Жалпы “Ұстаз — тәрбиелеуші” ұғымы діни ілімнен бастау алады. Ол адамзатты ғылымды сүюге, танымға құштарлыққа үндейтіні Құран Кәрімнің беташар сүресінің Алланы “Рабби — тәрбиелеуші” мағынасында ұлықтаумен басталуынан көрінеді. Мұсылмандар пайғамбары Мұхаммедке (ғ.с.) келген алғашқы уахидің де “Оқы, оқы, оқы...” деп басталуы адамды ізгілікке бастаушы ғылым-білімнің маңызын, осы ілімді шәкірт жүрегіне егуші ұстаз қызметінің маңызын аңғартады.
Иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Сондықтан, Оның (с.ғ.с) дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі - артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш. Біздер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы Ұлы Жаратушыны қатесіз танып, Оның (с.ғ.с.) тура жолын түсіндік. Ақ пен қараны ажыратып, жұмақ пен тозақты білдік. Бізге ғайып болған ақыреттің сырларына сүңгіп, небір тылсым дүниелерден хабардар болдық. Адамдық борышымыз бен асыл міндетімізді аңғарып, дүниенің мәні мен жаратылыстың мағынасын ұқтық. Ендеше Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келуі - мұсылмандар үшін зор қуаныш, Ұлы Иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы.
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) барша қадір-қасиетін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Адамзаттың ең ізгісі, ел сарасы десек те, үмбетінің тілеуін тілеген қамқор десек те, жаны жомарт, жер мен көктің ғазизы десек те оның қасиеттерін тауыса алмаспыз. Өйткені, Оның (с.ғ.с.) өмірінің әр сәті айдай әлемге теңдессіз үлгі-өнеге!
Пайғамбарымызды жақсы көру оның өмірін жете танудан, Құран аяттарын тереңірек зерделеуден, Жаратушының әмірін қалтқысыз орындауға деген ынта-құлшыныстан туады. Соңғы елшіні жақсы көру ой-санаға ізгілік құйып, бойда құрметті қалыптастырады. Өзінің мұсылман үмбеті екенін, ал пайғамбардың үмбетке жолбасшы екенін ұққан адам өз жүріс-тұрысын соларға қарап түзей бастайды. Адамзатқа ұстаздық ету үшін жіберілген жанның ізінен ергендер түбі Хақ тағаланың разылығына кенеледі.
Құрандағы мына аяттар мұсылмандар үшін Пайғамбардың бойында үлгі алар өнегелі істердің тұнып тұрғандығын білдіруде:
«Сіздер үшін, Аллаға және ақырет күнінің растығына сенгендер әрі Алланы көп еске алатындар үшін Алланың елшісінде ең тамаша өнегелер бар».
Ал мына бір аят Пайғамбарымыздың да өз үмбетін қатты жақсы көргенін, оларға мейірбандықпен қарап, шын жанашыр болғандығын ұқтыруда: «Ант етейік, сіздерге араларыңыздан сондай пайғамбар келді, сіздерді жабырқатқан нәрсе оған өте ауыр тиеді, сіздерге тым ынтық, мүминдерге өте мейірімді әрі жанашыр». Иә, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) үмбетін тым қатты жақсы көрді. Исламды қабылдамағандарға да аяушылықпен қарады, оларды жек көріп өзегінен теппей, қайта өзімен бір болуға шақырды. Сахабалар да күнбе күн Пайғамбарымызға бауыр басып, оны қатты жақсы көріп бара жатқандарын сезетін. Өйткені оның бойынан тілмен айтып жеткізгісіз ең жоғарғы адами қасиеттерді көріп, еріксіз тәнті болатын. Өзіне жасалған небір дөрекі қылықтарға түсіністікпен қарауы, қиындыққа мойымауы, жылы жүзді өршіл рухы, қайсарлығы, дұшпандарына кешіріммен қарауы, адалдығы – бәрі де оның анық пайғамбар екенін дәлелдеп тұрғандай.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келер – келместен: «Үмметім! Үмметім!» деп бізді тіледі, біздің ақыретте мәңгі тозақтан құтылуымызды Алладан жалбарына сұрады. Бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген Алла елшісі (с.ғ.с.) ең үлкен дұғасын ақыретке сақтаған. Өйткені ізіне ерген үмметіне сол күні шапағат етеді.
Ендеше, Алла тағала біздің жүрегімізге терең иман, пайғамбарымызға деген махаббат сыйлап, оның (с.ғ.с.) үмметі болуға лайық қылсын. Ақыретте Расулулланың (с.ғ.с.) байрағының астына жиналуды нәсіп етсін! Әмин!
Хадыс Омар
"Еркін" мешітінің бас имамы