Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Бәрімізге белгілі болғандай, Құран аяттары бір сәтте түспей, әртүрлі себептерге байланысты бөлшектеніп түсірілген, сондықтан Құранның кей аяттары өзінен кейін түскен аяттардың заңдық күшін жойып тұратын болған.
Бірақ-та, соңғы кездері бауырларымыздың арасында талас тудырып жүрген мәселенің бірі – дәл осы кейбір күші жойылған аяттарға амал ету болып табылады.
Яғни, Құран Кәрімнен оқып алған, не болмаса әлдекімнен естуі бойынша өз бетімен әрекет етіп жүрген кісілер өз істерін «Құранда бар, хадисте айтылған» деп, ақтап әлек болып жүр. Оларға бұл аят, хадистің күші жойылғандығын айтсаң, түсінбейді.
Мысалға, Құран Кәрімде: «...сендер мас болып, не айтқандарыңды білгенге шейін намазға жақындамаңдар...» деген «Ниса» сүресінің 43-ші аятын көлденең тартып, «Арақ ішуге болады, тек намазға мас күйіңде тұрмасаң болды» дейтіндер де табылады. Бұл аяттың үкімі, «Маида» сүресінің 90-91-ші аяттары келумен мансұқ етілген (жойылған). Бұл аятта «Ей мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар құтыласыңдар. Негізінен шайтан, арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Аллаһты еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал, сонда да тиылмайсыңдар ма?»,- делінген. Осы аяттың түсуімен арақ ішуге үзілді-кесілді тиым салынды.
Алайда, жаңағы топтағы адамдар өз қателіктерін мойындағаннан көрі, «Ендеше неге Құранда жазулы тұр?» деп таласқанды жөн көреді.
Шариғатта «харамзаттың азы да, көбі де харам»,- деген қағида бар. Ал, Аллаһ Тағаланың харам еткен нәрселерін халал деген шариғат бойынша діннен шығады.
Аллаһ Құранда айтады:
«Біз аяттың үкімін жойсақ немесе ұмыттырсақ одан жақсысын немесе сонымен бірдейін алып келеміз. Сен Аллаһтың кез-келген нәрсеге құдыреті жететінін білмедің бе?» (әл-Бақара сүресі, 106-107).
Қазіргі кезде қоғамда белең алып тұрған, біздің халқымыздың салт-дәстүріне жат, шариғатта жоқ нәрсе – ол «уақытша неке» мәселесі. Некенің бұл түрін қолдаушылардың айтары: «Арабтарда бар, қолданыстағы нәрсе».
Ислам ғалымдарының бірауыздан келіскен мәселесі, бұл неке тиым салынған, сүнниттер бұл некені харам деп таниды.
Сөзіміздің дәлелі ретінде ибн Аббас имам Термизидің «Суннан» хадистер жинағында былай дейді: «Уақытша неке деген Исламнан бұрын болды. Жат жерге келген адам (жолаушы, жауынгер және т.б.) ол жер туралы еш нәрсе білмегендіктен, еліне оралған уақытқа дейін бір әйелмен уақытша некеге тұрады. Ол әйел әлгі адамның заттарын қарайлап, оның жағдайын жасайтын. Бірақ, «Олар өзінің әурет мүшесін жұбайлары мен қоластындағы күңдерінен басқа адамдардан сақтаушылар», - деген аят келген сәтте бұл үрдіс сап тыйылды» дегенін келтірсек те жеткілікті.
Сөз соңында айтарымыз: «Шын мәнінде сондай аяттарымызда бұрмалаушылық жасағандар, Бізге жасырын емес. Ендеше отқа тасталған біреу жақсы ма? Немесе қиямет күні аман-есен келген біреу жақсы ма? Қалағандарыңды істеңдер. Сөзсіз Алла, не істегендеріңді толық көруші» (Фуссилат 40) деген аятты естен шығармайтын, не істесе де Раббымыз сызып берген шектен шықпайтын, Жаратушымыз уәде еткен жаннаттан үмітті тақуалардан болуды нәсіп етсін!
Талдықорған қаласы
Еркін мешіті