Айт – арабшада «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Айт намаздарының үкімі Құран мен сүннетке сүйенеді. Әбу Ханифа мәзһабында айт намазы әрбір мұсылманға – уәжіп. Үммү Атия былай дейді: «Ораза айт күні біз намазға шығуға бұйырылатынбыз. Тіпті үйінде отырған қыз бала да үйінен шығып келетін. Тіпті етеккірі келген әйелдер де келіп, жамағаттың ең артында тұрып, тәкбір айтып, дұға етіп, бұл күннің берекелі әрі (күнәдан) тазару болатынына үміттенетін». Ибн Аббас: «Ораза айт намазында Алла елшісімен (с.ғ.с.) Әбу Бәкір және Омарлармен (р.а.) бірге болдым. Барлығы ораза айт намазын құтбадан бұрын оқыды», – деген. Дініміздегі екі мейрам осы Рамазан айтымен Құрбан айт. Айт намаздарының алғашқы уақыты – күннің көкжиектен найза бойындай көтерілгендегі уақыт. Бұл шамамен күн шыққаннан кейін 50-55 минут өткеннен кейін басталып, бесін намазының кіруіне дейін жалғасады. Айт намазы – екі рәкат. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Имам мысалға, «Екі рәкат Рамазан айт намазына ниет еттім» деп ниет етеді. Жамағат «Екі рәкат айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға» деп ниет етеді. «Аллаһу әкбар» деп, ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі алынады. Қолдарын байлап, имам мен жамағат бірге құпия «Субханака Аллаһумма» дұғасын оқиды. Одан кейін имам – жария, жамағат – құпия «Аллаһу әкбар» деп, үш рет тәкбір алады. Әрбір тәкбірді айтқанда қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Әрбір тәкбірдің арасында үш тәсбих айтылатындай сәт тұрады. Үшінші тәкбірден кейін қолдар байланып, имам «Ә'узу» мен «Бисмилланы» құпия, кейін «Фатиха» мен қосымша сүрені жария оқиды. Осыдан кейін жария «Аллаһу әкбар» деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жамағат та құпия тәкбір алып, имамға ұйиды. Содан кейін екінші рәкатқа бастайды. Имам құпия – Бисмилла, жария – «Фатиха», содан кейін қосымша сүре оқиды. Міне, осыдан кейін осы жерде алғашқы рәкаттағыдай үш рет тәкбір алады. Бұдан кейін имам – жария, жамағат – құпия «Аллаһу әкбар» деп, рүкүғ пен сәждеге барады. Одан кейін отырып, «әт-тахият», «салауат», «рәббәнә» дұғасы оқылып, екі жаққа сәлем беріледі. Яғни, бұл айт намаздарының әрбір рәкаттарында үш қосымша тәкбір бар. Бұл тәкбірлер – уәжіп. Имам айт намаздарының артынан мінберге шығып, тіке тұрып, жұмадағыдай екі хұтпа оқиды. Айт хұтпаларында тәкбірмен басталып, жамағат та осы тәкбірге жайлап қосылады. Жұма намазындағы сүннеттер мұнда да сүннет. Мәкрүһ болған нәрселер, бұл жерде де – мәкрүһ. Айт хұтпасының намаздан бұрын оқылуы – мәкрүһ. Имам бірінші рәкатта айт тәкбірлерін ұмытып, «Фатиханы» оқып жатқанда есіне түссе, дереу тәкбірлерді алып, «Фатиханы» қайта оқиды. Бірақ «Фатиха» мен Құранды оқығаннан кейін есіне түссе, тек қана тәкбірлерді алады. Қайта оқудың қажет емес. Айт намазының тәкбірлеріне кешігіп қалған жағдайда... Айт намазының алғашқы рәкатына қосымша тәкбірлер айтылған соң үлгеріп имамға ұйыған адам ифтитах тәкбірді алғаннан кейін, «Субханаканы» оқымай дереу қосымша тәкбірлерді алады. Егер имам рүкүғте тұрған кезде үлгерсе, дереу түрегеп тұрған күйі тәкбір алып, рүкүғке барады. Рүкүғтегі тасбихтердің орнына қосымша тәкбірлерді қолдарын көтермей сол жерде айтады. Егер үлгере алмаса, ештеңе керек емес. Егер имамға екінші рәкатта үлгерсе, имам сәлем бергеннен кейін, оқи алмаған рәкатты қаза ету үшін қиямға барғанда қосымша тәкбірлерді «Фатиха» және қосымша сүреден кейін құпия алады. Айт намазына үлгере алмаған адам жеке өзі айт намазын оқи алмайды. Қаласа төрт рәкат намаз оқиды. Бұл да сәске намазының орнына жатады. Құрбан намазын кешіктірмей, ал, Рамазан айт намазын аздап кешіктіру – сүннет. Рамазан айтта айт намазынан бұрын құрма секілді бір нәрсе жеу, Құрбан айтында болса, айт намазы оқылмай тұрып ештеңе жемеу – мұстахап. Бурәйда (р.а.) былай дейді; «Алла Елшісі (с.а.у.) Рамазан айтында дәм татпай үйден шықпайтын. Ал құрбан айтында намаз оқығанға дейін еш нәрсе жемейтін». Намаздан кейін имам мінберге шығып құтпа оқиды. Бірақ хұтпа айт намаздарында намаздан кейін оқылады. Бұлай оқылуы – сүннет. Хұтбада Аллаға шүкіршілік пен мақтаулар, пітір садақасы жайлы айтылғаннан кейін, «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтады. Жамағат бұл сөздерді имаммен бірге бәсең дауыспен қайталайды. Имам ораза айт хұтбасын жұма хұтбасы секілді екіге бөліп, арасында аз кідіріспен айтады. Ораза айтта мешітке бара жатып іштей тәкбір айтылады. Мешітке келгенде, намазға тұратын уақытқа дейін жамағатпен тәкбір айтылады. Қандай да бір үзір (айттың бірінші күні болғандығына күмәнді күн, табиғи апаттар т.с.с.) себебімен айт намазын, айттың бірінші күні оқылмаса, екінші күні оқиды. Алайда үзірсіз екінші күнге кешіктірсе, екінші күні оқылған айт намазы жарамсыз болады.
Көксу ауданы «Балпық би» мешітінің
бас имамы Е. Ерімбет