Алла тағала Рамазан айында жасаған тағат-құлшылықтарымызды, салихалы ізгі амалдарымызды қабыл еткей. Санаулы күндер бұрын ғана қасиетті де берекелі «Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» - деп, Аллаға дұға жасап жалбарынған едік, көзді ашып жұмғанша ораза айын тәмәмдап Шәууәл айымен де қауышқан жайымыз бар.
Рамазан оразасын ұстау арқылы біз ең әуелі, Раббымызға бойсұна отырып, тұла-бойымызға бұйрықты орындататын һәм тыйымдардан қайтаратын тақуалық қасиетін сіңірдік. Алла тағала Бақара сүресінің жүз сексен үшінші аятында: «Ей, иман келтіргендер! Алдарыңда өткен қауымдарға ораза парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін, тақуа боласыңдар» - деген.
Ораза арқылы біз Раббымыздың көркем мінезді үйрететін рухани тәрбие мектебіне кіріп, бойымыздағы жағымсыз сипаттардан арыламыз. Сабырлы болуды үйреніп, ерік-жігерімізді күшейтеміз. Зейініміз тазарып жақсы ойлануға дағдыланамыз. Күнделікті өмірімізге жүйелілік пен тәртіп енгіземіз.
Ораза – бойымыздағы мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдылық секілді сезімдерімізді оятып, мұқтаж жандарға қарайласуға қанат бітіреді.
Ораза – ағзадағы артық, улы нәрселерден арылтып жаңартады әрі асқазанға демалыс береді. Сол себепті пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ораза ұстаңдар – сау боласыңдар!» деген еді.
Оразаның нәтижесінде жамандыққа бейім нәпсіміз басылып жуасиды, ал рухымыз әміршіге айналады. Осылайша біз, Алланың рақымымен тозақ отынан алыстатылып, мол сауапқа кенелеміз.
Осы тамаша күйімізді сақтап, ары қарай кемелдену жолында Шәууәл айының оразасы таптырмас қазына. Шәууәл айы мейраммен басталатын теңдессіз ай. Шәууәл айында алты күн ораза ұстау сүннет әрі мүстахаб амал. Әбу Аййуб әл-Ансори Алла елшісінің (с.ғ.с) «Кім рамазанның оразасын толық ұстаса, сосын Шәууәлдан тағы алты күн ораза тұтса, жыл бойы ораза ұстағандай сауап алады» - дегенді жеткізген.
Алла тағала Анғам сүресінің 160 аятында «Кімде-кім Алланың алдына бір ғана жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады. Ал, кімде-кім бір жамандықпен келсе, ол тек сол күнәсінің ғана жазасын тартады. Олардың ешбіріне титтей де әділетсіздік жасалмайды» - деген. Ғалымдар осы аятта айтылған бір жақсылыққа он есе сауап жазылады деген Алланың сөзіне сүйене отырып, рамазандағы отыз күн оразаға Шәууәл айының алты күнін он еселеп 360 күн, яғни, бір жыл ораза ұстағандай сауап жазылады деп санаған.
Шәууәл оразасын бірінші айт күнінен кейін ұстауға рұқсат берілген. Дегенмен, ораза айттың үш күнін толық тойлап барып, Шәууәл оразасын үстаған орынды және абзал болмақ. Өйткені айт Алланың бізге берген мейрамы. Мұнда Алланың көптеген хикметі, даналығы жатыр. Біз айтты тойлау арқылы Рамазанның аяқталғанын білдіреміз. Сондай-ақ, парызымызды өтеп сауапқа кенелгеніміз үшін қуанамыз. Айт намазын оқып Аллаға шүкір етеміз және жақындарымызды осы мейрамымен құттықтап бір-бірімізе, мағайымызға қуаныш сыйлап, жақсылықпен бөлісеміз.
Енді Рамазан оразасының қаза күндері бірінші өтеле ме, әлде Шәууәл оразасын бірінші ұстау керек пе деген мәселеге келетін болсақ. Төрт мәсхаб ғұламалары өз дәлелдерін келтіре отырып, орынды үкімдер айтқан. Мысалы Ханбали мәсхабының ғалымдары көбінесе қаза болған оразаны бірінші өтеу керек дейді. Өйткені ешкім ғұмырының қанша қалғанын білмейді және Құдайдың алдына қарыз боп кеткен дұрыс емес дейді.
Ханбали ғалымдары хадисте "Кімде-кім Рамазан оразасын толық ұстап, кейін Шәууәл айының оразасын тұтса..." деп келгендей, кісі толық ұстамаса немесе қаза күндері болса, онда ол Шәууәл айының оразасын ұстай алмайды. Себебі ол Рамазан оразасын толық ұстағандардың қатарына кірмейді. Бірінші қаза өтелуі қажет деп топшылайды.
Шәфиғи мәсхабы болса «Егер Шәууәл айында Рамазан айының оразасының қазалары өтелсе, Шәууәл айының оразасы да өтелген боп есептеледі» - деген үкімді айтады. Яғни, Рамазан оразасының қазасы өтеле отырып, қосымша Шәууәлдің сүннет оразасының да сауабын алады дегенге саяды.
Ханафи мәсхабының ғалымдары қазаны өтеуде асығыстық жоқ дейді. Өйткені Құранның Бақара сүресі 184 аятында «Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын» деген. Яғни, күндерін нақты білдірмеген. Шәууәл айының қай күні болса да ұстаса болады деп кеңшілік берілген дейді. Және Айша анамыздан жеткен хабарда: «Менде кей кезде Рамазан айының қарыз оразасы болатын. Мен оның қазасын Шағбан айында (Рамазанның алдындағы ай) келесі Рамазанға таяғанда бірақ өтейтін едім» - дейді. Себебін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қызметінде болғандықтан ұстай алмадым деп түсіндіреді. Яғни, Айша анамыз дәндар болса да, қазасын кейін өтеген. Олай болса қазасын өтеуде асығыстық жоқ деп осы хадиске сүйенеді. Бұдан Рамазан оразасының қазасынан бұрын нәпіл оразаны ұстасаң болады деген ұғым шығады.
Қорыта келе айтарымыз, Рамазан айының қазасы көп болып, Шәууәл оразасын ұстай алмай қалу қаупі болса, Шәууәлдің сауабынан құр қалмау үшін бірінші кезекте осы нәпіл болған оразаны ұстауына рұқсат. Ал егер қазасы аз болып, Шәууәл айының оразасын өткізіп алу қаупі болмаса, онда Рамазан оразасының қазасын бірінші өтеп, кейін Шәууәл айының оразасын ұстағаны орынды әрі абзал болады. Себебі Рамазан оразасы парыз, әрі қазасын өтеу де парыз. Ал Шәууәл айының оразасы сүннет әрі мүстахап амал екенін естен шығармауымыз қажет. Ең дұрысын білуші Алла.
Алла тағала ізгі ниеттерімізді, ұстаған оразаларымызды қабыл еткей! Келесі Рамазан және Шәууал айларында амандықпен қауыштырғай!
Кербұлақ ауданының бас имамы Қанат Маратұлы