https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Уахидың түрлері

29 Aug 2019 0 comment Оқылды: 1830 рет

Уахидің сөзбе-сөз мағынасы: Бір нәрсені құпия түрде жылдам білдіру деген сөз. Уахидің діни терминдік мағынасы: Алладан тікелей немесе елші арқылы пайғамбарларға жеткен анық хабар.
Алла құлдарынан таңдағандарына қалаған нәрселерін білдіруі ерекше тәсілдер арқылы жүзеге асады. Алла әр түрлі уахи арқылы өз сөздерін пайғамбарларға жеткізген.
Қасиетті кітабымыз Құран Кәрім Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) уахи арқылы түсті. Алла Тағала елшілеріне кез келген қалаған құбылысты не оқиғаны уахи арқылы білдіреді. Уахидің қандай болатындығы мен қалай әсер ететіндігі бізге беймәлім, ол Алла пен пайғамбар арасындағы сырлы сөйлесу халі. Хазіреті Пайғамбарымызға уахи мынадай жолдармен келген:
1. Шынайы түс. Бұл алдыңғы Пайғамбарлар секілді Хазіреті Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрген түстері айна-қатесіз дәл келіп отыратын. Бұл жөнінде Айша анамыз: «Алланың елшісіне уахи ұйқыда ақиқат түс көруден басталды және көрген түстері таң нұры секілді анық еді» дейді.
2. Хазіреті Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ояу кезінде Жәбірейіл (Оған Алланың сәлемі болсын) көрінбестен жүрегіне уахиді үрлеуі. Аятта бұл уахи түріне былай деп тоқталады: «Оны (Құранды) Жәбірейл (Рухул Қудус) келтірді. Ескертушілерден болуың үшін жүрегіңе қондырды. Ап-ашық бір араб тілінде түсірді» (26. «Шуғара» сүресі, 193-195-аят).
3. Жәбірейіл (Оған Алланың сәлемі болсын) кейде уахиді адам бейнесіне әкелетін. Бұл уахи алудың ең жеңіл түрі. Айша анамыздан жеткен хадисте: «...Ал кейде періште адам кейпінде келіп тіл қатады, Мен оның айтқандарын ұғып аламын» деген. Риуаят бойынша, Жәбірейіл (Оған Алланың сәлемі болсын) көбіне Дихя есімді сахабаның бейнесінде келетін.
4. Жәбірейіл (Оған Алланың сәлемі болсын) көрінбестен, шыңғырлаған немесе араның ызыңдаған даусына ұқсас дауыспен уахи әкелетін. Уахидің ішіндегі ең қиыны осылай келген уахи еді. Мұндай жолмен келген уахилер көбіне ескерту, қорқыту түрінде айтылған аяттардан тұратын. Осы жолмен уахи келгенде Хазіреті Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты қобалжып, дірілдеп, терлеп кететін. Харис инб Хишам (Алла ол кісіге разы болсын) «О, Алланың елшісі! Саған уахи қалай келеді?»- деп сұрағанда, Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кейде қоңырау үніндей боп келеді, бұл Маған өте қиынға соғады, ал айтқанын ұғып алғанымнан кейін, жеңілдеп қаламын..» деп жауап берген. Айша анамыз былай дейді: «Қатты суық бір күні Хазіреті Пайғамбарға уахи келгенін көрдім. Сондай суық күні уахи келіп кеткенде, Расулуллаһтың маңдайынан суық тер шығатын».
5. Жәбірейлдің(Оған Алланың сәлемі болсын) өз бейнесінде уахи әкелуі. Мұндай уахи 23 жылдың ішінде екі-ақ рет болған. Алғашқысы – Хира үңгірінде, екіншісі – Миғражда, яғни Сидратул Мунтахада Жәбірейілді көріп, уахи алады. Хазіреті Пайғамбар Жәбірейілді Хира үңгірінде алғаш өз бейнесінде көрген кезде қорқыныштан талып қалған-ды.
6. Хазіреті Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ояу күйінде Алла Тағаламен сөйлесіп, уахи алуы. Миғражда Хазіреті Пайғамбар(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) перде арқылы Алла Тағаламен сөйлесіп, бес уақыт намазды, «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын алған.
Құран Кәрім Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) елші (періште) арқылы түскен. Құран Кәрімді Алладан алып пайғамбарымызға жеткізген бұл елші – періштелердің ең үлкені Жәбірейіл (Оған Алланың сәлемі болсын).

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз