Күллі әлемнің Раббысы, аса Үстем, екі дүниенің Патшасы, көркем сипаттардың иесі Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар, және жәннәтпен Сүйіншілеуші, тозақпен Ескертуші, қараңғылыққа жарқыраған шырақ, Аллаға шақырушы, күллі әлемге рахмат болып келген Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға Алла Тағала мен періштелердің және адамдардың салауаттары мен сәлемдері болсын.
«Асығу шайтаннан, баяулық (мұқияттылық) Рахманнан.» Деседе кейбір істің асығулығын шариғат құп көрген. Хатами Асам (Алла оны рақым етсін) былай деген екен: «Асығыс – шайтанның ісі, бірақ бес жағдайда асығу – сүннет. Олар - мыналар:
- Қонақ келсе, алдына дәм қоюға асығу;
- Өлікті тезірек жерлеуге асығу;
- Қыз бала бой жетсе, тезірек тұрмысқа беруге;
- Қарызды қайтаруға
- Күнә жасаған болса, тәубе етуге асығу».
Мұсылман баласы үшін ең қадірлі де сияпатқа лайықты болған кісілердің бірі үйге немесе елге келген меймандар. Шариғатымыз қонаққа аса зор көңіл бөлген. Оның әдептерін белгілеп, сауаптарын саралап қойған. Қонақты күтіп, құрметеудің маңызды екендігін мына хадистен байқауға болады: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін». Бұл амалға баршамызға үлгі ретінде Ибрахимді (алейһис салам) Құранда келтіреді: «Расында елшілеріміз (періштелеріміз) Ибраһимге хош хабармен сәлем берді. Ибраһим олардың сәлемін алып сонда дереу пісірілген бұзау келтірді».
Адам дүниеден өткен кезде діни рәсімдерде, құлшылықта шариғат шеңберінен шықпай, ең алдымен, адамның қайтыс болғанын жариялап, оны жылдам жерлеуге асығу керек. Өйткені, мәйітті себепсіз ұстап отыру, жерлеуді кешіктіру – оның қадір-қасиетін қашыру әрі сүннетке қайшы әрекет. Алланың елшісі (صلى الله عليه و سلم): «Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса жақсылығына жылдам жеткізіңдер, ал жаман кісі болса тозақ иелері бізден алыс болсын»,-деген.
Алланың елшісі (صلى الله عليه و سلم): « Үйлену менің сүннетім, кімде- кім менің сүннетімнен бас тартса менен емес» деген. Сондай- ақ хадисте: «Діндарлығы мен мінез-құлқы көңілдеріңнен шығатын жан келіп тұрса, қыздарыңды тұрмысқа беріңдер. Олай істемеген жағдайда, жер бетіне бүлік, бұзықшылық жайылады»делінген.
Қарызын өтеуге мүмкіндігі бола тұра қарызын кешіктіру күнә болады. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Қандайда бір адамның мүмкіндігі бола тұра қарызын өтемей кешіктіретін болса, күн сайын амал дәптеріне зұлымдық ету күнәсі жазылады». «Өтемеу ниетімен қарыз алған адам қияметте ұры болып келеді».
Шынайы иман иесі болған мүмін аз немесе көп болсын күнәларын таудай көріп, онан тітіркеніп, әрдайым тәубеге асығады. Бұл хақында Алла Елшісі (صلى الله عليه و سلم): «Мүмін күнәсін тау секілді көріп, үстіне құлап кетуінен қорқады. Екіжүзді мұнафық болса, жасаған күнәсін мұрнына қонған және тез ұшып кететін шыбын секілді көреді», — деген.
Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Данағұлов А.С.