Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар. Не үшін олай дейді? Себебі, Құдыреті күшті Жаратушымыз Адам атаны топырақтан жаратып, оған жан бітірген соң періштелерін жинап, оған сәжде етуді бұйырғанда, барлық періштелер еш қарсылықсыз Алланың бұйрығына бойұсынды. Тек қана Ібіліс алейһилағна Оған қарсы шығып, өзінің дәрежесі Адамнан жоғары екенін айтып, тәкаппарлық танытты. Сол себептен ол Алланың лағнетіне ұшырап, рақметінен мақұрым қалды.
Бұл туралы қасиетті Құранда:
«Міне, кезінде Раббың періштелерге: «Мен лайдан адам жаратамын. Оны /рет-ретімен/ теңестіріп Өзімдегі /иелігіміздегі/ рухты оның ішіне үрлеген кезде, оған сәжде етіп жығылыңдар», – деді. Ал, Ібіліс өзін жоғары санап, менменсіп, сәжде етуден бас тартты. Сөйтіп, кәпірлерден болды. Ол /Алла Тағала/: «Ей, Ібіліс! Қолыммен жаратқаныма сәжде етуіңнен сені не тосты? Сен өзіңді жоғары санадың ба, әлде биік мәртібелілерден болдың ба?» - деді. /Ібіліс/: «Мен одан абзалмын. Сен мені оттан жараттың, ал оны лайдан жараттың»,- деді. Ол /Алла/: «Ол жақтан шық, сөзсіз сен қуылғансың. Әрі Менің лағнетім саған Қайтарым /Қиямет/ күніне дейін болады» деді. /Ібіліс/: «Раббым! Маған олар қайта тірілтілетін күнге дейін уақыт бер» - деді» (Сад сүресі, 71-79).
Сөйтіп, Алла Тағаладан Қиямет күніне дейін рұқсат алған соң, Ібіліс Адам атаның ұрпақтарын адастыратындығын айтып, ант берді. Сонда Алла Тағала оған былай деді: «Бұл – ақиқат! Мен ақиқатты ғана айтамын. Міндетті түрде Жаһаннамды сенімен әрі олардың ішінен саған ергендердің барлығымен толтырамын» (Сад сүресі, 84-85).
Ұлы Алла – уәдесінде тұрушы. Қиямет күні Ібіліс пен оның артынан ерушілерді өзінің азабымен азаптайтынын уәде етті және еш күмәнсіз солай болады.
Қасиетті Құранда, бұл дүниеде тәкаппарланып Жаратушыға қарсы шыққан, ахиретті жоққа шығарған әрі Аллаға ортақ қосқандардың Қияметте ешбір жәрдемсіз қор болған күйі тозаққа тасталатыны жайлы баяндалады. Бірақ, адамзат баласы жер бетінде күнә істегенімен, кейін иманға келіп, тәубе етсе, Алла Өз мейірімімен кешіретінін айтып уәде еткен.
Имам Табаридің тәпсірінде Ибн Аббастан (р.а.) мына бір риуаят келтіріледі: «Бір күні бір топ Меккелік мүшірік Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдына келіп: «Уа, Мұхаммед! Біз Аллаға серік қоссақ, бейкүнә жандарды өлтірсек, қалай мұсылман боламыз?» деген болатын. Сонда Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.у.) Зүмәр сүресінің 53-аятын нәзіл етті».
Қасиетті Құранда: «/Ей, Мұхаммед!/ Айт /Оларға Алланың сөзін/: «Шектен шығып, өздеріне-өздері зиян келтірген, ей, Менің құлдарым! Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер. Ақиқатында Алла күнәлардың барлығын кешіреді» (Зүмәр сүресі, 53-аят).
Жан алқымға келмей тұрып тәубе келтіргендердің еш күмәнсіз құтылушылардан болары хақ. Өйткені, Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді:
«Әрі сендерге азап азап келуден бұрын өздеріңнің Раббыңа қайтыңдар және Оған бағыныңдар. Одан кейін сендерге көмек берілмейді. Әрі сендерге азап кенеттен және оны өздерің сезбеген хәлде келуден бұрын, өздеріңнің Раббыңнан түсірілген ең жақсыға /Құранға/ еріңдер. «Аллаға қатысты қаперсіз болып, жеңіл қарағаным, мен үшін қандай өкініш! Мен – мазақ етушілердің бірі болдым!» деп, жанның айтпауы үшін; немесе: «Егер де Алла мені тура жолға салғанда, онда /мен де/ тақуалардан /Раббысына бойсұнып, жазасынан қорқып, сақтанғандардан/ болар едім», – демеуі үшін; не болмаса, ол азапты көрген кезде: «Егер менде артқа қайту /мүмкіндігі/ болғанда, жақсылық істеушілерден болар едім», – деп айтпауы үшін» (Зүмәр сүресі, 54-58-аяттар).
Алла Тағала аса Кешірімді әрі өте Мейірімді. Оның рақымына жетудің ең сенімді жолы – Одан кешірім сұрап, тәубаға келу, Оған риясыз көңілмен бойсұнып, құлшылық жасау. Олай болса, қадірлі бауырлар, Оның шексіз рақметінен шет қалмай тұрғанда тәубеге келіп, Алланың рақымынан күдер үзгендер санатынан болудан сақтанайық.
Алла Тағала қашан да біздерді Өзінің тура жолға бастаған құлдарының қатарында болуымызды нәсіп етсін! Әумин!
Әнет МОЛДАХМЕТОВ,
Алакөл ауданының бас имамы