Күллі әлемнің Раббысы, аса Үстем, екі дүниенің Патшасы, көркем сипаттардың иесі Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар, және жәннәтпен Сүйіншілеуші, тозақпен Ескертуші, қараңғылыққа жарқыраған шырақ, Аллаға шақырушы, күллі әлемге рахмат болып келген Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға Алла Тағала мен періштелердің және адамдардың салауаттары мен сәлемдері болсын.
Қажылық – бес парыздың бірі болғандықтан әрбір шамасы жететін мұсылман өмірінде бір мәрте қажылық парызын өтеуге міндетті. Бұл парыздың орнын ешқандай амал алмастыра да, орнын баса да алмайды. Кейбір хадистер қажылыққа тең келетін амалдарды баяндаған болса, ол шамасы жетпеген адам қамықпауы үшін, Алла Тағала пендесінің кейбір сауапты амалдарының дәрежесін қажылықтың сауабымен теңестіргені немесе адамдардың әрдайым ғибадатта ыждағаттық танытып, сол сауапқа кенелуіне тырысуы үшін. Алла Тағала жақсырақ білуші. Сол хадистерге тоқтала кетсек:
Ең әуелі, ниеттің тазалығы. Қиямет күні болғанда әрбір пенде өзінің амал дәптерін көреді, сонда арасынан қажылық, зекет, тіпті садақаның да сауабын көреді.
«Бәлкім, бұл менің амал дәптерім емес шығар. Мен бұларды жасаған жоқ едім ғой»,- дейді ол есі шыға.
Сонда Алла Тағала құлына:
«Бұл сенің амал дәптерің»,- дейді.
Әлгі адам Жаратушыға:
«Уа, Жаратушы Ием! Мен бұл амалдарды жасаған жоқпын»,- дейді.
Хақ Тағала болса:
«Сенің бұл амалдарды жасамағаныңды білемін. Алайда сенің ниетің: «Егер қаражатым болса, мешіт салар едім, мұқтаждарға жәрдемдесіп, қажылыққа баратын едім» деп тұратын. Ниет-ықыласың шынайы әрі тек Менің разылығыма қол жеткізу болғандықтан ниетіңдегі амалдардың сауабы да жазылды»,- дейді.
Екінші мешітке дәретпен бару. Алла Елшісі ﷺ: “Кімде-кім дәрет алып, жамағатпен намаз оқу үшін мешітке барса, ихрам киіп қажылық парызын өтегендей сауапқа ие болады. Ал егер Дұха намазын оқитын болса, кіші қажылықпен тең сауапқа кенеледі»
Үшінші нәпіл намаз оқу. Әз елші ﷺ: «Кімде-кім таң намазын мешітте жамағатпен оқып, күн шыққанша зікір етіп (Алланы еске алу), күн шыққаннан соң екі бас нәпіл намаз оқыса, үлкен қажылық пен умраның сауабындай сауапқа кенеледі»,- деген.
Төртінші мешітте білім беру немесе білім алу. «Алла Елшісі ﷺ: «Кімде-кім білім алу үшін не болмаса білім үйрету үшін мешітке баратын болса, қабыл болған қажылықтың сауабындай сауапқа ие болады»,- деген.
Бесінші ата-ананың разылығы. Бірде пайғамбарымыздан ﷺ бір сахаба: «Мен Алла жолында қызмет еткім келеді, не қызмет жасауға болады?»,- деп сұрайды.
Әз елші ﷺ әлгі сахабадан: «Әке-шешең тірі ме?»,- деп сұрағанда: «Анам бар»,- деп жауап береді.
Сонда Алла Елшісі: «Ендеше, анаңа құрмет көрсетіп қал. Анаңның разылығына қол жеткізудің жолдарын тап. Сонда қажылық пен умраның сабауындай сауапқа кенелесің»,- дейді.
Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Данағұлов А.С.