Жәннат бақшаларының тұрғыны болуды кім армандайды. Әр мұсылманның арманы да осы Алла Тағала күнәларымызды кешіріп, уәде етілген жәннатқа баршамыздың кіруімізді Алла нәсіп етсін.
Әбу Хайсам (рохматуллаһи ғаләйһи) Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деген:
«Пенде күніне жеті рет тозақтан пана тілесе, тозақ: «Уа, Раббым! Расында, сенің пәленше пендең Өзіңнен менен пана тіледі. Оны менен аман ет!»,-дейді. Егер пенде күніне Алла Тағаладан жеті рет жәннат тілесе, жәннат: «Уа, Раббым! Шын мәнінде сенің пәленше пендең мені тілеп жатыр. Оны маған кіргізе гөр!»,-дейді».
Жәннатқа қол жеткізу және тозақ азабынан аман болу жолын тым жеңіл еткен Хақ Тағалаға мақтау болсын! Күнделікті осы бір амалды естен шығармай айтып жүрейік.
Хазіреті Алимен (Алла ол кісіден разы болсын) бір кісінің әңгімесін айта кеткенді жөн көрдім. Бірде ақырет пен есеп күніне күмәні басым бір кісі хазірет Алиге (Алла ол кісіден разы болсын) сауал қойыпты. – Осы сіздер ақыретте Алланың алдында жақсы-жаман істерімізден сұраламыз. Жәннат пен тозақ бар деп құлшылық жасап, игі амалдардың жемісін көреміз деп босқа әуреге түсіп жүрген жоқсыңдар ма? -деген екен. Сонда хазірет Али (Алла ол кісіден разы болсын) сабырлы кейіппен: -Жарайды, сен ойлағандай-ақ болсын деп түсінейік. Алланың алдында осы өткінші өмірде жасаған амалдарымыздан сұралмаған күнде, біздің осы жасап жүрген игі амалдарымыз бен құлшылықтарымыз бізге еш қиыншылық әкелмейді. Ал, шын мәнінде есеп күні, мизан таразы болып қалса, онда осы амалдарымыздың игілігін көреміз деген үміт болады. Сол кезде өзің қандай амалыңды көрсетесің? – деп әлгі адамның өзіне сауал қойыпты. Осы мысал өтпелі өмірде ақырет үшін қам жемейтін, жәннат жайлы ойлағысы келмейтін пенделер үшін үлкен ғибрат алатын жәйт. Жоғарыда айтып өткен құлшылық амалдарымызға масаттанып, енді маған жәннат қана лайық деп ойлаудан сақтану да керек.
Әлбетте, Алланың кеңшілігі және кешірімімен ғана жәннатқа кіре аламыз. Жәннатты Алла Тағала әміріне бойұсынған, өзіне қарсы тілімен де ісімен қарсы келмеген құлдары үшін дайындаған үлкен нығмет. Алла Тағала Құранда: «Һәм тақуаларға: «Раббыларың не түсірді?»,- делінгенде, олар: «Игілік» дейді. Көркем іс істегендерге осы дүниеде жақсылық бар. Ал ақырет жұрты одан да қайырлы. Тақуалар жұрты (жұмақ) қандай керемет. (30). Олар (тақуалар) кіретіндері – астарынан өзендер ағатын Адын бақтары. Онда олар үшін қалаған нәрселер бар. Алла тақуалардың тартуын осылай береді» (Нахл сүресі, 31 аят). Жәннатқа кімдер кіреді: Алла Тағалаға иман еткен, әмірлері мен тыйымдарына мойынсұнған, яғни мұсылман болып жан тапсырған адам, жақсы мінезділер жәннатқа кіреді.
Бір хадисте Алла елшісі (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм ) «Жәннатқа кіретіндерді хабарлаймын, мұқият тыңдаңдар. Өздері әлсіз, зұлымдық көрген, шамасы жетпейді. Бір нәрсе үшін ант етсе, Аллаһу та’ала бұл мұсылмандардың анттарын міндетті түрде орындайды. Тозаққа түсетіндерді де білдіремін: Қаталдық танытады және өздерін өзгелерден үстем санайды.» (Тирмизи, Әбу Дауд) Алла баршамыға парыз еткен амалдарды орындауға адаспай Пайғамбар (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм ) сүннетімен жүруге күш қуат берсін Әмин.
Текелі қаласы «Керімбек би»
мешітінің бас имамы Аман Айтбосынұлы