сараң Алладан, жаннаттан және ел-жұрттан алыс, жаһанамға жақын» деп сараңдықтың қаңшалықты жаман қасиет екендігін білдіруде. Тағы бір хадисте адам баласының аман-сау тірі кезінде жомарттық танытып, садақа беруге кеңес беріп: «Садақаның абзалы – өзің берген садақа. Садақа тірі, қолыңда бар кезде қалаған адамыңа қалауыңша бергенің. Әйтпесе, жан алқымға тірелген кезде кеш қаласың. Сендерден кейінгілер өз қалауынша жасайды» (Бухари, Уәсәиа, 14) дейді. Сол үшін барлығын кейін түсініп, өкінбеу үшін Алла Тағала алдын ала Құран Кәрімде: «Сендерден біреулеріңе өлім таяп:  Уа, Раббым, мені жақын бір заманға дейін кешіктірсең, садақа беріп ізгілерден болсам» деуден бұрын, өздеріңе берген несібемізден (Алла жолында) жұмсандар» («Мұнафиқун» сүресі, 10аят) – деп садақаны өлместен бұрын тірі кезімізде Алла разылығы үшін беруімізді бұйырады. яғни тірі кезінде жомарттық жасау өлер алдында өкінбеудің қамы екендігін ескертеді.                                                                         

Пайғамбарымыз: «Алла Тағаланың сондай құлдары бар, өзгелерге де пайдасы тисін деп оларға мол нығмет беріледі. Кім бұл нығметтерге сараңдық танытса, Алла оны алып басқаға береді» (Ғазали, Мукашафатуль-кулуб, 137-б.) деген хадисі жоғарыдағы құран аятын нақтылай түседі. Күн мен түн сияқты осы егіз ұғымнан алар өнегеміз мол. Екекуі де Алла тарапынан берілетін берекеттің бастауы. Кім сараңдық танытса берекет бұлағы тартылады, кім жомарттық, мырзалық танытса оның берекет бастауының қайнары молайып, жан-жағына шуағын шашады. Жәннәтта бұл неше есе сауаппен өзіне қайтарылады.

Сарқан ауданының бас имамы

Асқар Серікбек

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз