Күллі әлемнің Раббысы, аса Үстем, екі дүниенің Патшасы, көркем сипаттардың иесі Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар, және жәннәтпен Сүйіншілеуші, тозақпен Ескертуші, қараңғылыққа жарқыраған шырақ, Аллаға шақырушы, күллі әлемге рахмат болып келген Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға Алла Тағала мен періштелердің және адамдардың салауаттары мен сәлемдері болсын.
Лұқман Хаким – өте үлкен даналығымен, хикметтерімен әйгілі. Алла Тағала Құранда есімін айтқан, тіптен оның есімімен сүре аталынған. Сондай- ақ баласына айтқан өсиеттері мен уағыздары адамдар арасында кең таралған. Соның ішінде Құран Кәрімде келген, баласына айтқан өсиеттерінен біразын келтірейік:
Алла Тағалаға серік қосудан ескертуі: «Бірде Лұқман ұлына: «Балам, Аллаға серік қоспа! Біле білсең, Оған серік қосу ең үлкен зұлымдық!» - деп насихат айтты».
Ата – анаға ізгілік қылу: « Біз адам баласына ата- анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қина жүріп көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше Маған және ата- анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың. Егер олар Менен өзгенің құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне мойынсұнба. Алайда дүниеде олармен жақсы қарым- қатынаста бол, үнемі қарайласып тұр».
Әрдайым Алла Тағаланың бақылауындасың: «Уа, балам! Расында, жақсы- жаман қандай да бір іс (қышаның дәнегіндей) мысқалдай болса да, әрі бір меңіреу жартастың ішіне, яки көктердің немесе жердің қандайда бір қалтарысына жасырынып қалса да, Алла оны міндетті түрде жарыққа шығарады. Алла- өте Қырағы, бәрінен толық Хабардар».
Намазды тұрғызуды бұйыруы: «Уа, балам! Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқы».
Жақсылыққа үндеп, жаманшылықтан тый: «(Адамдарды) әрдайым жақсылыққа үгітте (үнде), (оларды) жамандық атаулыдан тыюға тырыс!».
Қиыншылыққа сабыр ету: «Басыңа не келсе де сабыр ет! Міне, осы істердің әрқайсысы табандылық пен күш- жігерді талап ететін, сауабы да зор істердің бірі һәм бірегейі».
Такапарлықтан сақтану: «Ешкімге мұрныңды шүйірме, жер бетінде кердеңдеп жүрме! Шүбәсіз, Алла кеуде керіп, менменсіген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды».
Адамдармен сөйлескенде дауысты төмен ұстау: «Жүргеніңде һәм әр ісіңде байсалды бол! Сөйлегенде, даусыңды қатты көтерме! Біле білсең, ең сүйкімсіз дауыс- есектің дауысы».
Алла Тағала осы өсиеттерді бойымызға сіңіріп, өмірімізде амал етуімізге насіп етсін!
Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің
бас имамы Данағұлов А.С.