Рамазан – рухани байлық пен сауапқа толы мүмкіндіктер айы. Біз осы қасиетті айдағы мүмкіндіктерді мейлінше сауапты амалдарға арнауға тырысуымыз қажет. Хадистерде Рамазан айында жасалған әрбір ізгі амал еселенетінгі жайлы хабар берілген.
1.Құран оқу
Рамазан айы – Құран түсе бастаған ай. Мұсылманның бұл айда Құранды көп оқығаны абзал. Өйткені Алла Елшісі, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай деген: «Құранның қарилері Алланың Кітаптарын көшіріп жазатын періштелермен болады. Ал кімде-кім Құранды қиналып, бірақ ынтамен оқитын болса, екі есе сауап алады». Құранды арабша оқи алмаған пенделер ең болмағанда қазақша аудармасынан бір рет оқып шығуы сауапты іс болмақ. Егер арабша білмесеңіз, онда Құранның аудармалары мен тәпсірін оқыңыз. Күнделікті тіпті екі аяттан оқып бастаңыз — сіздің иманыңыз көтерілген сайын, одан да көп аяттарды оқи алатын боласыз.
2. Ата-анаға жақсылық жасау.
Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ. (Лұқман сүресі, 14-аят)
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Барлық күнәлардың жазасы Алла тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін, тек ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді».
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Егер кім өмірінің ұзарғанын, ризығының кеңейгенін қаласа, ата-анасына жақсылық қылсын, туыстық қатынастарды сақтасын» деген.
3. Оразаның мән-маңызына үңілу.
Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ):
«Кімде-кім жаман сөзден және жаман істен өзін тыймаса, оның тамақ пен сусыннан тыйылғанының Алла Тағала үшін ешбір қажеті жоқ», - деген. Олай болса, хадис оразаның әсіл мақсаты асқазан және тән қалауынан тиылу арқылы белгілі бір рухани деңгейге жетуді мұрат ету керектігін меңзеуде.
Осыған байланысты имам Ғазали: «Білгенің жөн, оразаның үш деңгейі бар. Көпшіліктің оразасы (умум), ерекше ораза (хусус) және арнайы ораза (хусус әл-хусус).
Көпшіліктің оразасы – асқазан мен құмарлықтан тыйылу.
Ерекше ораза – құлақ, көз, тіл, қол, аяқ және басқа да дене мүшелерін күнә атаулыдан тыю.
Ал, арнайы ораза – жүректің оразасы, яғни жаман ой мен пікірден тұтастай тыйылып, толығымен Аллаға берілу», - деген екен.
Демек, оразаның сауабы, басқаша айтқанда деңгейі адамның Рамазанды қалай өткізгендігіне байланысты.
4.Туыстық қарым-қатынасты күшейту
Әбу Һурайра (р.а.): «Мен Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ризық-несібесі кең және өмірі ұзақ болуын қаласа, туыстық қарым-қатынасын жасасын», – деген сөзін естідім», – дейді.
Ал, туысқанмен ара-қатынасты үзу – күнә. Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», («Ниса» сүресі, 1-аят) - деп бұйырады.
Туыстардың үйіне бару, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, ауырғанының көңілін сұрау, тойына қатысу, арнайы іздеп бару, қуанышын бөлісіп, қайғы-мұңына ортақтасу, басына іс түскеннің қасынан табылу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу – бұлардың бәрі де осы туыстық қатынастың аясына кіреді. Сондай-ақ көңілі жүдегенді жұбату, қиналған туысқа қол ұшын беру немесе орайы келгенде сый-сыяпат жасау да туыстықты нығайтудың жолдарына жатады.
5. Күлімсіреу
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед, (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Күлімсіреу де садақа». Нейрологиялық тұрғыдан алғанда жымию мен күлімсіреу ми қантамырларының жұмысын жақсартып, денсаулықты да нығайтады. Яғни, мұсылман бауырыңды жылы шырай танытып қарсы алуы сауапты іс және өзіміз бен айналамыздағы адамдарға пайдасы бар.
6. Науқастың қалін білу.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір науқастың көңілін сұрап барса, қайтқанға дейін жәннат бақшасының арасында болады» деген.
Және бір хадисте: «Кімде-кім науқастың не бауырының қалін білсе, оған періштелер была дейді: «Сен бақыт нұрына бөленесің, сенің жолың да нұрға бөленеді, Жұмақта лайықты орынға ие боласың» (Тирмизи).
7. Өзгелерге кешірімді бол.
Бұл өте қиын болуы мүмкін, бірақ осы амалға берілетін сауап орасан зор. Біз Алла Тағаланың кешірімін алуға ұмтылып жүрген жоқпыз ба? Хадисте былай деп келтірілген: «Кімде-кім адамдарға мейірімін көрсетпесе, оған Алла да Өз мейірімін төкпейді» (Мүслім).
8. Намазды мешітте оқу.
Пайғамбарымыз Мұхаммед, (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жамағатпен оқылатын намаздың артықшылығы туралы: «Жамағатпен оқылған намаз жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық» – деп айтқан (Бухари).
9. Ауызашар беру
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ораза тұтушыға ауызашар берсе, онікіндей сауап алады. Бірақ, ораза тұтушының сауабынан ешнәрсе азаймайды», – деген.
10. Рамазан ұмрасы.
Хадисте: «Рамазандағы ұмра үлкен қажылықпен тең» деген риуаят бар.
Ақсу аудандық мешіті.