Адамзаттың асыл тәжі, біздің Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соңғы хұтпасында: «Мен сендерге екі асыл нәрсе тастап кетіп бара жатырмын, бірі - Құран, екіншісі - сүннет», - деген. «Сүннет» - екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың істеген амалдары. Кездескен кісіге ең бірінші болып амандасатын және Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір кісімен жолығып, онымен қол алысып сәлемдескен кезде, қашан сәлем беруші кісі өз қолын тартып алмайынша және жүзін бұрмайынша, Ол (с.ғ.с.) қолын тартпайтын, одан жүзін тайдырмайтын. Міне, бұл - сәлем берудің ең әдемі әдебі. Мұсылмандық көріністің бірі осылай сәлемдесу, қал-жағдай сұрасу болып табылады. Сәлемдесу – инабаттылықтың, адамгершіліктің, имандылықтың нышаны. Әр адам күнделікті тірлігін бір-бірінің амандығын сұрасудан, бір-бірімен сәлемдесуден бастайды. Иә, әрбір иманды кісі тілі мен түрінің өзгелігіне қарамай, екінші мұсылман бауырына кезіксе, сәлем береді немесе берген сәлеміне тиесілі жауап қайтарады. Амандасудың түп-төркіні атамыз Адамнан басталған. Алла Тағала о баста оған осылай сәлемдесуді үйреткен.Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Даңқты да ұлық Алла Адам атаны алпыс шынтақ бейнесінде жаратты. Жаратып болған соң оған: «Ана отырған топқа бар да, сәлем бер. Олардың өзіңе не деп жауап қайтаратынын тыңдап көр. Бұл сенің және ұрпақтарыңның сәлемдесуі», − дейді. Ол жерде бір топ періштелер бар еді. Адам ата оларға барып: «Ассаламу алайкум!» − деп амандасады. Олар: «Ассаламу алайка уа рахматулла!» − деп, «рахматулла» сөзін қосып жауап қайтарады». Сәлемдесудің дініміздегі орны «ас-Салам» сөзінен алынған. Ол «тыныштық, бейбітшілік, есендік» деген мағыналарды білдіреді. Амандық-саулық сұрасу мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бірлікті арттырады. Алла Тағала иман келтірген құлдарын өзара сәлемдесуге шақырады. «Нұр» сүресінің 27-аятында: «Әй, мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша, әрі үй иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине, ескерерсіңдер», – делінеді. Ардақты сахаба Әнас ибн Мәлік (р.а.) айтады: «Пайғамбар (с.а.у.) маған: «Ей, балам! Үйіңе кіргеніңде үй-ішіңе сәлем бер. Сенің сәлемдескенің өзіңе және үй ішіңе Алла Тағаланың берекесін алып келеді», – деді».Сәлемді ықыласпен әрі неғұрлым көп берген сайын, сауабы да соғұрлым арта береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдинаға ең алғаш рет келген кезде: «Ей, адамдар! Өз араларыңда сәлемді жайыңдар және адамдарды тамақтандырыңдар. Туысқандарыңмен болған қарым-қатынасты жақсартыңдар және адамдар ұйқыда болған сәтте намаз оқыңдар. Сонда жәннатқа амандықпен, сәлеметпен кіресіңдер», – деп сауап істердің қатарынан сәлемдесуді бірінші атаған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір мұсылманның сәлемін алу – уәжіп (міндет). Бір мұсылманның кездескен мұсылманға сәлем беруі оның мойнындағы ақысы», – деп айтқан. Демек, сәлем беру сүннет, оған сәлем қайтару міндет. Ислам – бірлікке үн қатып, бөлінушілікке қатаң тыйым салатын дін. Асыл дініміздің мақсатын білмей сәлемге сараңдық таныту – үлкен қателік. Хадисте: «Адамдардың ең сараңы сәлем беруде сараңдық танытқаны», – делінген.Бір адам: «Уа, Алланың Елшісі (с.а.у.)! Исламдағы ең жақсы амал қандай?», – деп сұрағанда Алла Елшісі (с.а.у.) оған: «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген. Кейде «Ассаламу алайкум» деп сәлем берген кісіге «Уа алайкум» деп қысқа қайыра салатындар бар. Негізінде, сәлемге қысқа жауап қайтару сәлемдесудің түпкі мазмұнын жоғалтады.Сондықтан, мұсылман баласы ретінде екінші тараптың берген сәлеміне жүрдім-бардым қарамай, оған сол қалпында немесе онан да жақсырақ етіп қайтару абзал. Құран аятында былай делінген: «Қашан сендерге бір амандасумен сәлем берілсе, онда (сәлемді) одан да көркемірек етіп не, соның өзіндей етіп қайтарыңдар. Расында Алла барлық нәрсені есепке алушы» («Ниса» сүресі, 86-аят).Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Егер сендерге кітап иелері (христиандар мен яһудилер) «Ассаламу алайкум» деп сәлемдессе,
оларға «Уа алайкум» (яғни, «сендерге де») деп жауап қайтарыңдар, – деген. Әбу Һурайра (р.а): Алла Елшісі (с.ғ.с): «Көліктегі адам жаяу адамға, жаяу адам отырған адамға, қатарында кісі саны аз топ өздерінен әлдеқайда қарасы мол топқа бірінші болып сәлем береді», - деген сөзін жеткізеді. Имам Бұхаридың риуаятында: «Жасы кіші болған жасы үлкенге сәлем береді», - делінген.Әлбетте, сәлемдесу әуелі адамды кішіпейілділікке тәрбиелейді және сәлем беру - адамға жақсылық, есендік, саулық тілеу дегенді білдіреді. Мәселен «Екі мұсылман кездескенде бір-бірінің қолын алып, хал-жағдай сұрасса, Алла тағала сол мезет оларға жүз рахымнан төгеді. Соның тоқсаны сол екеуінің бірінші болып сәлемдесіп, ақжарқын қуаныш сыйлағанына бұйырады». «Екі мұсылман баласы кездескенде, олар бір-бірімен амандасып, қол алысқанда, Алла тағала оларды осы сәтте бір-біріне тілеген тілек-дұғаларын қабыл алады. Қолдар ажырамай жатып күнәларын кешіреді», - деген хадистер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмбетін береке-бірлікке, достық, татулық, бауырмалдылыққа, кішпейілділікке, жарқын жылы жүзділікке тәрбилеп қана қоймай сәлемдескен кезде күнәларынан арылып, сауапқа кенелетіндігінен хабар берген. «Ассаламу алайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ»
Көксу аудандық «Балпық би» мешітінің баспасөз қызметі