Он екі айдың сұлтаны Рамазан айында ораза тұту — мұсылманның бес парызының бiрi. Қасиетті Құранның Бақара сүресінің 183 аятында: «Ей, иман келтiргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етiлгендей, ораза парыз етiлдi» Мұсылмандарға ораза Пайғамбарымыз (с.а.у) Мәдинаға көшкеннен кейін, бiр жарым жылдан кейiн Шағбан айының оныншы күнi парыз болды. Оразаның сөздiк мағынасы — бiр нәрседен алыстау. Шариғат тiлiмен түсiндiрсек, ораза ұстауға ниет етiп, таңның атуына күннiң батуына дейiн оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болып, нәпсiнi тыюы. Рамазан айында адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәпсінің құлы болып кетуден өзін сақтайды. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Ал, ораза ұстаған адамның денесі, әрі рухы тынығады.
Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәпсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәпсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Рамазан — Құран, сабыр және ораза айы. Рамазан айы мұсылманның сабыры сыналатын кез. Адам баласы Аллаһ Тағаланың тыйымдары мен парыздарын сабыр сақтау арқылы жүзеге асыра алады. Өйткенi, сабыр — иманның жартысы. Құранда: "Аллаһ сабыр еткендермен бiрге", — делiнсе, Пайғамбарымыз: "Рамазан — сабыр айы. Сабырдың сауабы — жұмақта", Ораза адам ағзасын аштық пен шөлге шыдамдылығы сыналады. Сабыр мен төзiмдiлiк өмiрдiң ұзаруына септiгiн тигiзедi. Сабырлы адам алдына биік мақсат қойып, көздеген мақсатына жете алады. Құранда жетпіске жуық аятта сабыр туралы айтылған. Рамазан – сабырлық пен төзімділік айы.
Алланың мейірімі төгілетін, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілетін берекелі хайырлы айда жасаған ізгі амалдарымызды Алла қабыл етсін.
Еңселі еліміздің болашағы жарқын, Тәуелсіздігіміз баянды болғай Әмин.
Текелі қаласы «Керімбек би»
мешітінің бас имамы Аман Айтбосынұлы