https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚАЛДЫРҒАН ЕКІ АМАНАТЫ

23 Sep 2019 0 comment Оқылды: 841 рет

Аллаһ елшісінің алдын ала алыс-жақын болашақты қатар білуі – өзіне ғана тән ерекшелік болатын. Худайбия келісімінен алған үлкен дәрісіміз де, міне, осы. Хақ пайғамбардың қойған ұстанымдарының ерекшелігі сол – талай су ағып, талай заман өтсе де, өзінің көкейтестілігін жоғалтпай, күн өткен сайын жаңара түсуінде. Ақырғы елші Хақ тағала тарапынан кейбір діни заңдар мен ұстанымдарды алып, оларды өз ғасырының адамдарына тәблиғ етіп үйретті. Олар да бізге дейін осы мәселелерді жеткізуде үлкен рөл ойнаған. Бізге дейінгілерге Хақ тағала мәңгілік разы болсын! Өткенге салауат тұрғысынан Құран бізге мынаны үйретеді: «Аллаһым, бізге кешірім ет! Аллаһым, дін ісіне бізден бұрын ықылас танытқандарды, қиындығына шыдағандардың, барлығын кешіре гөр! Және иман келтіргендерді нақақтан жазғырудан, оларды өсектеуден біздерді сақтағайсың» (Хашр, 59). Бұл – сахабаларға барғанға дейінгілерге арнаған біздің салауатымыз. Әр мазараттың басында тұрып, Фатиха оқыған кезде оларға деген осы құрметімізді білдіреміз. .
Қасиетті Құранда: «(Ей, Мұхаммед!) Сен адамдар арасында Алланың көрсеткені бойынша төрелік етсін деп, Саған хақ кітапты (Құранды ) түсірдік» («Ниса» сүресі, 105-аят), «(Ей, Мұхаммед!) Біз Саған барлық нәрсені ашық баяндайтын, мұсылмандар үшін дұрыс жол, игілік және қуаныш болатын Құранды түсірдік»(«Нахыл» сүресі, 89-аят), - делінді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (ﷺ) соңғы қажылығында қасиетті Құранның соңғы аяты аян етіліп, онда: «Бүгін сендердің діндеріңді кемелдендірдім. Сендерге арнаған нығметімді тамамдадым. Сендердің діндеріңнің Ислам діні болуын құптадым» («Маъида» сүресі, 3-аят), — делінген.

Мұнан біз Ислам шариғатының негізі қасиетті Құран екенін, ал Құран Кәрім арқылы жеткен Ислам – Пайғамбарымыздың (ﷺ) дәуірінде бұлжымас, кемел дін ретінде құрылғандығын ұғынамыз. Пайғамбарымыз (ﷺ) Құрандағы аят үкімдерін талдап-таратып түсіндіретін. Сахабалар қасиетті Құранды Пайғамбарымыздың (ﷺ) түсіндіріп бергеніндей қабылдайтын. Сахабалар Исламның алғашқы сәттерінен-ақ, қасиетті Құранның аяттарынан бастап, дәрет алуға дейінгі, күрделі мәселелерден тартып, қарапайым мәселелерді әсте-әсте қабылдап, пайғамбарымыздан сұрап, Ол кісіден көріп үйренетін.Міне осындай сахабалары хазреті Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) өмірбаянының бір сәтін де кейінгі ұрпақтан белгісіз, тарихтан тыс қалдырмады. Адамзаттың тарихында ешкімнің өмір жолы пайғамбарымыздың өмір жолындай қызығушылықпен, толық үйренілмеген. Пайғамбарымыздың айтқан сөзі, істеген ісінен тырнақшалық та нәрсе жазылмай қалмаған. Өйткені, Пайғамбарымыздың айтқан сөзі, істеген ісі, құптаған істері, дене пішімі, мінез-құлқы, өмірбаянына тиісті мәліметтер шариғат бойынша «сүннет» болып табылып, мұсылман үмбетіне үлгі, мысал, шариғат үкімі, хикмет, насихатқа айналды.

Содан Пайғамбарымыздың көзі тірісінде-ақ, Алла Тағаланың кітабы мен Алла Елшісінің сүннеті бірдей маңызға ие болатын. Сахабалардың ешқайсысының ойына Оның сөздері мен істерін тәрк ету мүлдем кіріп-шықпаған. Мұсылмандар Алла мен Оның Елшісінің(ﷺ) бұйрықтарына бойсұнып, Алланың кітабын қалай қабылдап мойындаса, пайғамбардың сүннетін де дәл солай қабылдаған. Өйткені, сүннет – Құраннан кейінгі екінші қайнар көз. Екеуін бір-бірінен ажырату әсте мүмкін емес-ті.

Құран Кәрімде сүннет туралы: «Егер бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға (Алланың кітабы Құранға) және Пайғамбарға (Мұхаммедтің (ﷺ) сүннетіне) жүгініңдер. Егер сендер Аллаға ахирет күніне анық сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ» («Ниса» сүресі, 59-аят ), — деген-ді. Сондай-ақ: «Ей иман келтіргендер! Аллаға бойсұныңдар», дейді. Аллаға бойсұну қасиетті Құранға бағыну екені белгілі. Алланың Елшісі Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедке (ﷺ) бойсұну, тірі кезінде өзіне бойсұну деген сөз. Ал, өлімінен кейін сүннеті бойынша амал ету, оған бағыну дегенге саяды. Егер де Аллаға бағыну бір бөлек, Елшіге бағыну бір бөлек болса, барлық мәселенің түйіні Құранда айтылып қойылған болса, онда Елшіге бағынуды айрықша айтудың қажеті қаншалық?! Қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 80-аятында: «Кім Алланың елшісіне бойсұнса, ол оның Аллаға бойсұнғаны», - делінген.

Пайғамбарымыз (ﷺ) хадис шәріпінде: «Ей, мұсылмандар! Мен сендерге екі нәрсені қалдырып барамын. Егер оларды бекем ұстап, амал жасасаңдар, ешқашан адаспайсыңдар. Олар – Алланың кітабы Құран мен Расулулланың сүннеті»,- деп ескертті.

Он бес ғасыр бойы Ислам әлеміндегі барлық мұсылмандар еш дау-дамайсыз, Құран мен Сүнннетті қатар ұстанып келе жатқаны әмбеге аян. Құран мен Сүннетті бір-бірінен ажыратуға мүлде болмайды. Құран мен сүннет – ет пен сүйек секілді бір тұтас.
Мәселен, намаздың парыз болу мәселесі. Құранда намаздың парыз болуы айқын болғанымен оның қай уақыттарда, қалай оқылатыны, рәкәт сандары және басқа да шарттары кең түрде баяндалмаған. Құранды тәпсірлеуші бірқатар ғалымдар «Күндіздің екі жағында және түннің күндізге таяу уақыттарында намазды орында. Шындығында жақсы істер жамандықтарды жояды» деген «Һуд» сүресі, 114-аяттан намаздың бес мезгілін шығаруға тырысқанымен «Шындығында намаз мұсылмандар үшін белгілі уақыттарда парыз етілді» деген «Ниса» сүресі, 103-аяттағы «белгілі уақыттарды» нақтылап берген – сүннет.

Ардақты Елші (ﷺ) намаз уақыттарын үйретумен қатар оның бүкіл шарттарын, қалай орындалатынын «Намазды менен көргендеріңдей етіп оқыңдар» (Имам әл-Бухари) деу арқылы көрсетіп берген. Егер Құранда мұның бәрі егжей-тегжейлі баяндалатын болса, онда Қасиетті кітаптың тек намазға ғана байланысты үкімдердің өзі қаншама беттерді алған болар еді. Сондықтан Құранда көптеген мәселе өте ықшам беріліп, оның егжей-тегжейлі баяндалуы Алла Елшісіне (ﷺ) жүктелген. Жоғарыда біз келтірген мысал намазға қатысты үкімдер ғана. Құранда зекеттің де парыз етілгені белгілі, ал оның қандай нәрселерден және қаншалықты мөлшерде алынатынын сүннет айқындап берген. Сонымен қатар, қажылық та парыз етілген, ал оның негізгі шарттары бізге сүннет арқылы келіп жеткен.

Сөз түйіні, Имам әл-Тирмизидің кітабында риуаят етілген хадис шәріпте: «Менен кейін өмір сүргендер көптеген келіспеушіліктер мен дау-дамайға куә болады. Сендер менің сүннетімнен және әділ де тура жолға бастаушы халифаларымның (алғашқы 4 халифа) сүннетінен мықтап ұстаныңдар. Оларға азу тістеріңмен жармасқандай екі елі айрылмаңдар», - деп ескертіп айтқан екен. Олай болса, қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетін берік ұстану дін Исламның талабы. Шариғаттың бұл екі қайнар көзінен қашықтау Исламнан, мұсылманшылық жолдан адасу. Алла адасушылықтан сақтасын!


Панфилов ауданы орталық мешітінің бас имамы Серік Шәріп

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз