https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Өтірікке жеткізетін бес жағдай

26 Sep 2019 0 comment Оқылды: 1074 рет

Мұсылман баласы пенде болған соң өмірде көп қателеседі. Әсіресе күнделікті тіршілікте өтірікпен жиі ұшырасады. Жалпы өтірік туралы дініміз не дейді? Өтірік – араб тілінде «кәзб» деп аталады. Ал өтірікші суайтты – кәззаб, яғни, «өтірікке бой алдырған адам» деп сипаттайды. Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінің 105 аятында: «Анығында, Алланың аяттарына иман етпейтіндер ғана үнемі Алланың атын пайдаланып, өтірік айтады. Нағыз суайттар, міне солар!» – деп өтірікке жақтас болғандардың жай-күйінен хабар береді.
Шынында өтірік айту – Аллаға иман келтірмеу немесе иман келтірмегендердің ісі. Әйгілі ғұлама ибн Хажар: «Бір істі біле тұра немесе білместен оның терісін айту өтірік айту есептеледі. Алла елшісі (с.ғ.с): «Шындық жақсылыққа бастайды, жақсылық жаннатқа бастайды. Кімде кім шыншыл болса Алланың алдында шыншыл деп жазылады. Кімде кім өтірік айтатын болса ол өтірік жамандыққа бастайды. Ал жамандық болса тозаққа бастайды. Кім өтірік айтса Алланың алдында өтірікші деп жазылады» – деген.
Өтірікке апаратын жолдар жайында бірқатар ой-пікірлер айтылған. Соның алғашқысы – адамдар дүниелік мақсатта, пайда табу үшін өтірік айтуға мәжбүр болатынын айтады. Ондай адам шын мәнінде зиянға ұшыраған адам. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінің 95 аятында: «Алланың уәдесін аз дүниеге сатпаңдар!» – деп бұйырады. Бұл жердегі уәде – Иман. Жер бетінде көптеген адам қу дүнйе үшін өтірік айтып, ар-ұятын, иманын сатады. Бұл жайында Алла елшісі (с.ғ.с): «Ант ішіп пайда табам деген адамның саудасы құриды» – деп ескерткен. Олай болса сауда-саттықта, пайда әкелетін кез-келген жағдайда адам өтірік айтудан сақтанбайынша берекесі кірмейді.
Екінші жағдайда адамдар басына түскен қиындық пен ауыртпашылықтан құтылу үшін, істей алмаған ісін ата-анадан, мұғалімінен немесе басшылығынан жасырып-жабу үшін өтірік айтады. Алла елшісінен (с.ғ.с) бір кісі:
– Мұсылман күна жасай ма? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз:
– Иә, жасайды, – деп жауап береді.
– Мұсылман қорқақ бола ма?
– Иә, болады.
– Мұсылман өтірік айта ма?
– Жоқ! Мұсылман өтірік айтуы мүмкін емес, – деген жауап қайырып, қандай қиындықта да өтірік айтуға болмайтынын ұғындырады.
Сахаба Қағб ибн Мәлік Алла елшісі (с.ғ.с) жар салып, шақырған соғыстан қалып қояды. Кейін оған расулалла (с.ғ.с): «Сен неге қалдың?» – деп сұрайды. Ол:
– Иә, расуллалла, мен өте шешен тілді, жақты адаммын. Сізге кез келген сылтау айта аламын. Бірақ мені шындық қана алып шығар, Алла алдында, Алланың пайғамбарының алдында менің айтарлықтай себебім жоқ, – деп күмілжіген екен. Міне ол кісі жайлы Алланың өзі Құранның «Тәубе» сүресінің 118 аятында: «Соғыстан қалған үшеуінің де тәубесін қабыл етті. Тіпті, оларға жер кең бола тұра тар келген еді. Өздерінен өздері тарылып, Алладан басқа ешбір пана жоқтығын аңғарды. Содан кейін Алла оларға тәубе нәсіп етті. Шынында Алла тәубені қабыл етуші, өте мейірімді» – деп қиын сәттің өзінде өтірік айтудан бас тартқан ізгі жанның амалын ақтайды.
Үшінші жағдайдағы өтірік – адамдарды күлдіру үшін айтылған өтірік. Қазіргі таңда пайда болған әдеттердің бірі – басқаны күлдіру үшін жалған сөйлеу. Алла елшісі (с.ғ.с): «Адамдарды күлдіру үшін өтірік айтушыға өкініш болсын, оның соры құрысын!» – деген. Тағы бір хадисте: «Естігеннің бәрін анық-қанығына жетпей басқаларға айтып беру адамның өтірікші болуына әбден жеткілікті» – дейді. Олай болса әлдекімнің көңілін табу үшін өтірік айтуға үзілді, кесілді тыйым салынған.
Төртінші амал – жек көретін адамды табалау үшін өтірікті суша сапыру. Алла тағала қасиетті Құранның «Фурқан» сүресінің 72 аятында: «Алланың мүмін құлдары жалған куәгерлікке бармайды» – деп мұсылман үшін бұл әдеттің өте зиянды екендігін ұғындырады. Шынында, біреудің абыройын төгу үшін өтірік айту, анадай қадамға барды немесе олай-былай деді деп жалғанды өтірікке жалғап, ғайбат сөйлеу ауыр күнә.
Бесінші жағдайдағы өтірік – адамның өз абыройын арттыру үшін жалған сөйлеу, басқалардың алдында істемегенін істедім деу немесе өтірік патуа беру, білмеді деп, адамдар айтпасын деп жалған айту. Бұның терістігін Алла елшісі (с.ғ.с): «Кім менің атымнан өтірік айтса өз орнын тозақтан дайындай берсін!» – деген хадисімен білдіріп, мәселенің аса ауырлығын салмақтаған. Олай болса пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с): «Өтірік адамды иманнан бездіреді» – деген сөзін бойына сіңірген дана халқымыз: «Өтірік өрге баспайды», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген мәтелдер қалдырған. Міне бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ғибратты ғұмырынан, мүбарак сөздерінен жасалған қорытынды болса керек.

Ескелді ауданының бас имамы Ордыбай Мұхаммед

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз