https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Жұма туралы аяттар

30 May 2019 0 comment Оқылды: 1943 рет

Жұма күні Мұхаммедтiң (ﷺ) : үмметiне мейрам күні етіп берді. Алла Тағала адамзаттың атасы Адамды (ғ.с) жаратты. Жұма күні Адам (ғ.с.) жұмаққа кіреді. Осы күні Адам (ғ.с.) жұмақтан шығарылып, жерге түсірілді. Қиямет күні де жұмаға сәйкес келеді екен. Бұл күні мұсылмандар үшін ең ұлы қуаныш - олар Алла Тағаламен қауышады.

     Қасиетті күнде атқарылатын ғибадаттың басқа күндердегіден сауабы мол. Сондықтан, жүрегінде иманы бар мұсылман жұма күннің қадір-қасиетін жақсы біледі, әрі бұл күнді Жаратушы Иеміздің разылығына кенелу үшін Жаратқанның әміріне сай ерекше өткізуге әрекет етеді. Алла Тағала иманды құлдарына:

يأَيّهَا الَّذِينَ ءَامَنُواْ إِذَا نُودِيَ لِلصَّلاةِ مِنْ يَوْمِ الْجُمْعَةِ فَاسْعَوْا إِلَي ذِكْرِ اللهِ وَ ذَرُوا الْبَيْعَ ذَالِكُمْ خَيْرٌ لَكُمْ إنْ كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Уа, мүминдер! Жұма күнi жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға (намазға) асығыңдар да, сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы»- деп бұйырады.

Жұма намазына екі рет азан шақырылады. Мұның да тарихы, әрі себебі бар. Аяттағы «азан» жұма күні айтылатын екінші азан. Пайғамбарымыз (ﷺ): бен оның сахабалары: Әбу Бәкір (р.а.) және Омардың (р.а.) заманында, шынында, жұма намазына азан бір рет шақырылатын. Османның (р.а.) халифалық дәуірінде мұсылман қауымы көбейді. Жұма күндері алыс тұратын кейбір тіршілік қамында жүрген мұсылмандар азан шақырғанын естімей қалатын, ал есіткендері де намазға үлгере алмайтын. Ислам әу бастан бірлік пен ынтымақ діні. Бұл айтылғандардың көбі намаз арқылы амалға асады. Мысалы, дініміз күнделікті бес уақыт намазды үйлерімізде немесе өзімізге жақын мешіттерде жамағат болып оқуды бұйырады. Бір ауыл немесе көшеде тұратын мұсылмандар күнде бес рет кездесіп, бір-бірімен сәлемдеседі, бір мешіттің ішінде отырып, Аллаға мінәжат етеді. Жұма намазын оқу үшін мұсылмандар мешітте бас қосады. Бірге ғибадат етіп, үгіт-насихат тыңдайды, дін және дүние істері бойынша ақыл-кеңес алады, бір-бірімен танысады, бір-бірінің хал-жағдайын сұрайды. Жұма намазында мемлекет қайраткері мен қарапайым жұмысшы, бай мен кедей, ақ пен қара өңді мұсылмандар бір сапта тұрып, Аллаға сәжде етеді. Осылайша намаз адамдарды теңдікке, әрі бірлікке шақырады. Расында, аптасына бір рет келетін жұма намазы дүниелік істерінен абзал. Аяттағы «Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы» деген сөздің мән-мағынасы да – осы. Бір жұмада Пайғамбарымыз (ﷺ): жұма намазының хұтбасын оқып тұр еді. Сол сәтте алыс сапардан қалаға сауда керуені кіріп келді. Мешітте отырған мұсылмандардың кейбіреулері орындарынан тұра ұмтылып, керуенді қарсы алуға шығып кетті. Сол кезде Алла Тағала Пайғамбарымызға (ﷺ) төмендегі аяттарды түсірді:

وَ إِذَا رَأَوْا تِجَارَةً أَوْ لَهْوًا انْفَضُّواْ إِلَيْهَا وَ تَرَكُوْكَ قَائِمًا قُلْ مَا عِنْدَ اللَّهِ خَيْرٌ مِنَ اللَّهْوِ وَ مِنَ التِّجَارَةِ وَ اللَّهُ خَيْرُ الرَّازِقِين

«(Ей, Мұхаммед!) Бірер кәсіпті немесе тамашаны көре қалса, олар сені тік тұрып (хұтпа оқыған) бетінде тастап, саудасына жүгіріп кете береді. Сен айт: «Тамашадан да, саудадан да Алланың қарамағындағы сауап артық. Алла - ризық берушінің ең жақсысы».

Құрметті бауырлар! Ендеше, Алла Тағаланың алдыңдағы сауаптың артық екендігін ұмытпай, үнемі жақсылыққа, әрі сауапты істерге асығу керек.

 

ШӘРІП СЕРІК

Панфилов аудандық орталық мешітінің Бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз