https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Құран айы

09 May 2019 0 comment Оқылды: 1047 рет

Адамзаттың бақыты үшін Жаратқан Алла Тағала өз мейірімімен көктен түсірген Құран Кәрім хикмет пен нұрға толы тылсым күш еді. Адамзат тарихының айырылмас бір бөлшегі саналатын Құранға пенде атаулының бақыты тікелей байланысты.
Осынау қасиетті кітаптың адамзатқа түсірілу кезеңнің өзі хикметке толы екендігін білдіреді. Жаратушы Раббымыз осынау сырға толы, тура жолға бастаушы Құран түскен ай жайында «Бақара» сүресінің 185 аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» – деп анық баяндайды. Рамазандай құрметті айды Жаратқанның ерекшелеу себебін адамзатты нұрлы жолға бастаушы Құран Кәрімнің түсуімен деп білсек, Жаратқан Алла Тағаланың кітабымен байланысымызды жақсартайық.
Мейірімділердің ең мейірімдісі Жаратушы Алла тағы сол «Бақара» сүресінің 81-ші аятында: «Құраннан, мүміндерге, шипа және рахмет түсіреміз. Ол, залымдардың зиянын тым арттыра түседі» – деп қатаң ескертеді. Ондағы шипа сөзіне түсіндірме жасаған ғалымдар: «Адамзат баласы жасаған қателіктері себепті жүректерге толатын көреалмаушылық, тәкаппарлық, менмендік сияқты адамды құрдымға жетелейтін дерттердің емі Құран Кәрім екенін Жаратушымыз ашық айтып отыр. Мұнда кәпір емес залым деп тікелей атаудың өзі Жаратқан Алла Тағаланың бұйрығына немқұрайлылық танытқан пенденің бәрі залым екендігін және өз-өзіне зиян қылушы әрбір кісі Құраннан алыстау арқылы зардапқа ұшырайтынын ескерткен» – деп тәпсірлейді. Әбу Үмәма (р.а): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құран оқыңдар, өйткені Құран қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болады», – деп айтқанын естідім», – деген. Олай болса бізге Алланың берекетін әкелетін, шапағатшы кітап Құранмен үнемі байланыста болуымыз керектігін ұғынған жөн. Алайда кейде апталап, айлап Құран бетін ашпай кететініміз жасырын емес. Ең өкініштісі бәзбіреулер: «Кейін оқып алам!» –деген сылтаумен жүріп, Құранның бір қарпінде танымай өтіп жатады.
Жалпы Иманның шартының бірі – Жаратқан Алла Тағала түсірген кітаптарға иман болса, Құран солардың ең соңғысы әрі Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) мұғжизасы саналады. Ал, Рамазан айы Құран айы болғандықтан бұл айда Құранды көп оқуды әдетке айналдыруымыз керек. Шындығында Құранның үкімдері мен көрсеткен жолымен жүрушілерді Алла Тағаланың тақуалар деп атауы әрбір мұсылманға қуаныш сыйлауы тиіс. «Бақара» сүресінің 2-ші аятында Раббымыз: «Міне осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші» – деп ерекшелеу арқылы тура жолдан ауытқымауға ұмтылған жандарды сүйіншілеген. Ендеше Құранды көп оқу арқылы тақуалардың қатарына қосылуға асығайық. Расында Құран айында Жаратқанның кітабымен амал етіп, оны Жаратушы Жаббар Иеміздің бұйрығы ретінде махаббатпен қайталап оқу бір жыл бойы күнәдан қарайған жүректерді нұрландырады. Бұны біз Алла елшісінің өнегелі өмірінен байқаймыз. Ибн Аббас (р.а): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдардың арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (а.с) періштемен жиі жолыққан сайын одан өткен мәрт адам табылмайтын. Жәбірейіл (а.с) періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейіл (а.с) періштемен жолыққан кезінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді», – деген.
Ақиқатын айтар болсақ Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәссәлләм) жақсы көрген және ұдайы орындаған Құран оқуды арттыру арқылы Рамазанның берекетіне иеленеміз. Омар ибн ал-Хаттаб (р.а): «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Расында, Алла Тағала осы кітаппен кейбір қауымдардың (екі дүниеде де) мерейін өсіріп, енді бір қауымның дәрежесін түсіріп, жер қылады», – деп айтты» – деген (Муслим, «Салатүл-мусафирин» 269). Ендеше, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге сүйіншілегендей Құран айы болған Рамазанда Құран Кәрімге деген байланысымызды бекіту арқылы Жаратушы Иеміз қазақ елінің мәртебесін көтерсін десеңіз, ең алдымен отбасыңызда өзіңіз бас болып Құран оқуды әдетке айналдырыңыз!

Мұхаммед Ордыбай

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз