Аллаһтың адамзатқа берген азды-көпті ғұмырын көркем мінезбен көріктеп, Аллаһ разы болатындай ізгі амалдар жасап, өзі сүйген сүйікті құлдарының бірі болуға асығудан артық адам баласында басқа қандай мақсұт болсын?! Өмірдің барлық сәтінде бір мінезде болу, қарсы жолыққан қиыншылықтарды сабырлықпен қарсы алып, Алланы еске алған түрде жеңу көп адамның қолынан келе бермес қасиет. Жаһандану дәуірі адамзат баласын барлық жақтан жұтуға, өз дегенін істетуге барын салуда. Ешбір қоғам тіпті әрбір жан иесі бұл үдерістен бөлек емес. Көз алдыңызда көптеген жақсылықтармен бірге жамандықты да жанарыңыз көріп, сезгір санаңыздан тыс қалып жатқан жоқ. Өмірде адам баласына кесірін тигізетін барлық нәрсенің бастауы жаман мінез-құлықтан туындайды. Көркем мінезді адам өзін Алла тиған барлық жамандық атаулыдан сақтайды. Қазіргі таңда жамандықтың түрі сан алуан. Әсіресе зина жасау қалыпты құбылысқа айналып барады. Бұл жерде ер әйелдің некесіз жыныстық қатынасынан тыс басқа да зина түрлері бар екенін көзқарақты көптеген жамағат біледі. Аллаһ Тағала мұсылмандарға ең үлкен күнәларды уахи еткенде (хабардар еткенде) зинаны да үлкен күнә қатарына жатқызып былай дейді: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол». (Исра сүресі 32-аят).
Аңғарғанымыздай, зинаны жасамақ түгілі оған жақындау, ол туралы ойлау, немесе соған апаратын себептерін істеу де Алла сүймес ауыр күнәлі істерідің бірі екенін байқаймыз. Ислам діні мұсылмандарға зинадан сақтанып, одан аулақ болу үшін адал некемен үйленуді бұйырады. Сондай-ақ зинаның алдын алу үшін әйел балаларының орамал тартып хижап киюлерін, бөгде ер кісілер мен әйел кісілердің оңаша қалмауын және бір-біріне нәпсі құмарлықпен қарамауға бұйырады. Ер кісі айналасындағы әйел затына тек бір рет қана қарауына болады. Себебі, қарамау оның еркінде емес, ол шартты рефлекс. Ал екінші, үшінші рет қайталап қарауы күнә және көз зинасына жатады. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әлиге (радиаллаһу анһу): «Бір рет қарау сенің ақың. Екінші рет қарауыңа болмайды» - деп, осы мәселені ескерткен. Сондай-ақ үйленетін шаққа келген ер жігіттерге Пайғамбарымыз үйленсін, үйленсе дінінің жартысын орындағанмен бірдей болады деп өсиет айтып кеткен. Алайда үйленуге шамасы келмейтін, бірақ зина жасап қоюдан қорқатын кісілерге ораза ұстасын деп, екінші өсиетін де айтқан.
Алла Тағала бөгде жынысқа құмарлана қараудан тыю үшін, ердің әйелге, әйелдің ерге көз салуы турасында былай деп үкім етті: (Мұхаммед Мүміндерге айт: (бөгде әйелдерге қараудан көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла олардың не істегендерінен хабар алушы) («Нұр» сүресі, 30-аят). Алла тағала ер адамдардың өз некесі болмаған басқа әйелдерге көз салуларына аса бір ауыр үкім кесіп, олардың күнәлі істерге баруларының алдын алады, әрі одан сақтану жолдарын көрсетеді. Шайтан айналамыздағы түрлі жағдайлардан адам баласын аздырып, күнәлі істер жасату үшін барын салады. Қазір қоғамда зорлық-зомбылық, ббасқыншылық жасау сияқты аса бір күнәлі істер күнделікті жүз беруде. Жаны таза, құдайдан қорқатын құл үшін осы жамандықтың бастауы көзді әр нәрсеге сұқтандырып қараудан сақтау. Назар әйелдің тәнінде емес, өз жүрегімізде болғанда ғана біз мұндай пасық әрекеттен ада боламыз. Ең әуелі көзді сақтау осылардың бәрінен қорғайды. Жоғарыдағы аяттың (Мұхаммед (с.ғ.с.), Мүміндерге айт: « бөгде әйелдерге қараудан көздерін сақтасын...» бұл ер адамдарға көзді күнәдан сақтандыру үшін, ал, жалғасындағы «Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын...» («Нұр» сүресі, 30-аят)-деген аят әйел кісілер үшін. Еркектердің нәпсісін оятпау үшін әуретті жерлері жабу мақсатында бұйырылған. Әрбір дерттің емі болатындықтан, бұл нәрселерден айығудың да жолы бар. Ол мінезді дұрыстау. Көркем мінез қалыптастыруға талпыну. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) «Мінез-құлықтарыңды дұрыстаңдар» -деген хадисы жүректі тазарту, Абай атамыз айтпақшы көңілдің кірін қашырып, тілді зікірден ажыратпау. Көзді тек жақсы нәрселерге салу, білімге жұмсау. Жамандықтан сақтану үшін жанарды төмен салудың өзі құлшылық болып саналады. Әрбір сәт сайын тәбеге келу, келесінде жамандықа жанар бұрып, назар салуға ұмтылмау биік парасаттың белгісі.
Сарқан аудандық орталық мешітінің бас имамы Серікбек Асқар ұлы