Әлем халқының көптеген жұрты өзіне дін ретінде қабылдаған Ислам әуелі асқан тазалық пен көркем мінез-құлықтың көрінісі ретінде миллиардтаған адамдардың жүрегінен жол тапты. Қасиетті дінімізде ең шоқтығы биік құлшылық ол-намаз. Адамдар сол арқылы Аллаға деген өз сенімдерін нығайтады. Намаздың қабыл болуы үшін адам бойының түрлі ластықтан таза болуы бұл бұжылмас қағида. Намаздың парызы дәрежесіне кіретін бұл алғышарттар арқылы Құран Кәрiмдi ұстау, Қағбаны тәуап ету, тiләуат сәждесiн жасау, жаназа намазын оқу, т,б. сияқты құлшылық түрлерін орындауға алғышарт жасалады. Сонымен қатар үнемi дәретпен жүру, жатарда дәрет алып жату, тамақтанғанда дәреттi болу, тіпті мүлдем дәретсіз жүрмеу өте үлкен сауапты амалдардың бірі болып саналмақ. Дәреттің осы дүниелік әрі ақыреттік пайдалары көп. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл турасында:
«Кімде-кім әмір етілгендей дәрет алып, әмір етілгендей намаз оқыса өткен күнәлары кешіріледі» (Бухари, Уду /28).
«Кімде-кім дәрет алып, жүзін жуғанда, бет мүшелері жасаған күнәлары, аяқ-қолдарын жуғанда, сол мүшелермен жасаған күнәлары су тамшыларымен бірге ағып, өзі тап-таза болады» (Муслим, Таһарат / 32), дейді.
Осы жеткен хадистер арқылы біз құлшылық уақытындағы дәреттің қаншалықты зор маңызыды екенін байқаймыз. Тіпті дәретпен жан тапсырған адамға шәһидтiң сауабы жазылады. Бұл туралы да сүйікті Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Дәретпен дүниеден өткен адам өлiм азабын тартпайды. Себебi дәрет имандылықтың нышанын бiлдiредi. Сондай-ақ намаздың кiлтi, дененi күнәдан тазартушы болып есептеледi.»- деп таза жүрген құлдың, бұл дүниеден дәретпен озған жанның арғы әлемде қаншалықты сауап алатынын, мол нығыметке бөленетінін жеткізеді. Алланың мол рахымын жеткізуші Әз пайғамбарымыз мұсылмандарды әрбір дәрет суындағы тамшылардың да зор мәні мен хикметі бар екенін, оның мүминдерге зор рахымды амал екенін келесі бір хадисінде былай деп жеткізеді. «Мұсылман адам дәрет алғанда күнәлары құлағынан, көзiнен, қолынан және аяғынан төгiледi. Отырған уақытта күнәлары кешiрiлген күйде отырады». Мұсылманға әуелі Алланың барлығын бірлігін және пайғамбарымыздың елші екеніне куәлік беруден сырт исламның басқа да амал-шарттарын бұлжытпай орындау, оған қарсы келмеу оның көркем мінезіне сын. Оның бұл фәнидегі барлық тіршілік әреткеті құлшылыққа ұласуы ләзім. Ол үшін мұсылман адам дәретті болса, басқы ниеті Аллаға болса жеткілікті. «Амалдардың ең қайырлысы намаз. Үнемi дәретпен жүру тек мүмiннiң сипаты. Мүмiн күндiз дәретпен жүргенi сияқты түнде де дәретпен жатуы керек. Осылай iстейтiн болса, Аллаһу та’аланың қамқорында болады. Дәретпен тамақ жеген адамның жеген тамағы зiкiр етумен болады. Және де иесi үшiн кешiрiм тiлейдi.» Осы хадистен байқағанымыз адам тіпті тамақ жеген сәтін де ұйқы хәліндегі мезгілін де құлшылыққа айналдыра алады. Тек ниет Алланың ризалығын табу, ол үшін дәретті болу.
Алланың құлына деген зор мархабатын білдіретін мына оқиғада төрт шадиярдың бірі, Пайғамбарымыздың сахабасы әрі күйеу баласы Хазіреті Осман былай дейді: "Пайғамбарызбен бірге едік. Дәрет алып жатқан бір кісіні көзі шалып, Аллаһ Елшісі сәл езу тартты. Мен мұның мәнісін білгім келіп:
- Не үшін күлдіңіз, құрметтім? - дедім. Ол кісі маған қарап:
- Жаратушы Иемнің дәрет алатын құлына көрсететін ілтипатын ойлап езу тарттым. Дәрет алған кезде адам денесінің әр мүшесін жуған сайын, сол мүшелерден сумен бірге адамның күнәлары да сыздықтап ағып кетеді,- деп жауап берген екен. Бұл турасында басқа да бір хадистерде толықтау келеді, бірақ, айтылуға тиісті сөз, берер мағана бірдей.
«Бір мүмин дәрет алу ниетімен бетін жуған кезде көзімен істеген күнәларының барлығы сумен бірге төгіледі. Қолдарын жуған кезде қолдарымен істеген күнәлары судың соңғы тамшысымен ағып кетеді. Аяқтарын жуған кезде аяқтарымен істеген күнәлары сумен бірге төгіледі. Осылайша бүкіл (кіші) күнәлардан тазаланған болады.»(Мүслим).
Дәреттің алынуы мен оны жаңалау, немесе дәреттің бұзылуы турасында да әз пайғамбар анық хабарлар жеткізіп кеткен. Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын). Ол: «Аллаһ елшісі (с.а.у): «дәреті бұзылған адамның (қайта) дәрет алмайынша намазы қабыл болмайды», -деді», -деген. Хадрамуттық бір кісі: «Дәреті бұзылу деген не, ей, Әбу Һурайра?»-деп сұрады. Ол: «Дауысы естілмей не естіліп шыққан жел»,-деп жауап береді. Пайғамабарымыз Мухаммад (с.а.у): «Дәретсіз намаз және харамнан табылған ақшадан садақа қабыл етілмейді», –деген.
«Дәреті бола тұра қосымша дәрет алған кісіге Аллаһ Тағала сол арқылы он сауап жазады». хадисті Ибн Омардан (р.а) Имам Тирмизи риуаят етті.
Дәретті жүріп, ана өмірге аса бір тазалықпен барған мүминдер хақында пайғамбарымыз «Жәннат әшекейлері муминнің дәретте жуылған жерлерін жауып тұрады.» - деп оның дәрежесін тіпті де жоғары қойып, мұсылмандарды ұлы нығыметпен сүйіншілейді. Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а) Имам Муслим риуаят етті.
Дәрет – намаздың кілті, намаз – жәннаттың кілті- осыған дейінгі дәрет алу турасындағы хадистер оның маңызын, дәрежесін барынша ашықтап көрсетеді. Осы мақаламызға кірмей қалған, біздің шанақты ақылымызға түспей қалған дәрет туралы пайғамбарымыздың басқа да хадистері бар. Біз өз хал-қадірімізше түгендеген болдық. Қасиетті құранның ең өзекті түйіні адамдарды жүрек пен дене ластығына жол бермеуге, адам іші-сыртын таза ұстауға шақырады. Ұлы құлшылықты бастауға дәрет алу арқылы ғана кірісуге болатыны жоғарыда айтылды. Дәреттің пайдасы, оның бүгінгі таңдағы түрлі ғылми жұмыстарға өзек болғаны ол басы бүтін бөлек әңгіме. Біз тек пайғамбарымыздың осы амалға қаншалықты көңіл бөлгенін көз қарақты оқырманға жеткізу, ғибарат алуына, алдағы өміріне пайдалануына ой түрткі жасау.
Сарқан аудандық орталық мешітінің
бас имамы Серікбек Асқар ұлы